Ұлттық банк қаржылық қызметтерді алу үшін қашықтан биометриялық сәйкестендіру сервисін іске қосты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Банк саласының жағдайы туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндады.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, әлемдік қаржы және тауар нарықтары коронавирусты жұқтырудың қайталануы және әлемде жаңа шектеу шараларын енгізу аясында жеткілікті түрде құбылмалы болып қалуда.

Жаһандық қор индекстерінің серпіні екі фактормен айқындалады: әлемде коронавирустың таралуы және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары бойынша белгісіздікті тудыратын АҚШ-тағы сайлау, сонымен бірге АҚШ пен ЕО-дағы қосымша фискалдық ынталандыруды қабылдау.

«Биылғы қыркүйекте дамушы елдердің қор нарықтарының индексі (MSCI Emerging Markets) 1,77%-ға, дамыған елдер акцияларының индексі (MSCI World Index) 3,59%-ға төмендеді. Аталған факторлар басқа елдердегі, атап айтқанда Еуропадағы әлсіз деректермен бірге доллар құнының өсуіне және алтынның 4%-ға арзандауына алып келді», — деді Е. Досаев.

Еуроаймақта биылғы қыркүйекте іскерлік белсенділік нашарлады. Ресейде өнеркәсіптегі PMI индексі осы жылғы қыркүйекте 51,1 тармақтан 48,9 тармаққа дейін төмендеді.

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі құрылыстағы және қызмет көрсету саласындағы өсу есебінен осы жылғы қыркүйекте бір ай бұрынғы 45,4 тармақтан 47,6 тармаққа дейін көтерілді. Өнеркәсіпте индекс 47,8 тармаққа дейін 0,5 тармаққа төмендеді.

Е. Досаевтың айтуынша, жалақы алушылардың үлесі қалпына келуде, мемлекеттік жәрдемақы алушылардың үлесі төмендеуде және де респонденттердің ірі сатып алуларға дайындығы артуда. 

Соңғы 3 айда ірі сатып алулар мен шығын жасағандар үлесі биылғы кыркүйекте 17%-ға дейін өсті. Алайда, респонденттердің 46%-ы ағымдағы уақытты ірі сатып алулар жасау үшін қолайсыз деп санайды.

Биылғы қыркүйекте жылдық инфляция 7,0% деңгейінде сақталды.

«Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі осы жылғы тамызда 10,9%-дан 10,8%-ға дейін аздап баяулады. Ет және сүт өнімдері, жұмыртқа бағасының өсу қарқынының баяулауы байқалды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсуі 5,5% деңгейінде сақталды, ақылы қызметтерге бағаның жылдық өсуі ағымдағы жылғы тамызда 3,4%-дан қыркүйекте 3,6%-ға дейін электр энергиясына және білім беру қызметтеріне тарифтердің өсуі аясында жеделдетілді», — деді Ұлттық банк басшысы.

Ұлттық банктің биылғы қыркүйектегі инфляциялық күтулер бойынша үй шаруашылықтарына жүргізген пікіртерімі даму перспективаларын қысқа және ұзақ мерзімді бағалаудың барынша оң болғанын көрсетеді. Үй шаруашылықтарының ағымдағы және болашақ материалдық жағдайын бағалау биылғы шілде-тамызбен салыстырғанда жақсарды.

«Жеделдетілген инфляциялық процестер жағдайында орта мерзімді болашақта жылдық инфляцияны біртіндеп бәсеңдету үшін базалық мөлшерлеме биығы 7 қыркүйекте +/-1,5 п.т. проценттік дәлізбен 9% деңгейінде сақталды. Базалық ставканың нақты деңгейі инфляцияның өсуін тежеп қана қоймай, экономикалық белсенділіктің қалпына келуін ынталандырады», — деді Ұлттық банк төрағасы.

Инвесторлардың қауіптенуі мен доллардың нығаюы да дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне және мұнайдың арзандауына алып келеді. Мұнайдың арзандауына жаһандық экономиканың қалпына келу қарқынының баяулау тәуекелдерінің өсуіне байланысты мұнайға сұраныстың төмендеуінен қауіптену ықпал етеді.

Биылғы қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы мынадай сыртқы факторлардың айтарлықтай қысымында болды.

1. Биылғы қыркүйекте әлемнің жекелеген өңірлерінде коронавирустың қайта өршуі аясында жаһандық экономиканы қалпына келтірудің баяулау тәуекелдерінің өсуіне және соның салдарынан мұнайға сұраныстың әлсіреуіне байланысты мұнай шамамен 10%-ке (9,56%) арзандады. 

Мұнай бағасы ағымдағы жылғы тамыздан бастап ОПЕК+ мұнай өндіруді шектеу, Сауд Арабиясының мұнай бағасын төмендетуі және Ливиядағы мұнай өндіруді қалпына келтіру қысымында болды. 

Әлемдік экономиканың шектеулі қалпына келуі мұнайдың ағымдағы өндіру көлемін сақтай отырып, мұнай қорларының қайта өсуіне алып келуі мүмкін. 

2. Биылғы қыркүйекте дамушы елдердің валюталары коронавируспен ауырғандар санының өсуі аясында әлсіреді, бұл инвесторлардың тәуекелі бар активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне және АҚШ доллары бағамының нығаюына әкелді. 

Түрік лирасы бір айда 5,2%-ке, Ресей рублі – 4,9%-ке, Аргентина песосы – 2,7%-ке әлсіреді. Жалпы алғанда, қыркүйекте дамушы елдер валюталарының индексі 0,4% қана қосты. 

Дамушы елдер валюталарының жалпы динамикасы аясында қазақстандық теңге бір айда АҚШ доллары үшін 420,11 теңгеден 431,81 теңгеге дейін 2,8%-ке әлсіреді. 

«Республикалық бюджеттегі кепілдік берілген трансфертті бөлу шеңберінде Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сатуы жөніндегі ұзартылған шаралар теңгенің айтарлықтай әлсіреуін шектеді», — деді Е. Досаев.  

Биылғы қазанның басынан теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбастау бағамы біртіндеп нығаюда. 12 қазанда мұнай бағасының бірқалыпты өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 427,83 теңгеге дейін 1%-ке нығайды. 

Алдын-ала деректер бойынша ағымдағы жылғы қыркүйектің соңында Қазақстанның халықаралық резервтері өткен айда 3,1%-ке қысқарып, $91,1 млрд құрады. 

Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері қыркүйек айында негізінен алтын бағасының 4%-ке төмендеуі есебінен, сондай-ақ Ұлттық банкте орналастырылған банктердің қаражатының қысқаруы аясында $33,8 млрд дейін төмендеді. 

Ұлттық қордың активтері қорға түсетін түсімдер мен республикалық бюджетке кепілдік берілген трансферттің бөлінуі арасындағы теріс айырманың әсерінен, сондай-ақ пандемияның екінші рет қайталануынан қауіптенуге байланысты қаржы нарықтарындағы теріс түзету есебінен бір айда $1,36 млрд қысқарып, $57,33 млрд құрады. 

Қыркүйекте теріс түзетуге қарамастан инвестициялық кіріс 2020 жылдың басынан бері $1,5 млрд жуық болды.

Банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 8,7%-ке ұлғайып, ағымдағы жылғы тамыздың соңында 20,7 трлн теңге болды. 

Теңгедегі салымдар 12,4 трлн теңгеге дейін 14,2%-ке, валюталық салымдар 8,3 трлн теңгеге дейін 1,4%-ке өсті. 

Соның нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 8 ай ішінде 40,2%-ке дейін төмендеді.

Жиынтық депозиттердің өсуі көбінесе наурыздағы бағамдық қайта бағалау, сондай-ақ валюталық салымдар бойынша алынған кірістерді кейіннен теңгедегі депозиттерге біртіндеп ауыстыру есебінен қалыптасады.

Бұл ретте, халықтың инфляциялық күтулері бойынша Ұлттық банктің пікіртерімі шеңберіндегі деректер жинақтары бар респонденттер үлесінің төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Пікіртерімге қатысқандардың көпшілігі ағымдағы жылғы қыркүйекте жинақтарды қалыптастыру уақытына теріс баға берді – 42%, алайда бұл теріс бағалаулар ағымдағы жылғы тамыздағы 47%-пен салыстырғанда төмендей бастады.

«Жыл басынан бері экономикаға берілетін кредиттер ағымдағы жылғы тамыздың соңында 14,2 трлн теңгеге дейін 2,4%-ке ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер 3,1%-ке немесе 12,2 трлн теңгеге дейін 372,3 млрд теңгеге өсті. Қысқа мерзімді кредиттер 2,2%-ке немесе 2,0 трлн теңгеге дейін 44,2 млрд теңгеге азайды», — деді Е. Досаев.

Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін 1,2%-ке ұлғайды. Бизнеске берілетін теңгедегі кредиттер бойынша ставка ағымдағы жылғы тамызда 11,9%, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,6%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша ағымдағы жылғы тамыздағы 13,4%-тен 12,8%-ке дейін төмендеді. 

Халықтың кредиттері ағымдағы жылдың басынан бері 6,9 трлн теңгеге дейін 3,7%-ке ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,2 трлн теңгеге дейін 0,6%-ке төмендеді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2 трлн теңгеге дейін 14,6%-ке ұлғайды.        

Ұлттық банк басшысы атап өткендей, Қазақстан экономикасын қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда. 

1. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы 9 қазандағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 417 млрд теңгеге 450 өтінімді мақұлдап, 380,4 млрд теңге сомасына 661 қарыз берді.  

2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 9 қазанда кәсіпкерлер 563,9 млрд  теңге сомасына 2 275 өтінім берді, 419,5 млрд теңгеге 3 887 қарыз берілді, оның ішінде 65,8 млрд теңге бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді. 

Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда.

1. «7-20-25» бағдарламасы бойынша биылғы 8 қазанда 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім мақұлданды, оның ішінде 219,4 млрд теңге сомасына 18 822 қарыз берілді. 

2. «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарлама бойынша осы жылғы 8 қазанда 373,8 млрд теңге сомаға 42 736 өтінім мақұлданды, 293,8 млрд теңге сомасына 34 437 қарыз берілді. 

«Пандемияның таралуы экономиканың барлық секторларын цифрландыруды жылдамдатты. Қаржы нарықтары технологиялық үрдістердің ықпалынан түбегейлі қайта құру процесінен өтуде, мұнда көп нәрсе реттеушінің іс-әрекетіне байланысты болады», — деді Е. Досаев.

Осыған байланысты ағымдағы жылғы 17 тамызда ҚРҰБ Басқармасының қаулысымен Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдама қабылданды. Ол Қазақстандағы қаржылық технологиялар мен инновациялар нарығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындайды және үш негізгі мақсат қояды: 

Біріншіден, бұл – қаржылық қызметтерді цифрлық форматта ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін цифрлық қаржы нарығының іргетасын қалау.

Екіншіден, саладағы жалпы шығындарды қысқарту, тиімділікті арттыру және өсудің жаңа мүмкіндіктерін жасау есебінен қаржы нарығын құрылымдық қайта құру үшін технологияларды пайдалану.

Үшіншіден, бәсекелестік және нарыққа қатысушылар арасындағы коллаборацияны жақсарту үшін жағдай жасау арқылы нарықтың орнықты дамуын ынталандыру.

«Осы Тұжырымдаманы іске асыру аясында ағымдағы жылғы 1 қазаннан бастап Ұлттық Банк қаржы ұйымына келмей-ақ қаржы қызметтерін алу үшін әзірленген қашықтықтан биометриялық сәйкестендіру сервисін өнеркәсіптік пайдалануға іске қосты. Ағымдағы жылғы сәуірде жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Осы уақыт ішінде сервис екінші деңгейдегі 11 банкке халыққа 2,8 млн банктік қызмет көрсетуге мүмкіндік берді», — деді Е. Досаев.

Қашықтан биометриялық сәйкестендіру қаржы нарығының қатысушыларына клиенттерді қашықтан сәйкестендіруге және оларға банктік шоттар мен депозиттер ашу, төлем карточкаларын шығару, кредит беру сияқты қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл сервис әлемдегі күрделі эпидемиологиялық ахуал аясында жаңа сын-қатерлерге жауап береді.

Сервис банктерге, сол сияқты сақтандыру компанияларына, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына, төлем және микроқаржы ұйымдарына да қолжетімді екенін атап өту маңызды.

«Сыртқы нарықтардағы құбылмалылықтың өсуі ішкі нарыққа әсер ететін болады. Осыған байланысты Ұлттық Банк ахуалды жіті бақылайды және баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканы қалпына келтіруге қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады», — деді Е. Досаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу