Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ҒЖБМ жоғары білімге инвестициялар тарту үшін «Нысаналы капитал қорлары туралы» заң жобасын әзірлейді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру бойынша кешенді шаралар қаралды. Тақырып бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

Ғылым мен жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Министрлік мыналарды ұсынады.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, ел экономикасының тұрақты дамуының маңызды факторы су экожүйесі болып табылады. Қазіргі күні аталған салада мамандар тапшы. Осыған байланысты М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрылымында кадрлар даярлаудың базалық орталығын және ғылыми зертхана құру жоспарлануда», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз баяндамасында. 

Сондай-ақ министр жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жүйесін әдістемелік сүйемелдеу  жұмысы жетілдіріліп жатқанын атап өтті. 

ҒЖБМ оқушылармен кәсіптік бағдарлау жұмыстарынан бастап бағдарламаларды жаңартуды қоса алғанда, түлектердің біліктілігін растауға дейінгі кезеңдерді қамтитын даярлаудың педагогикалық бағыттары үшін стандарт қабылдауды жоспарлап отыр.

«Педагог» кәсіби стандартын өзектендіру бойынша жұмыс тобы құрылды. Біз Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп кәсіби стандарт негізінде мұғалімдерді сертификаттау моделін (ТКТ)  пысықтауды жоспарлап отырмыз. "Болашақ" бағдарламасы және "500 ғалым" жобасы арқылы ғалымдардың әлеуетін күшейту жолымен педагогика ғылымы дамытылатын болады», — деді Саясат Нұрбек.

Білім беру гранттары бойынша

Сараланған грантты енгізу бойынша тәсілдер пысықталуда. Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, нақтыланған тәсіл жақын арада ұсынылатын болады. Президенттің бұл тапсырмасы демографиялық трендтер мен оқу құнының өсуі тұрғысынан өте өзекті болып табылады. 

«Статистика 2030 жылға қарай мектеп түлектерінің 2 еседен астам, 140-тан 300 мың адамға дейін өсетінін көрсетеді. Сондықтан эскроу-шот арқылы ваучерлік жүйеге көшу, сараланған гранттарды 30%-дан 100%-ға дейін беру ұсынылады», — деді Саясат Нұрбек.

Студенттік несие бөлу мәселесін қарастыра отырып, студенттерге жылдық 2-3%-бен білім беру кредитін алу мүмкіндіктері қарастырылады. Бұл схема студенттік заем алудағы кедергілерді жоюға жол береді.

Ведомство басшысының айтуынша, аталған шаралардың барлығы жоғары білім беру сапасын арттыруға және студенттерге білім алу үшін жайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Білім алуға қаражат жинақтау құралы ретінде  Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, балалар мен студенттердің жасына қарай мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін пайдалану мәселесі пысықталып  жатыр.

Маңызды мәселелердің бірі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету болып табылады.

«2018-2021 жылдар аралығында барлығы 30 мыңнан астам орынға есептелген 124 жатақхана пайдалануға берілді. Енгізуге жоспарланған төсек-орындардың 63%-ы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен іске асырылуда», — деді Саясат Нұрбек.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тарта отырып, жатақханалар құрылысының тартымдылығы мен тиімділігін арттыру үшін мыналар ұсынылады:

1.  Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде жеке инвесторларға амортизациялық төлемдерді 8 жылдан 6 жылға дейін қысқарту және төлемдер көлемін 20%-ға ұлғайту арқылы норматив мөлшерін қайта қарау.

2. Амортизациялық төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін және жатақхананың нысаналы мақсатының өзгермейтіндігіне ауыртпалық салу мерзімі аяқталғанға дейін операциялық шығындардың бір бөлігін өтеу.

Бұл республикалық бюджеттің нысаналы құрылысқа арналған шығыстарын оңтайландыруға және шағын орта бизнес инвестицияларын жандандыруға мүмкіндік береді. Осындай шара жекеменшік мектептер салу тетігінің нәтижелілігін көрсетті.

Жатақханалармен қамтамасыз етілген жағдайда мемлекеттік грант алу үшін жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар нормативтік тұрғыдан бекітілетін болады.

«ЖОО жанындағы эндаумент-қорларды дамытуға қатысты. Қазақстанда эндаумент-қорлардың (ҚазГЗУ, РФММ) оң тәжірибесі бар. Біз Қазақстан халқына қорымен бірлескен  іс-шаралар жоспарын әзірлеуге кірістік. Ол эндаумент қорларын институционалдық инвесторларды тартуда, қызметкерлерді оқытуда және басқаруда қолдауды, сондай-ақ салықтық ынталандыруды көздейд», — деді ҒЖБМ басшысы.

Сонымен қатар министрлік АҚШ, Сингапур, Ресей және университеттік ғылым мен инновацияны тұрақты қаржыландыратын басқа елдердің тәжірибесі бойынша «Нысаналы капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу