«Алтын белгі» иегерлерінің біршамасы мемлекеттік грант бойынша тегін оқу мүмкіндігін алмайды – ҚР БҒМ

09 тамыз 2016, 19:01

2016 жылы Қазақстан ЖОО-дарына 2 059 «Алтын белгі» иегерлері түседі, олардың бір бөлігі мемлекеттік гранттар бойынша тегін оқыту мүмкіндігін ала алмайды. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлады. 

«Алтын белгі» иегерлерінің басым бөлігі бәсекелестік деңгейі жоғары қаржы-экономикалық немесе әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды таңдап отыр. Осыған байланысты Білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссиясының шешімімен кейбір «Алтын белгі» иегерлері мемлекеттік гранттар бойынша тегін оқу мүмкіндігіне ие болмайды. 

Оған қоса, Қазақстанда соңғы жылдары индустриялық-инновациялық даму басымдықтарына көп көңіл бөлініп келеді. Биыл да мемлекеттік гранттардың көп бөлігі аталған басымдықтарды жүзеге асыруды көздеп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағытталып отыр.

Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесіп, мемлекеттік гранттарды ала алмай қалған «Алтын белгі» иегерлерінің істерін жеке-жеке қарастырып, олардың ЖОО қаражаты есебінен білім алу мүмкіндігін қарастырмақ.