Репрессиялық бағыттан оңалтуға баса назар аудару қажет – М. Ахметжанов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Осы тақырып бойынша ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

Тақырып бойынша бірінші болып ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені отбасы тыныштығы – ол қоғамның тұрақтылығы. Сондықтан бұл мәселені Мемлекет басшысы ерекше назарына алып, бірқатар тапсырма берген болатын», — деді сөз басында Марат Ахметжанов.

Атап айтанда, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза қатаңдады, полицияның осы мәселемен айналысатын бөлімшелері нығайтылды, жәбірленушімен жұмыс тәсілдері қайта қаралды.

Министрдің айтуынша, аталған шаралардың арқасында бұл мәселеге қоғамның көзқарасы өзгерді.

Сонымен қатар зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер туралы белсенді хабарлай бастады. Биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам сигнал келіп түсті. Олардың көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында орын алған.

Алайда олардың 60%-ы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан.

Ішкі істер министрінің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өтінішсіз полицейлер «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде, жазасыздық – өз бетімен кетуге жол береді. Қол жұмсау әдетке айналып, түбінде ауыр зардаптарға апарады.

Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, осы жылдың өзінде отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалған.

«Өз кезегінде Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сигналдарға тиісті шаралар қабылдап жатыр. Жыл басынан бері “дебоширлерге” қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынды, 8,5 мың адамға ескерту берілді, 675 адамға айыппұл салынды», — деді министр.

Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 67 мың қорғау нұсқамасы шығарылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. Әйел-тергеушілердің мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлініп жатыр», — деді Марат Ахметжанов.

Ішкі резерв есебінен олардың саны екі есе көбейтілген. Енді бұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар. Жалпы, бұл бағытта Ішкі істер министрлігі 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Зардап шеккендерді әлеуметтік оңалтуға 57 кризис орталығы көмек көрсетеді. 

Биыл полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберді. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасты. Дегенмен орталықтардың саны жеткіліксіз.

Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскен. Ал ол жерде тек бір ғана кризис орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да ұқсас жағдай. Абай және Қызылорда облыстарында мүлдем жоқ.

Министрдің айтуынша, әкімдіктер өңірлерде орталықтардың жұмысын ұйымдастыруды және осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алу керек.

«Жалпы, енді бұл проблеманы тек күштеу, мәжбүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес. Полицияның қылмыстық немесе әкімшілік шаралары – тек салдармен күрес екенін атап өту керек. Бұл жағдайдың түпкі тамыры – әлеуметтік проблемалар», — деді ішкі істер министрі М. Ахметжанов.

Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі.

Сондықтан бұл мәселені шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар – барлық қоғам болып бірігіп, ат салысу керек.

М. Ахметжановтың айтуынша, бұл бағытта тек зорлық-зомбылық құрбандарымен ғана емес, құқық бұзушылармен де қайта оңалту жұмыстарын жүргізу қажет.

«Осыған байланысты Сізден Денсаулық сақтау министрлігіне психо-түзету курстарын қолданудың алгоритімін әзірлеп, тиісті мамандар дайындау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсыруды сұраймын», — деді министр.

Оның айтуныша, күнделікті өмірдегі қылмыстардың көбі мас күйде жасалады. Бірақ «мас дебоширлерді» оқшаулау мәселесі әлі шешілген жоқ. Еліміз бойынша 778 орынға арналған 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. Орысша айтқанда – «медвытрезвитель». Бұл өте аз.

Ал полицейлер жеткізген 7 мың құқық бұзушының 5 мыңы ғана орналастырылған. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орны бар бір ғана мекеме бар. Көкшетауда мүлде жоқ. Жалпы еліміз бойынша 594 орынға арналған тағы 32 мекеме қажет.

Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, мәжбүрлеп емдеуді қажет ететін созылмалы «маскүнемдер» үшін де төсек-орын тапшылығы бар. Еліміз бойынша бар-жоғы 21 ғана мамандандырылған наркологиялық мекеме жұмыс істейді. Бұл ретте оларға азаматтарды жіберу процедурасы аса бюрократияға айналып кеткен.

Ал наркологиялық мекемелердің медицина қызметкерлері мен наркологтар тиісті шешім қабылдағысы келмейді. Нәтижесінде, полицейлер көбінесе бұл мәселемен тек өздері жүгіреді. Атап айтқанда, материалдарды соттарға рәсімдейді, анализдерді тапсырады, сараптамадан өткізеді және құқық бұзушыны жатқызу үшін медициналық мекемеге жеткізеді.

Соттар мәжбүрлеп емдеу туралы 4 мың материал қараған. Осы аталған проблемаларға байланысты, олардың тек 72%-ы ғана ауруханаға жатқызылған. Жалпы, бүгінгі таңда осындай 11 медициналық мекеменің жұмысын ұйымдастыру қажет. 

Соңғы мәселе – ол қазір елімізде 6 800 тұрмысы нашар отбасы бар, олардың 10 мың балалары бар. Олар тәуекел аумағына кіреді. Сондықтан мемлекет тарапынан ерекше назарды қажет етеді.

Заңнамада олардың медициналық-әлеуметтік есебін қалыптастыру туралы норма көзделген. Бірақ бұл шаралар іске асып жатқан жоқ. Медициналық-әлеуметтік есепке алу ережелері әлі күнге дейін әзірленбеген.

«Осыған байланысты осы салаға жауапты мемлекеттік орган ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін белгілеу ұсынылады», — деді М. Ахметжанов.

Ведомство басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша шаралар әзірленді.

Біріншісі – мұндай фактілерді тіркеу бойынша «өтініш беру сипатынан анықтау сипатына» көшу. Бұл полицияға жәбірленушінің өтініші болмаса да, әкімшілік іс-жүргізуді бастауға мүмкіндік береді. Соңғы шешімді сот қабылдайды.

Екіншісі – тараптардың татуласуына талапты күшейту. «Дебошир» бірінші рет сотта ғана татуласа алады, ал қайталанса, мұндай құқық алынып тасталады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Үшіншісі – отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алудың мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзартуды ұсынамыз.

Төртіншісі – Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілді. Осының аясында «ескерту» сияқты жазаны «қоғамдық жұмыстарға» ауыстыру ұсынылды.

Министрдің айтуныша, бұл құқық бұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстарды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтап жатыр.

Бесіншісі – ең жиі жасалатын қылмыстар бойынша «отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты» деген қосымша саралау белгісін енгізу.

«30 қыркүйекте Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл ұсыныстар қаралып, мақұлданды. Дегенмен бұл тек заңнамалық бастамалар. Бұл саладағы жағдайды жақсартуға барлық уәкілетті органдардың, әкімдіктердің, қоғамның біріккен күшімен ғана қол жеткізе аламыз», — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Қыдырәлінің мәлімдеуінше, салалық ведомство ретінде министрлік осы мәселеге қатысты үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп отыр.

Біріншіден, жыл сайын отбасылық саясат саласында тереңдетілген талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіледі. Ұлттық баяндамалар әзірленіп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленеді. 

Министрдің айтуынша, 2021 жылғы әлеуметтанулық зерттеуде респонденттер отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себебі ретінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалық мәселелерді атап өтті. Олар: жұмыссыздық (55,9%), зиянды әдеттердің болуы (маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық) 52,8%), отбасындағы моральдық-психологиялық, физикалық зорлық-зомбылық (25,4%).

Екіншіден, ақпараттық тапсырыс аясында Республикалық және өңірлік БАҚ-та 2022 жылы қаңтардан бастап «Отбасы институтын нығайту» тақырыбында 4 042 материал, оның ішінде телеарналар эфирінде – 990 сюжет, баспа БАҚ беттерінде – 1 699 материал, интернет-ресурстарда – 1353 материал жарияланды.

Үшіншіден, 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жол картасы бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасын қолдау орталықтарын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру жолға қойылды.

«Қазір өңірлерде 46 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Оның 36-сы халықты әлеуметтік қорғау басқармалары жанынан ашылған. Барлық орталықтар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Дархан Кыдырәлінің айтуныша, орталықтар психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетеді, отбасы институтын нығайтуды, жан-жақты қолдау шаралары бойынша кеңес береді. Жыл басынан бастап орталықтардың қызметіне 90 мыңнан астам адам жүгінген.

Осы орайда «Мерейлі отбасы» сияқты республикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

«30 қыркүйекте өткізілген Үкімет жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл салада уәкілетті органды анықтау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәлімдеуінше, бүгінде республика көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 41 дағдарыс орталығы көрсетеді, оның 14-і – мемлекеттік, 27-сі – мемлекеттік емес. 

Олар негізінен еліміздің 18 өңірінде жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Алматы және Абай облыстарында әзірше мұндай орталықтар жоқ, сондықтан бұл өңірлерде

оларды құру жұмыстарын алып бару қажет.

«Осы жылдан бастап орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Бөлінген қаражат көлемі шамамен 1,4 млрд теңгені құрады», — деді Тамара Дүйсенова.

Аталған орталықтарда зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметті 6 айға дейінгі мерзімде тәулік бойы немесе тәулігіне алты сағатқа күндізгі уақытта көрсету қарастырылған.

Министр берген ақпаратқа сай есепті кезеңде орталықтар 3 мың 975 адам қамтыды, оның ішінде 3 055 адам медициналық көмек алды, 277 адам жұмысқа орналастырылды, 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастырылды; 528 адам құжатталған, 764 адам отбасылармен қайта қауышты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2 алаңдатарлық фактіге назар аударды:

  • бірінші, өтініш білдіргендердің 67%-ға жуығы немесе 2 мың 661-і – зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе куә болған балалар;

  • екінші, қызметтердің негізгі алушылары – көпбалалы отбасылар.

Егер өңірлік құрылым бойынша көмек сұрағандардың ең көп саны – Павлодар облысында, Жетісуда, Шымкент қаласында, Алматы қаласында. Жоғары деңгей Астана қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында да байқалады. 

Т. Дүйсенованың айтуынша, жалпы осы саладағы тәуекелдер мынадай 3 негіздік себептердің бар екендігін айқындап отыр:

· оның бірі – мұндай топтармен посфактум жұмыс істеу тәсілінде болып тұр;

· екіншісі – Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарын қоспағанда, өңірлерде дағдарыс орталықтарының желісі дамымағандығында.

Мәселен, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бойынша тұрақты үштіктегі жетекші өңір Шығыс Қазақстан облысында бір ғана орталық жұмыс істейді. Ол Өскемен қаласында орналасқан тек 12 төсек-орынға арналған орталық; 

· үшіншісі – аталған орталықтардың қашықтығында, бұл сәйкесінше зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігінің оларға деген қол жетімсіздігіне алып келіп отыр.

«Аталған проблемаларды шешу зорлық зомбылық зардабына түсу ықтималы жоғары отбасылармен немесе азаматтармен алдын ала жұмыс істеу механизмін ендіруді талап етеді», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сөз соңында Т. Дүйсенова орталықтағы уәклетті органдарға және әкімдерге Отбасының Цифрлық картасын пайдалана отырып, тәукел ықтималы жоғары мақсатты топты анықтауды, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын жетілдіру және бұл жұмысты алып баратын негізгі институт ретінде жергілікті жерлерде ашылған «Бақытты отбасы» мекемесін анықтауды, мақсатты топқа кіретін азаматтарға жергілікті әлеуметтік бағдарламалар аясында қосымша әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналасуға және оңалтуға жәрдемдесу шараларын қарастыруды, жеке сектор субъектілерін тарта отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік бейімдеу орталықтарының желісін кеңейту мәселесін пысықтауды тапсыруды сұрады.

Әрі қарай Павлодар облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі туралы өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов баяндап берді.

«Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша Павлодар облысында барлық қылмыстардың 1,8%-ға төмендеуі байқалады. Өз кезегінде тұрмыстық қылмыстар 1,6%-ға өсті», — деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Осылайша, 65 қылмыстың 47-і осы жылы жасалған, қалған 18-і өткен жылдары жасалған, яғни биыл анықталып, тіркеуден өтті.

Отбасы ішінде жанжал шығарған үшін 5 мыңға жуық ұйғарым жазылды, 459 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

586 адамға қатысты ерекше талаптар белгіленді, оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салу – 579. Наркологиялық диспансерге 309 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге облыста қажетті қолдау көрсетілуде», — деді Әбілқайыр Сқақов.

Павлодар қаласында «Балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» жұмыс істейді, онда 53 төсек-орын бар.

Осыдан басқа, 2 үкіметтік емес ұйым әлеуметтік қызметтер көрсетеді, онда зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар уақытша баспана, заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық көмек алады, тәулік бойы «сенім телефоны» жұмыс істейді.

Жалпы, жоғарыда аталған мекемелер жыл басынан 538 адамды қабылдады, 52 адамға құжаттандыру, медициналық көмек көрсетіліп, жұмысқа орналастыру және тағы басқа қызметтер көрсетілді.

Сонымен қатар осы жылы облыстық полиция департаменті бойынша өңірдің барлық үш қаласы мен 5 ауданда дағдарыс орталықтары ашылды. Онда психолог-мамандар, медициналық сарапшылар, тергеушілер – яғни орталықтардың әйел қызметкерлері көмек көрсетеді.

Облыс әкімінің айтуынша, Павлодар қаласындағы дағдарыс орталығы республика бойынша үздік болып танылды. Жалпы, жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде тұрмыстық қылмыстар саны азайып келеді. Атап айтанда, осы жылдың 2-ші тоқсанында 24 тұрмыстық қылмыс тіркелсе, 3-ші тоқсанда – 19 (оның 5-і алдыңғы жылдары жасалған).

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары бақылауда және жалғасатын болады», — деді Әбілқайыр Сқақов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу