Қазақстандық жоғары оқу орындарына 2016 жылы 123 шетелдік студент оқуға түседі

04 тамыз 2016, 20:59

Халықаралық келісімдерге сәйкес қазақстандық жоғарғы оқу орындарына 123 шетелдік азаматты қабылдау көзделген.

ҚР БҒМ жоғарғы және ЖОО-дан кейін білім алу департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлзат Қабенова мәлімдегендей, халықаралық келісімдерге сәйкес қазақстандық жоғарғы оқу орындарына келесі елдердің азаматтары болып табылатын талапкерлерді қабылдау көзделген: Тәжікстаннан - 90-нан астам адам, Ауғанстаннан - 46, Қырғызстаннан - 4 адам, Қытайдан – 20 адам, Моңғолиядан – 1 адам, Украинадан - 1, Беларусьтен - 3, Мысырдан - 1.

«Жалпы, халықаралық келісімдер бойынша  қазақстандық оқу орындарына 123 азаматты қабылдау көзделген. Қалған 51 білім беру гранты ваканттық болып есептеледі», - деді ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысында.

Сонымен қатар, ол жыл сайын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Тәжікстан Республикасының азаматтарына қазақстандық жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде 100 орын бөлінетінін айтты.

«Биыл елдің үкіметтері арасында келісім орнатылып, 2017  жылдан бастап Тәжікстан азаматтары  дайындау бөлімдерінде оқытылмай, бірден ЖОО-да бірінші курстан бастап білім алады», - деді Г.Қабенова.

Оған қоса, ҚР БҒМ мәліметінше, биыл дайындау бөліміне қатысқан адамдар да қабылданады. Тәжікстанның 93 азаматының 77 азаматы келді, қалған 16 адам өз себептері бойынша келе алған жоқ. Тәжікстанның білім министрлігінен 20 азаматты жаңа келісім бойынша қабылдау нұсқаулығы келді. Оған қоса, Тәжікстанның білім министрінен тәжік азаматтарының білім алуына қолдау көрсету сұранысы түскен соң, олар үшін арнайы 100 орын бөлінді.