Қазақстанда білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды

10 тамыз 2016, 16:26

2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі 31 702 грант бөлді. Бүгін білім гранттары иегерлерінің тізімі жарияланды.

Бұған дейін ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің төрағалығымен білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссия ҚР ЖОО-дарында оқуға гранттар тағайындау бойынша қорытынды жасаған болатын.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жоғары оқу орындарының ректорлары кірді.

Е. Сағадиев айтып өткендей, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық басымдықтарына айрықша көңіл бөлінді. Бұл ең алдымен Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы. Сондай-ақ еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға назар аударылды.

Аталған басымдылықтар ескеріле отырып, 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға, 5 мыңға жуық грант – педагогикалық,  2 690 грант – ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына, 3000 грант – медициналық мамандықтарға бөлініп отыр.

ҚР БҒМ мәліметінше, биыл 31 702 грант бөлініп отыр, оның ішінде 2 950 грант – ЖОО дайындық бөлімдерінде оқуға,  28 752 грант – ЖОО-ның 1 курстарында оқуға (күндізгі оқу бөлімдеріне – 28 452, сырттай оқу бөлімдеріне – 300 грант).

Конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс берілетін жоғар оқу орындарының тізімі анықталды. Оқу гранттары 87 ЖОО-на бөлініп отыр.

Оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысып отыр. Олардың 47 342 – қазақ тілінде, 12 335 – орыс тілінде оқиды.  

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша өткізілген конкурсқа 9797 адам қатысып отыр.

Конкурсқа қатысушылардың ішінде: 2208 «Алтын белгі» иегерлері, 303 колледж түлектері, 169 халықаралық және республикалық олимпиадаларының жеңімпаздары, 854 халықаралық және республикалық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары, 948 халықаралық және республикалық спорттық жарыстардың жеңімпаздары, 9 Президенттік олимпиаданың жеңімпаздары.

Конкурсқа, ведомствоның мәліметінше, 492 жетім бала, 363 I және II топ мүгедектері, 37 соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер санатындағы абитуриент, 1053 ҚР азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдері қатысады. Бұл адамдарға квоталар белгіленіп отыр.