ҚР БҒМ «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жариялайды

05 тамыз 2016, 17:07

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2016 жылғы 12 қыркүйек және 14 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығына конкурс жариялайды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, ведомствода хабарлағандай, жемiстi ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметi үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында екі жылда бір рет номинациялар бойынша берiледi.

Өтінімдер қабылдау аяқталған кезде 29 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті сала мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал ететін кандидаттар сыйлық алуға үміткер болады.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мынадай номинациялар бойынша беріледі: ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық музыка, қоғамдық қызмет.

Сыйлық бір уақытта бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін, бұл жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Сыйлықты қайта беруге жол берілмейді. Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйлық алуға ұсынуға болмайды. Сыйлық авторлар ұжымына берiлсе, оның ақшалай бөлiгi олардың мүшелері арасында тең бөлiнедi.

Ізденушілер уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды: қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтаманы қағаз және электрондық түрде жібереді.

«Сыйлық беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Үкіметі оны қабылдаған кезден бастап күшіне енеді. Сыйлық алған адамдарға «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты» атағы берiледі, диплом, омырауға тағатын белгi және ақшалай сыйлық табыс етiледi. Ізденушілердің жоғарыда аталған құжаттары 2016 жылғы 12 қыркүйек - 14 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаментінде қабылданады», - делінген министрлік хабарламасында.