Жаңа бағдарлама бойынша мектептерде қазақ тіліндегі пәндер саны 300 сағатқа артады - ҚР БҒМ

27 сәуір 2016, 18:27

Білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес 12 жыл ішінде қазақ тілінің және мемлекеттік тілдегі пәндердің сағат саны орташа алғанда 300 сағатқа артады, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі халықпен есептік кездесуінде.

«Білімнің жаңартылған мазмұнына сәйкес, орыс тілді мектептерде 12 жылдың ішінде қазақ тілін оқыту мен қазақ тіліндегі пәндердің сағаты 300-ден астам сағатқа өседі. БАҚ өкілдерін осы жайында айтуын сұраймын», - деді ҚР БҒМ басшысы.

Үш тілді білім беру жүйесін дамыту жайлы айтқан ол «Қазақстанда үш тілді білім беруді енгізудің маңызды мәні - ол қазақ тілін жетік білу» деп баса айтты.  

«Қазақ тілін оқу басымдылық болды және солай болып қалады. Сол себепті барлық мектептерде, орыс тілді мектептерді де қоса алғанда, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен бөлек, Қазақстан тарихы да қаза тілінде оқытылады», - деп атап өтті Е.Сағадиев.