Ұлттық тауар өткізу жүйесі азық-түлік тізбегінің шығындарын азайту және бағасын тұрақтандыру мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді — Б. Сұлтанов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру мәселелері қаралды. Аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндады.

Ішкі нарықты сапалы тауарлармен толықтыру мақсатында отандық тауар өндірушілерге қолайлы жағдай қамтамасыз ету үшін Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол азық-түлік тізбегінің шығындарын азайту, бағаларды тұрақтандыру, сауда инфрақұрылымын дамыту және экспорт арналарын құру шараларын кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді. 

«Тауарларды таратудың жаңа жүйелі инфрақұрылымы Еуразиялық азық-түлік хабының басты инфрақұрылымына айналады. Бұл мақсат алдымызда Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған», — деді Б. Сұлтанов.

Ұлттық тауар өткізу жүйесі фермерлер, олардың өнімін көтерме сатып алушылар, тасымалдаушылар, сатушылар мен тұтынушылар кластерлерін біріктіру үшін зәкірлік инфрақұрылым ретінде жұмыс істейді. Ұсынылып отырған жүйенің өзегі үш түрдегі көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай желісі болады.

Бірінші. Сақтау көтерме-тарату орталықтары – бұл тағам өндіру аймақтарында фермерлердің өнімдерін қабылдау, сақтау және бастапқы өңдеу яғни жуу, калибрлеу, буып-түю сияқты жұмыстар бойынша оларды кейіннен өткізу үшін қызметтерді көрсетеді.

Екінші. Сауда көтерме-тарату орталықтары облыс орталықтары мен ірі қалалардың маңында орналасатын болады. 

«Олардың функциялары – өнімді өткізу кезеңінде уақытша сақтау, өңдеу және басқа да ілеспе қызметтерді іске асыру үшін фермерлерге, көтерме трейдерлерге және дистрибьюторлерге, сондай-ақ сауда желілері, дүкендер мен базарлар, қоғамдық тамақтандыру орындары сияқты сатып алушыларға өнімді өткізу үшін сауда инфрақұрылымына еркін қолжетімділікті ұсыну», — деді Б. Сұлтанов. 

Үшінші. Тарату орталықтары қалалар шегінде немесе қала маңында орналасады. Олардың мақсаты – сауда объектілерінің, олардың ішінде супермаркеттер мен дүкендер, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қажеттіліктері үшін отандық тауар өндірушілердің өнімдері мен импорттық тауарлардың көтерме партияларын уақытша сақтау және қайта тиеу бойынша логистикалық қызметтерді көрсету.

Осылайша, Ұлттық тауар өткізу жүйесі өндірушілер үшін «алқаптан» «сөреге» дейін өткізу нарықтарына, ал тұтынушылар үшін сапалы өніммен еркін қамтамасыз етеді.

«Көтерме-тарату орталықтарының осындай үш түрлі объектісі өнімді сақтау және қайта тарату бойынша қызметтердің толық кешенін көрсететін болады. Көтерме-тарату орталығының әр түрінің қуаты мен көлемі сауда саласы мен тұтынушылардың қажеттіліктеріне қарай анықталады», — деді сауда министрі. 

Оның айтуынша, Ұлттық тауар тарату жүйесінің ұсынылып отырған моделі жеке қаржылық бастама арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша құрылады. Желіні құру шеңберінде 24 көтерме-тарату орталығын салу ұсынылады. Тауар өткізу жүйесінің инфрақұрылымы 2,1 млн тоннадан астам тауарларды қабылдауды, сақтауды, қайта тиеуді және 5 мың адамға жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Көтерме-тарату орталығының номенклатурасы 20 мыңнан астам өнім атауын құрайды.

Ұсынылып отырған нысандарды 3 кезеңмен салу жоспарланып отыр.

Бірінші кезеңде 7 объекті бойынша, оның ішінде 4 сақтау және 3 тарату орталығын биыл жылдың аяғына дейін, екінші кезеңде тағы 7 объекті бойынша 2021 жылғы көктемде, үшінші кезеңде – 10 объекті туралы 2021 жылғы күзде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарттарын жасасу жоспарланған. 

«Бүгінгі күні 7 объектінің құрылысы бойынша жобаның бірінші кезеңін іске асыру үшін жеке қаржылық бастама формасында жеке инвесторлардың консорциумының атынан өтінім келіп түсті. Бұл консорциумге агроөнеркәсіп тауарларын өндірушілер және сауда жүйесіндегі қатысушылар кіреді. Аталған объектілер Павлодар облысының Мичурин ауылында және Ақсу қаласында, Алматы облысының Қапшағай қаласында, Жамбыл облысы Шу қаласында, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында орналасатын болады», — деді сауда министрі. 

Көтерме-тарату орталықтарының инфрақұрылымы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдердің сауда-тарату жүйелерімен интеграциялануға мүмкіндік береді, бұл тауарларды өзара жеткізуді және олардың Еуразиялық экономикалық одақтағы елдердің аумағы арқылы транзитін қамтамасыз етеді, сондай-ақ Иран, Пәкістан, Үндістан және Ауғанстан нарықтарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Экспорттық әлеует шамамен 1,4 млн тонна өнімді құрайды. Жалпы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттарын жобалау барысында Ұлттық тауар өткізу жүйесінің жобасын іске асырудың экономикалық тиімділігінің артуы 14 жылда шамамен 1,2 трлн теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімділігі жылына 460 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдеріне дейін ұлғаяды. Өндірушілердің егін жинаудан кейінгі кезеңдегі көкөніс шығындарының төмендеуі шамамен 350 мың тонна көкөніс өнімін құрайды», — деді Б. Сұлтанов.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың айтуынша, қазір өңірде 3 млн га аумақта астық жиналып, оның 4,5 млн тоннасы бастырылды, астықтың шығымдылығы гектарына 15 центнерді құрайды. Мемлекеттік қолдаудың және агротехникалық іс-шараларды уақытылы өткізудің арқасында 3-ші класты астықтың 60%-дан астамы жиналған. 

«Бүгінгі таңда 29 негізгі азық-түлік тағамының 24-ін шығарамыз. Өзімізді сүтпен 22, макаронмен 20, картоппен 11, жұмыртқамен 5, қырыққабатпен 4, сәбізбен 3, етпен 1,6 есе қамтамасыз етеміз. Құс еті, ірімшік, сүзбемен қамтамасыз ету 100%-ға жетпейді. Халықты қарақұмықпен қамтамасыз ету үшін егістік 2,5 есеге ұлғайды, жарма өңдеу зауыты іске қосылды», — деді облыс әкімі.

Облыста құс етін өндіру көлемін арттыру үшін қуаты жылына 10 мың тонна болатын «Петропавл бройлер»  серіктестігінің және қуаты мың тонна болатын «Жаңа құс» серіктестігінің бройлер құс фабрикасы салынуда. Бұл жобалар іске асырылған соң құс етімен қамтамасыз ету 14 мың тоннаға дейін, яғни өңірдің қажеттілігінен 2 есе артады.

Сонымен қатар Қ. Ақсақалов импорт алмастыру мақсатында сүтті мал шаруашылығы дамып жатқанын айтты. 

«Биыл қуаты жылына 30 мың тонна сүт болатын 12 сүт кешені салынып жатыр. Қазір 2 сүт кәсіпорын («Масло-Дел» және «Молочный союз») жаңғыртылып жатыр, осының арқасында өңдеу көлемді 350 мың тоннаға немесе 55%-5а артады» — деді ол. 

Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде сүт өнімдеріне деген қажеттілік толық өтеліп қана қоймай, 200 мың тонна сүт өнімі мен 5 мың тонна ірімшік облыстан тыс жерлерге жеткізіледі. 

Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев биыл өңірде жалпы егістік көлемі 48 мың гектарға, оның ішінде суармалы жерлер 30 мың гектарға артқанын айтты. Соның нәтижесінде биыл 816 мың тонна астық жиналған. 

«2020 жылғы 8 айда облыс бойынша жалпы сомасы 155 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Облыс 15 тауармен толық қамтамасыз етілген және басқа өңірлерге өткеріледі (ірі қара, қой, жылқы, шошқа еті, картоп, сәбіз, қияр, пияз, қызанақ, сүт, асхана қызылшасы, қырыққабат, қант, тұз, нан). Бұл тауарлар бойынша өнімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде», — деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, 6 тауар түрі (макарон, күріш, қарақұмық жармасы, өсімдік майы, жұмыртқа) басқа өңірлерден форвардтық сатып алу меморандумы арқылы қамтамасыз етіледі. Ал 8 тауар бойынша (құс еті, шұжық, алма, балық, сары май, ірімшік, қаймақ, сүзбе) импортқа тәуелділік бар. 

«Бұл бағытта импортқа тәуелді тауарлар бойынша нақты жобалар іске асырылатын болады», — деді Б. Сапарбаев.

Бірінші кезекте құс етінің өндірісін арттыру мақсатында 2 құс фабрикасының («Алель Агро» және «Қордай құс») құрылысын осы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Олар қосымша 22 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде сүт өндіру бойынша 7 жоба іске асырылып жатыр:  соның нәтижесінде 26 мың тонна қосымша сүт өндірілетін болады. 

«Өңірдегі бақтар санын екі жылда екі есеге арттыру жоспарланған. Алма, шие, таңқурай, құлпынай көлемдерін ұлғайту қолға алынуда. Осы бағытта Түркияның “Goknur” компаниясымен жұмыс атқарылуда. Ондағы мақсат - суармалы жерлерді, тамшылатып суаруды пайдалану арқылы құлпынай мен таңқурай көлемін арттыру», — деп нақтылады облыс әкімі.  

Балық өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында өңірдегі су айдындарын, әсіресе, тау өзендерін тиімді пайдалану көзделуде. Қазір ғалымдармен бірігіп форель балықтарын өсіру мақсатында 22 тау өзені анықталған. 

Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Биыл қызылшамен айналысатын шаруаларға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның көмегімен «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС арқылы техника алуға көмек көрсетілуде. Оның 35%-ын ӘКК төледі. Сонымен қатар  қызылшаның әр тоннасы үшін шаруаларға жергілікті бюджеттен 12 мың теңге бөлініп отыр. 

«Шу ауданында қант қызылшасын өңдейтін зауыт салу бойынша оның жобалық-сметалық құжаттама қазіргі таңда жасалып бітті, сараптамаға берілді. Зауыт биыл жұмысын бастайды», — деді Б. Сапарбаев. 

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев ағымдағы ауыл шаруашылығы жылының маңызды науқандарының бірі – дәнді және бұршақ дәнді дақылдарды жинау аяқталғанын жеткізді. 

Дәнді дақылдарды бастыру 4,4 млн га алқапта жүргізілді. Гектарынан орташа 11,8 центнер өнім алу арқылы 5,2 млн тонна астық алынды. Ағымдағы жылғы астық сапасының көрсеткіші өткен жылғыдан айтарлықтай жоғары: астықтың 95% 3 класқа сәйкес келеді (өткен жылы 65%).

Өңірде азық-түлік тауарлары өндірісінің оң үрдісі жалғасуда. Еттің барлық түрлері өндірісінің жалпы көлемі 63 мың тоннаны (109,6%) құрады, 282 мың тонна сүт (101,6%) сауылды, 566,2 млн  дана (95,5%) жұмыртқа жиналды. Облыста өңделген түріндегі өнім өндірісі үшін  өндіріс қуаты жеткілікті. 

Өңдеу кәсіпорындары 73,4 млрд теңгеден астам сомасына тамақ өнімдерін өндірді, ол 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 109,4% құрайды (67,1 млрд теңге), оның ішінде: ет өнімдері 28 млрд теңгеге (өсім 17%), сүт өнімдері 13,2 млрд теңгеге (өсім 1%), ұн 12,2 млрд теңгеге (өсім 29%), өсімдік майы 466,6 млн теңгеге (өсім 21%) өндірілді.

«Ағымдағы жылы жалпы сомасы 67 млрд теңгеге  41 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланды, оның ішінде 22 жоба іске қосылды. Макинск құс фабрикасының 2-ші кезегінің құрылысын ерекше атап өткім келеді, ол іске қосылғаннан кейін, құс етін өндіру қуаты тағы 25 мың тоннаға артатын болады. Жобалық қуатына шығару нәтижесінде, 2021 жылдың қорытындысы бойынша құс еті өндірісінің көлемі 80 мың тоннаға жететін болады, бұл 2019 жылғы өндіріс көлемінен екі есеге көп. Бұл көлемдер облыс қажеттілігінен 6,7 есеге артық», — деді Ақмола облысының әкімі. 

10-нан астам жарма түрлерін өңдейтін астық дақылдарын тереңінен өңдеуге бағытталған «TNK» агрофирмасы» ЖШС-ның заманауи қайта өңдеу кешенін іске қосуы үдемелі жоба болып табылады. Барлық шығарылатын өнім экспортқа бағытталатын болады. 80 мың тонна өндірістік қуаттылығымен жаңа диірмен кешені іске қосылды.

Осы жобаларды іске асыру есебінен, жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешені саласына 57 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 

 Күн сайын облыс кәсіпорындары шамамен 80 тонна ет және ет өнімдері, 200 тонна сүт өнімдері, шамамен 700 мың дана жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізеді.

Алматы облысының әкімі А. Баталов облыста егін жинау жұмыстары аяқталуға  жақын. 409 мың гектар дәнді дақыл жиналды  немесе жоспар 87,1% орындалды, гектарынан 21,4 центнер орташа өніммен 874,2 мың тонна өнім жиналды. Қазіргі уақытта жүгеріні, майлы дақылдар мен  қант қызылшасын жинауға кірісті. 

Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру бойынша облыстағы 29 азық-түлік  тауары түрінің ішінде 10 түрі бойынша  (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, сиыр еті, жұмыртқа, картоп, сәбіз,  бұрыш, күріш) қамтамасыз ету 100%-дан асады, 15 түрі бойынша (ұн, нан, макарон, өсімдік майы, пияз, қырыққабат, асхана қызылшасы, қызанақ, қияр, алма, құс еті, сүт, сүт-айран өнімдері, балық) - 90%-ға дейін.  Азық-түлік тауарларының 4 түрі бойынша  өндірісті ұлғайту шаралары қабылдануда (шұжық  өнімдері, сары май, ірімшік пен сүзбе, қант).

Облыстың ішкі нарығында отандық азық түлік тауарларының үлесі 85% құрайды, импорттық тауарлар – 15%.  Агроөнеркәсіп өнімі экспортының көлемі 2019  жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға өсті. 

Облыста агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы сомасы 65,1 млрд теңгеге  76 инвестициялық жобадан тұратын пул  құрылды.  

Құс етін өндіру бойынша облыс  республика бойынша алдыңғы орында (39%). 6 жыл тоқтап тұрған, қуаты 29 мың тонна  болатын «Отан Грин Фуд» құс фабрикасы  қайта жұмыс істеп, жаңғыртылды.  

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Іле және  Ұйғыр аудандарында жалпы қуаты 50,6 мың  тонна құс етін құрайтын екі құс фабрикасын  салу жобасы іске асырылуда. 

Облыста сүтті мал шаруашылығына зор көңіл бөлінеді. 21 сүт өңдеу кәсіпорны мен  цехтарының қуаты жылына 280 мың тонна  сүтті құрайды, қазіргі уақытта жүктемеленуі - 81%. Сүт зауыттарын жүктеу үшін 25,7 мың басқа  арналған 82 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді.  

Ағымдағы жылы қант  қызылшасының егіс алқабы 16,1 мың га дейін жеткізілді. Суармалы жерлерді айналымға  тарту есебінен, егіс алқабы жыл сайын  ұлғаятын болады. 

«Бақ шаруашылығын дамытуға жеке  тоқтала кеткім келеді. Ағымдағы жылы қосымша 1,2 мың га жеміс бағы (алма бағы – 0,6 мың га)  отырғызылды, жалпы алаңы 24,7 мың га дейін жеткізілді, оның ішінде «Апорт» алмасы - 1,6 мың га, қарқынды бақтар - 2,4 мың га. 139 мың тонна жеміс, оның ішінде 91,8 мың  тонна алма жинау жоспарлануда», — деді А. Баталов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу