Нұрсұлтан Назарбаев дербес білім беру мекемелерінің Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты

27 мамыр 2017, 19:13
Фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы дербес білім беру мекемелері – «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» және «Назарбаев қорының» Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Жиында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, университетті және зияткерлік мектептерді дамыту перспективалары, оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлер санын көбейту, Қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамын жасақтау үшін іріктеу өткізу жайы, сондай-ақ  ұйымдастыру аспектілері қаралды.

Қазақстан Президенті ғылыми-зерттеу үдерісін дамытып, университеттің халықаралық байланыстары аясын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды, сондай-ақ бүкіл еліміздегі 20 зияткерлік мектептің тиімді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

"Зияткерлік мектептердің барлық түлектері еліміздегі және шет елдердегі жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Олардың 90 пайыздан астамы –  мемлекеттік гранттар мен университеттердің білім беру гранттарының иегерлері. Білім беру мекемелеріне тың серпін беру үшін біз олардың одан әрі жұмыс жүргізу стратегияларын жандандыра түсуіміз қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы университет жеті жылдан бергі жұмыс барысында елеулі табыстарға жетіп, осы кезең ішінде мыңға жуық студентті түлеткенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің  президенті Ш. Катсу сөз сөйледі.