ҚР Премьер-Министрі республикаға арнап инженерлік-техникалық  кадрлар даярлау үдерісімен танысты

16 тамыз 2016, 21:52
Шығыс Қазақстан облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін аралады.

Қазіргі таңда ШҚМТУ – өндірісте жұмыс жасайтын жоғары білікті мамандарды даярлайтын білім беру мекемелерінің тізіміне кіретін Қазақстанның ірі жоғары оқу орындарының бірі, бұл Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының (ИИДМБ-2) екінші кезеңін жүзеге асыруда аса өзекті.

Кадрларды даярлау үдерісімен Премьер-Министрді ШҚМТУ ректоры Ж. Шаймарданов таныстырды. Университет индустрияландыру бағдарламасына бірнеше бағыт бойынша қатысады. «Металлургия» және «Машинажасау» мамандықтары бойынша оқытуға 2015–2017 жылдары мемлекеттік тапсырыс аясында 124 орын бөлінді. Бұл бағыттар бойынша «Түсті, бағалы, сирек және шашыранды металдар алудың инновациялық технологиялары, инжиниринг» және «Автомобиль жасау және тау-кен машиналары өндірісіндегі инновациялар» білім бағдарламалары жүзеге асырылуда.

2016–2018 жылдары университет екі жаңа бағдарлама – тау-кен металлургия саласындағы жобалау мен инжиниринг және машина жасаудағы киберфизикалық жүйелер бағдарламаларын жасап шығарды.

Премьер-Министр ШҚМТУ оқу корпусын аралап, өңірдің жетекші өндірістік кәсіпорындарымен бірге жүзеге асыруға арналған ғалымдар ұсынған ғылыми-технологиялық бағдарламалар жобаларымен танысты.

Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов заманауи зерттеу және өнеркәсіп жабдықтарымен жабдықталған Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің зертханасын қарап шықты. Сондай-ақ Премьер-Министрге «Мехатроника және өндірісті автоматтандыру» жаңа зертханасының «FESTA» роботтандырылған желісі көрсетілді.

Жас мамандар даярлау және жалпы жастарды жұмыспен қамту мәселелері ҚР Үкіметінің айрықша бақылауында екенін айта кеткен жөн. Өңірлерге жұмыс сапарлары барысында Премьер-Министр жас буын өкілдерімен кездесуге айрықша көңіл бөледі.

Таяу жылдары Қазақстанда Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жастардың арасынан 35 мыңға жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жоғары білімді мамандарға сұраныс 17 мың адамды, техникалық білімі бар мамандарға сұраныс – 18 мың адамды құрайды.

Анықтама үшін:

«Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 10 жоғары оқу орнын анықтады, оның базасында түрлі салаларда ғылымның өндіріспен байланысы және индустрияландыруға кадрлар даярлау қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы экономиканың 14 секторындағы және металлургия, химия, мұнай химиясы, машинажасау, құрылыс материалдары, азық-түлік өнеркәсібі сияқты 6 басымдықты салаларда  әртараптандыруды ынталандыруға және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.  

2015 жылдың қорытындысы бойынша ИИДМБ-2 аясында Қазақстанда 150 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2016 жылы 120 жобаны іске қосу жоспарланған, соның арқасында 14 мың жаңа жұмыс орны ашылады