2020 жылға дейін 3-тен 6 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды 100% мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету жоспарлануда

09 наурыз 2017, 13:01
Фото: primeminister.kz

2016-2019 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге ерекше назар аударылған. Мақсаты – төрт жылдың ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 100% мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету. Осы орайда қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берді.

Оның айтуынша, министрлік жаңа балабақшаларды ашу мақсатында, МЖӘ-ні дамытумен белсенді түрде айналысуда. 2016 жылы 77 мың орынға 825 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Олардың ішінде 600-і жеке балабақша. Осының арқасында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету деңгейі 2%-ға өсті және 85% құрады. БҒМ осы үрдіске бизнес бастамаларды тарту жұмысын әрі қарай жалғастыруды жоспарлайды.  

Министр сондай-ақ, балабақшаға кезекке тұру үдерісін тәртіпке келтіріп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін айтты.

«Кезекке тұру бізде автоматты түрде жүргізіледі, алайда орындарды бөлу білім берудің облыстық бөлімшелерінде қолмен жүргізіледі. Бұл белгілі-бір қиындықтарды туындатып, азаматтар тарапынан көңіл толмаушылықты байқатады», - деді Е. Сағадиев.

Осы орайда ведомство барлық қалалық кезектерді бір үлкен республикалық кезекке біріктіруді жоспарлайды. Сонымен қоса, балаларды балабақшаларға бөлу жүйесі автоматтандырылады. Бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды және Костанай әкімдіктері министрлікпен талданатын, өздерінің ішкі бағдарламаларын әзірледі. Олардың ішіндегі ең үздігі республика бойынша таратылатын болады.

«Тапсырма оңай емес, дегенмен жарты жыл, бір жылдың ішінде орындауға болады. Сол кезде бізде бәрі айқын әрі әділетті болады», - деді министр.

Мамандардың сапалы құрамын жақсарту үшін балабақшалардың педагогтеріне арналған бірыңғай даярлық бағдарламасы әзірленді. Айта кету керек, 2016 жылдан бастап мектепке дейінгі жастағы балаларды дайындайтын бірыңғай бағдарлама әрекет етеді. Сол себепті де мемлекетке сауатты және даярланған тәрбиешілер керек. Министр балабақшалардың тәрбиешілерін дайындау жұмыстары мемлекеттік тапсырыстың жалпы бағдарламасына енгізілуі мүмкін екенін хабарлады.   

Е. Сағадив бүгінде мектепке дейінгі мекемелерде жаңа санитарлық нормаларды қабылдау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа санитарлық ережелер мен нормалар дайын, талқылаудан өткен және көптеген мамандар тарапынан мақұлданған. Наурыз айының соңына дейін жаңа санитарлық ережелер мен нормалар қабылданатын болады.  

1/2
Е. Сағадиев мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудегі жағдайды түсіндірді
2/2