Соңғы үш жылда 1000-нан астам оқушы ҰБТ тапсырудан босатылды

09 тамыз 2016, 22:34

Қазақстанда үш жыл ішінде халықаралық және республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының 1032 жеңімпазы ҰБТ тапсырудан босатылды.

«ҚР БҒМ бұйрығына сәйкес соңғы үш жылда республиканың барлық білім беру ұйымдарының 1 032 оқушысы ҰБТ-ден босатылды. Бұл халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары», – деп мәлімдеді ОКҚ баспасөз конференциясында ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева.

Оған қоса, 2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша 5 433 мектеп бітіруші түлектер қорытынды аттестацияда (ҰБТ) жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мектеп бітіруші түлектердің 484-і – «Алтын белгі» иегерлері.

«Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша «Дарын» желісі мектептерінің 61% республикамыздың үздік 100 білім беру ұйымдарының тізіміне еніп келеді. Тест тапсырмаларының қорытындылары бойынша орташа ұпайы – 102,3 ұпайды құрап отыр», - деп баса айтты спикер.

Айта кетер болсақ, ҰБТ-2016 қорытындысы «Дарын» желісіндегі мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларының қаншалықты тиімді екенін тағы да дәлелдеп берді. ҰБТ қорытындысы бойынша 125 балл жинаған 19 түлектің алтауы «Дарын» мектептерінің түлектері.

ҚР БҒМ мәліметінше, қазіргі таңда «Дарын» желісіне 124 мамандандырылған білім беру ұйымы кіреді. «Дарын» желісінде тегін түрде ақысыз 61 167 бала білім алып, олардың 40% ауылдық елді мекендерден келген. Мамандандырылған білім беру ұйымдарында еңбек ететін 7 741 ұстаздың жартысынан астамы – жоғары санатты мұғалімдер.