Ведомствоаралық комиссия санитарлық режимді күшейту мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, халықаралық әуе қатынастырын кезең-кезеңмен ашу және басқа да өзекті мәселелер қаралды.

ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Л. Бюрабекова өз баяндамасында халық арасында санитарлық тәртіптің сақталмауының кесірінен елімізде коронавируспен ауырғандар саны көбейіп келе жатқаны байқалатынын атап өтті. 

«Ауру адаммен байланыста болғандардың арасында вирусты жұқтырғандар саны артты, оның ішінде бір отбасы мүшелері арасында сырқаттану жағдайы көп тіркелуде. Өткен екі аптада коронавирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы ұжымдарға қатысты болып отыр», — деді.

Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары адамдардың ауыру саны артып отырған өңірлердің әкімдіктеріне карантин шараларын күшейту мәселелерін қарастыруды тапсырды.

Өңір әкімдіктері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді, талаптарды орындамаған объектілердің қызметін анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше уақытша тоқтату бойынша нақты шаралар қабылдауды қолға алуы қажет. 
Мемлекеттік орган басшыларына ұжымның 80%-ын қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу