Машина жасау саласында ең жоғары өсу серпінін автомобиль жасау көрсетеді — ҚР ИИДМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов машина жасау саласының дамуы туралы баяндады.

Б. Атамқұлов атап өткендей, машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі саналады.

Салада индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру  жылдары (10 жыл ішінде):

  • өндіріс көлемі 5 есе өсті;
  • салаға тартылған инвестициялар көлемі 3 есе өсіп, 50 млрд теңгені құрады;
  • экспорт көлемі шамамен 3 есеге артып, 1,1 млрд АҚШ долларын құрады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн 372 млрд теңгеге өнім өндірілді. 2020 жылдың 5 айында 535 млрд теңгеге өнім өндірілді, өсім 18,5% құрады.

«Бүгінде аталған салада шамамен 3 мың кәсіпорын жұмыс істейді, онда 65 мың адам еңбек етеді. Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 367 млрд теңгеге 128 жоба іске асырылды, 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды», — деді Б. Атамқұлов.

2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі 16 мың АҚШ долларын құрады. Экспортталатын өнімнің қатары кеңейтілді.

Қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпорындар Ресей, Қытай, Әзербайжан, Тәжікстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркменстан және тағы басқа елдерге өнім экспорттайды. Жолаушылар вагондары, электровоздар, темір жол доңғалақтары мен белдіктері, бағыттамалы бұрмалар сияқты машина жасау өнімдерінің жаңа түрлерінің өндірісі ұйымдастырылды.

«Азия Трафо» АҚ ТМД елдері аумағында бірінші болып қуаты 500 МВА (мега вольт ампер) дейінгі қуатты трансформаторлар өндірісін игерді.

Машина жасау салалары арасында жоғары нәтижені көлік құрастыру бағыты көрсетіп отыр.

Өндіріс көлемі 24,5 есе өсіп, инвестициялардың жыл сайынғы ағыны 14,4 есеге артты. Қазақстандық автоөнеркәсіптің өнімі экспорттық нарыққа шықты. Бұл ретте, ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл көлік отандық өнім болып табылады.

«2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында жалпы құны 173 млрд теңгеге 26 мың 810 көлік өндірілді, өсім 47%-ды құрады. Осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға 1 мың 659 жеңіл автокөлік экспортталды», — деп мәлімдеді Б. Атамқұлов.

Алматы қаласында «Hyundai Trans Kazakhstan» жеңіл көлік шығаратын зауыты салынды. Зауыттың қуаттылығы жылына 45 мың жеңіл көлік шығаруға мүмкіндік береді. Бірінші кезек 2020 жылдың наурыз айында сәтті іске қосылды. Шанақты балқыту және бояу бойынша технологиялық операциялар есебінен автомобильдерді ұсақ тораптық жинау жүзеге асырылады.

«СарыарқаАвтоПром» өзбек автопромымен бірге Равон және Шевроле экспортқа бағытталған автомобильдердің өндірісі сияқты бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруда.

Қарағанды облысының Саран қаласында:

  • Казтехна компаниясы Қытай компаниясымен бірге Ютонг автобустарын (Yutong) шығаратын жоба;
  • Қазтайртех компаниясы Даблстар (Doublestar) компаниясымен бірлесе отырып жеңіл автомобильдер үшін 3 млн және коммерциялық техника мен автобустар үшін 500 мың шина шығаратын жоба жүзеге асырылуда.

«КАМАЗ» ЖАҚ-пен бірлесіп құю зауытын және жүк автомобильдерінің жетекші көпірлерінің басты беріліс редукторларын өндіру бойынша зауыттар салу жөніндегі жобалар іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда 10 жыл ішінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілді:

  • өндіріс өсімі 5 есе;
  • инвестициялар өсімі 3,4 есе;
  • өнімді оқшаулаудың орташа деңгейі 37 % құрайды.

2020 жылдың 5 айында 12 млрд 46 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы өндірілді, оның ішінде 825 трактор, 139 комбайн, өсім 54% құрады.

Аталған бағыттың негізгі кәсіпорындарына Агромашхолдинг (астық жинайтын Есіл комбайндары мен Ловол тракторларының өндірісі), СемАЗ және Композит Групп Қазақстан (Беларус маркалы тракторлар өндірісі), Қостанай трактор зауыты (Кировец тракторларын құрастыру өндірісі), Қазақстандық Агро-Инновациялық Корпорация (Беларус,  Бюлер тракторлары, АКРОС, ТОРУМ комбайндары, АМИТИ егіс кешендері және басқа да жабдықтарды шығару өндірісі), сондай-ақ Дон Мар компаниясы (орақ және егін жинауға арналған бұйымдар өндірісі) жатады.

Бүгінде елімізде 153 мың трактор мен 42 мың бірлік комбайн тіркелген. Тракторлардың 65%-ы мен комбайндардың 46%-ы 17 жылдан астам пайдаланылуда.

Б. Атамқұловтың айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының ескірген паркін жаңарту үшін отандық ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының заманауи өндірісін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл шаралар еңбек өнімділігін және өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Автоөнеркәсіпте кәдеге жаратуды ынталандыруды енгізудің табысты тәжірибесін ауыл шаруашылығы техникасына тарату керек деп есептейміз. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді ынталандыру үшін отандық тракторлар мен комбайндарды лизингке сату бағдарламасы іске қосылды», — деді министр.

Қазақстандық өндірушілер өндіріс желілерін кеңейтуді, экспортқа шығу, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен жинақтауыштарды шығаруды жоспарлап отыр.

2019 жылдың мамыр айында «Агромашходинг КЗ» АҚ ірі қытай корпорациясымен бірлесіп «Ловол» маркалы тракторлар өндірісін жолға қойды.

Өткен жылдың қазан айында қуаттылығы жылына 700 тракторға дейін жететін «Кировец» тракторларын құрастыру бойынша Қостанай трактор зауыты жұмысын бастады. Инвестициялар 7,3 млрд теңгені құрады.

Қазростинжиниринг ЛТД жеке компаниясы тоқтап тұрған Вектор зауытына инвестиция салып, Ростсельмашпен бірлесіп комбайндар өндірісін қайта бастады. Жалпы инвестиция көлемі 7,5 млрд теңгені құрады. Зауытта жылына 800 бірлік Вектор мен АКРОС астық жинау комбайндарын жинау жоспарланып отыр.

Индустрияландыру темір жол машиналарын жасауда тепловоздар, электровоздар, темір жол белдіктері мен доңғалақтар сияқты ел үшін жаңа жоғары технологиялық өнімдерді оқшаулау есебінен өндіріс көлемін 3,8 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Теміржол машина жасау саласындағы Alstom, General Electric, Трансмашхолдинг компаниялары сияқты ірі әлемдік көшбасшылар тартылды.

2020 жылдың бес айында 56 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Локализацияның орташа деңгейі 50%-дан жоғары.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында «Тұлпар» вагон жасау зауыты, Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз курастыру зауыты және Проммашкомплект сынды жобалар іске қосылды.

Проммашкомплект посткеңестік кеңістікте теміржолға арналған тұтас дөңгелектерді шығаратын заманауи автоматтандырылған технологиялық кешенді енгізген алғашқы кәсіпорын болды. Кәсіпорынның қуаты жылына 200 мың доңғалақ. Оқшаулау деңгейі 68%. Кәсіпорын өнімі ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабады және 60%-дан астамы Иран, Әзірбайжан, Ресей және Түркіменстанға экспортталады.

Биылғы қаңтар-мамырда 16 млрд 346 млн теңге сомасына 71 мың 325 дөңгелек өндірілді.

Петропавл қаласындағы ЗИКСТО кәсіпорны қызметін қайта бастады, ол сәуір-мамыр айларында 4 млрд 929 млн теңге сомасына 171 вагон-платформа шығарды.

Электротехникалық машина жасауда 2010-2019 жылдар аралығында өндірістің 3 есеге, экспорттың 4 есеге өсуі байқалды. Оқшауланудың орташа деңгейі 75%-ға жетті.

«Тек 2019 жылы 5 млрд 400 млн теңгеге 34 млн метр талшықты-оптикалық кәбіл және 40 млрд теңгеге 1 млрд 220 млн метр өзге электр сымдары мен кәбілдері өндірілді», — деп атап өтті Б. Атамқұлов.

2020 жылғы қаңтар-мамырда электротехникалық машина жасау өндірісінің көлемі 52 млрд теңгені құрады.

Электр техникалық машина жасаудың негізгі кәсіпорындары: Қайнар-АКБ, Кентау трансформатор зауыты, Сайман корпорациясы, Казэнергокабель, ЕвразКабель, Казцентрэлектропровод.

Қайнар-АКБ аккумуляторлық батареялары Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Германия, Қытайға экспортталады. Кентау трансформатор зауытының трансформаторлары Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстанға экспортқа шығарылады.

Алагеум Электрик компаниясы Петропавл қаласының арнайы экономикалық аймағында электр техникалық зауыттың құрылысын жүргізуде, оның өнімі экспортқа бағдарланады.

Тау-машиналарын жасауда индустрияландыру жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Өндіріс 1,7 есеге, экспорт 1,8 есеге өсті.

Толық айналмалы машиналар, өздігінен жүретін бұрғылау қондырғылары, шахта вагоншалары, ұсақтау жабдығы сияқты өнім түрлері игерілді, сондай-ақ тау-кен өндіру бағытындағы машиналар мен жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектердің кастомизацияланған өндірісі жолға қойылды.

Тау-кен машиналарын жасауда 2020 жылдың 5 айында 8 млрд теңгенің өнімі өндірілді.

Тау-кен машиналарын жасаудың негізгі кәсіпорындары: Алматы ауыр машина жасау зауыты, Қарағанды құю-механикалық зауыты, Қазцинкмаш, Құрылысмет, Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты, КазКарбон.

Индустрия 4.0 элементтерін енгізген алғашқы кәсіпорындардың бірі Қарағанды қаласындағы «Мэйкер» ЖШС болды.

Мұнай-газ машиналарын жасауда индустрияландыру өндіріс көлемін 4,2 есеге, экспортты 1,1 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Ілмекті арматура өндірісіндегі Герман көшбасшысы Бемер Арматурен, Канаданың толық бұрандалы сорғы жүйелерінің жетекші өндірушісі Куду Индастриз сияқты ірі әлемдік компаниялар тартылды.

Ілмекті арматура, күштік қондырғылар, газдарды сүзуге арналған жабдықтар, сорғы жабдықтары және т. б. сияқты өнім түрлері игерілді.

2020 жылғы қаңтар-сәуірде өндіріс көлемі 21 млрд теңгені құрады.

Сектордың негізгі кәсіпорындары: Карлскрона, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Мұнаймаш, Белкамит, Атыраунефтемаш.

Мұнай және газ саласында мұнай-газ машиналарын жасаудың отандық кәсіпорындарына ISO, API, OHSAS сияқты стандарттар бойынша танылған халықаралық сертификаттарды алуға көмек көрсетілуде.

Отандық автоөндірушілерді қолдау

Отандық автоөндірушілерді қолдау аясында жеңілдікті автонесиелеу және жеңілдікті лизинг бағдарламасы жұмыс істейді, олардың шеңберінде 5 жыл ішінде 50 млрд теңге бөлінді, бұл отандық кәсіпорындарға 92 млрд теңгеге 18 мың көлік құралын сатуға мүмкіндік берді.

Өткен жылдан бастап Ұлттық Банк халық арасында үлкен сұранысқа ие болған жеңілдікті автонесие беру бағдарламасын іске қосты. Осы мақсаттарға 5 жыл ішінде 100 млрд теңге бөлінді (жыл сайын 20 млрд теңгеден).

Машина жасау саласын серпінді дамыту үшін Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың Жол картасы әзірленді және бекітілді.

Жол картасы саланы қолдау және дамыту бағытындағы шараларды жүргізе отырып, салықтық жеңілдіктерді енгізу, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды әзірлеу және өнеркәсіпті дамыту қорын құру жөніндегі іс-шараларды көздейді.

Қазіргі уақытта Ресей Федерациясымен бірлескен іс-қимыл бағдарламасы, Мұнай-газ машиналарын жасауды дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу