Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы мәселелері талқыланды

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен 2013 жылдың 11 қазанында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау барысы мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр «жұмыстың төмен қарқынын және министрлер, әкімдер, жалпы Үкімет тарапынан Президент тапсырмаларын орындауға жіті көңіл бөлінбейтінін» атап өтіп, «Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел және тиімді орындау» қажеттігін басып айтты. 

Тапсырмаларды орындау жоспары туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады. 

Министр хабарлағандай, «Үкімет бекіткен Іс-шаралар жоспары 70 іс-шарадан тұрады. 2013 жылдың аяғына дейін 46 іс-шараны, ал 2014 жылы – 22 іс-шараны іске асыру көзделген».

Іс-шаралар жоспары төрт нормативтік-құқықтық акті жобасын әзірлеуді көздейді. Құжаттар бюджеттік заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік органдарда сатып алуларды жүргізу, Бюджетті атқару ережелері мәселелеріне қатысты.

Е.Досаев айтқандай, алты іс-шара бойынша Мемлекет басшысына баяндамалар енгізілетін болады. Бұл 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИДМБ жүзеге асыру, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларды орындау, 2013-2015 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың Кешенді жоспарының орындалуы, салық базасын өсіруге мүдделілікті қамтамасыз ету, алкоголь өнімдері айналымына бақылауды күшейту, ауыл шаруашылық өнімдерді қайта өңдеу мәселелеріне қатысты.

Министр, сондай-ақ, мемлекеттік органдарға, нақты айтқанда экономика және бюджеттік жоспарлау, өңірлік даму, қаржы, индустрия және жаңа технологиялар министрліктеріне Жоспардың 42 іс-шарасы тапсырылатынын айтып, олардың орындалу мерзімдерін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаевтың, қаржы министрі Б.Жәмішевтің, білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтың, индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевтің, ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтың, өңірлік даму вице-министрі Қ.Өскенбаевтың баяндамалары тыңдалды.

Нақты айтқанда, мемлекеттік сатып алу, алкоголь өнімдері айналымы, бюджет қаражатын игеру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл, экономиканы индустриаландыру, ауыл шаруашылық қайта өңдеу, АЭА қызметінің тиімділігі, «Бизнестің жол картасы-2020» жүзеге асыру, ТКШ жетілдіру бағдарламасы, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптау сферасындағы жұмысты жетілдіру бойынша шаралар баяндалды.

Мемлекеттік органдардың жұмысындағы олқылықтарға байланысты Үкімет басшысы индустрия және жаңа технологиялардың бірінші вице-министрі А.Рауға, өңірлік даму вице-министрі С.Нокинге, қаржы вице-министрі А.Теңгебаевқа, денсаулық сақтау вице-министрі Б.Төкежановқа, ауыл шаруашылық вице-министрі М.Толыбаевқа, мәдениет және ақпарат вице-министрі А.Қырықбаевқа сөгіс айтты. Сондай-ақ, бірқатар комитет төрағалары және басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды.

Павлодар және Жамбыл облыстарының әкімдеріне қаржы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарларына сөгіс жариялау тапсырылды.

С.Ахметов атап өткендей, «егер жылдың соңына қарай жағдай өзгермесе, Мемлекет басшысының атына бірінші басшыларды, оның ішінде әкімдерді жазалау туралы ұсыныстар енгізуге құқылы боламын». Ол сондай-ақ «Мемлекет басшысының тапсырмаларын және барлық бағдарламалық құжаттарды сапалы және уақытылы орындау қажеттіне барлық мемлекеттік органдар, холдингтер бірінші басшыларының және өңір әкімдерінің» назарын аударды.

«Атқарушы билік – бұл, ең алдымен, Президент саясатын жүзеге асыру құралы. Бұл туралы барлығы, жекелеп алғанда Үкімет мүшесі, әкім есте сақтауы тиіс», - деп атап өтті Премьер-Министр.

С.Ахметов айтып өткендей, «Үкіметтің барлық әрекеттері ашық және БАҚ арқылы халыққа жеткізілуі тиіс. Бұл жұмыс жүйелі, тұрақты және барынша ашық болуы керек». Осыған байланысты ол мәдениет және ақпарат министрлігін «барынша белсенді болуға, қызметтің ақпараттық бағытын күшейтуге» шақырды.

Қортындылай келе, Үкімет басшысы «барлық министрлер және өңір әкімдері сондай-ақ өздерің қолданатын шаралардың тиімділігін және нәтижелілігін анықтаумен өз жұмыстарын талдаулары тиістігін» атап өтті. «Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуын енді біз апта сайын тыңдайтын боламыз», - деп түйіндеді С.Ахметов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу