ҚР БҒМ «Қауіпсіз мектеп» қоғамдық науқанын өткізуге бастамашылық етуде

01 тамыз 2016, 22:56
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті жақсарту үшін министрлік «Мектепке жол» акциясы аясында «Қауіпсіз мектеп» науқанын өткізуге бастамашылық етуде. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Мәншүк Әбдікәрім мәлімдеді.

«Жаңа оқу жылының қарсаңында жергілікті атқарушы органдардың назарын мектептерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне аудартқымыз келеді. Соңғы кездері жарақат алып жатқан, өліммен аяқталған жағдайлар көп орын алуда, сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер кездеседі. Оқу орындарында болып жатқан оқиғалар көп жағдайда қауіп туғызады. Осыған орай, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті жақсарту үшін министрлік «Мектепке жол» акциясы аясында «Қауіпсіз мектеп» науқанын өткізуге бастамашылық етуде», - деді М. Әбдікәрім.

Министрлік өкілінің сөзінше, ведомство балалар қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған бірқатар тәрбиелік іс-шараларды анықтау өтінішімен ұсыным хаттар, тұжырымдамалар жібереді. Мысалға, бұл түрлі байқаулар, сынып сағаттары, бейне конференциялар, флешмобтар болуы мүмкін.