ҚР АШМ АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаның алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді бастады — С. Омаров

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26.01.2021 ж. ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында АӨК-ті одан әрі дамыту саласында берген тапсырмаларын іске асыру мәселесі қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік АӨК дамыту жөніндегі ұлттық жобаның алдағы бес жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, Ұлттық жобаның негізгі қағидаттары – бизнес үшін қарсы міндеттемелер енгізе отырып, мемлекеттік қолдау шараларын бірізді және тұрақты ету.

Бүгінгі таңда агробизнестің, ғылымның, басқа да мүдделі тараптардың өкілдерімен Ұлттық жобаның тұжырымдамасы белсенді талқылануда.

«Ақпан айының бірінші онкүндігінде Тұжырымдама жобасын Атамекен алаңында бизнеске таныстыруды, одан әрі барлық мүдделі мемлекеттік тараптар мақұлдағаннан кейін Мемлекеттік жобалау жүйесінің талаптарына сәйкес Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдар, облыстар әкімдіктері мен агробизнес өкілдерінің қатысуымен Үкіметте қарауды жоспарлап отырмыз», — деді С. Омаров.

Сондай-ақ министр Ұлттық жобаны іске асырудағы негізгі үлес өңірлерге тиесілі болғандықтан, бұл құжатты дайындауға, оның ішінде шараларды әзірлеп, индикативтерді қоюға облыстар әкімдіктері белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті.

Тұжырымдаманы талқылау қорытындылары бойынша Ұлттық жоба әзірленеді, оны қабылдау мерзімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылғы шілде айына белгіленді.

Бұл ретте маусым айынан кешіктірмей, Ұлттық жобаны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте қарастыру көзделіп отыр.

 

Пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқаптарды қайтару жөнінде

2019 жылдың соңында ғарыштық мониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылды, 2020 жылдың басында пилоттық жоба 4 облыста (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) іске қосылды.

Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар алаңдағы ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 7,6 млн гектар жайылым, шамамен 700 мың гектар басқа санаттағы жерлер анықталды.

«Көрсетілген облыстардың әкімдіктері пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қоюды тездетуі және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын қамтамасыз етуі қажет», — деді С. Омаров.

Биылғы қаңтардан бастап республиканың барлық аумағында ғарыштық мониторинг қолданылады.

Сондай-ақ, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері негізінде оларды сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жеткізгіштен SMS-хабарлама арқылы электрондық жеткізгішпен тапсыруға көшіру жөніндегі заң жобасы әзірленді, оны қазіргі уақытта Үкімет пысықтауда.

«Осылайша, қолда жерлерді алып қою тетіктері бар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде оларды барынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деді С. Омаров.

Биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға және қазақстандықтарға жеке меншікке беруге 2016 жылы енгізілген мораторий мерзімі аяқталады.

Мемлекет басшысы Жер комиссиясын құрып, қарашаға дейін Жер кодексіне түзетулер қабылдауды тапсырды.

«Жер мәселелері жөніндегі арнайы комиссияны құру жұмысы басталып кетті, оған барлық мүдделі тараптар, оның ішінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары, агробизнестің, одақтар мен қауымдастықтардың, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыстар әкімдіктерінің өкілдері және басқалар кіреді», — деді С. Омаров. 

Жер комиссиясының жұмысы және ұсынылған пікірлерді талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдемелер әзірленіп, олар жаңа заң жобасының негізін құрайтын болады.

Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарында көзделді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу