Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария Президенті Ули Маурермен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Швейцария арасында экономиканың түрлі салаларында жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстанға қош келдіңіз. Сіздердің елдеріңізге бірнеше рет бардым. Швейцария – Қазақстанның ірі және маңызды сауда серіктестерінің бірі. Біздің елімізді әрқашан қолдап келесіздер. Осы ынтымақтастықты одан әрі жалғастырған жөн. Бізде швейцариялық бизнесті қызықтыратын жобалар көп», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Ули Маурер Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесу үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанға жасап жатқан ресми сапарынан алған әсерімен бөлісті.

«Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы өте жақсы. Бүгін таңертең мазмұнды әрі жемісті кездесулер өткіздім. Қазақстанмен бірлесе отырып дамытатын көптеген жобаларды талқыладық», — деді Швейцария Президенті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу