12 мамырда ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтеді

03 мамыр 2017, 11:56

ҚР Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күнін жариялады. Бұл шара заманауи мектептердің жай-күйін танып-біліп, ондағы шәкірттердің қалай білім алып жатқандарына бейжай қарамайтын қазақстандық әр отбасыны айналып өтпеуі қажет.

ҚР БҒМ ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күні мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, олардың қалай сабақ өтіп жатқандарын өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесуге шақырады.   

Бүгінде қазақстандық білім жүйесінде көптеген өзгерістер бар. ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, еліміздің барлық қаласы мен ауылдарында бір мезгілде өткізілетін шара барысында осы мәселелер туралы сөз қозғалады.

Жиналыста мектеп әкімшілігі ата-аналармен бірге Қамқоршылар кеңесінің жұмысын, кеңестің құқығы мен міндеттерін, қағидалары мен қызмет тетіктерін талқыламақ. Осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауапты ата-аналар жиналысынан білулеріңізге болады.   

Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл күні барлық ата-аналарды өз еріктерімен мектеп кітапханаларына көмек қолын созуға шақырады.