Қазақстанда үздік ғылыми әзірлемелерге арналған гранттық бағдарлама іске қосылды

15 тамыз 2016, 21:11
Фото: МОН РК

Қазақстанда өндірістік инновацияларды ынталандыратын жоба іске қосылды, жобаның жалпы құны 110 млн доллар. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ОКҚ баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік Банкпен бірлесе отырып елдегі коммерцияландыру жүйесін дамыту шеңберінде «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасын іске асыруды бастады. Жобаның мақсаты ел үшін жоғары сапалы, өзекті зерттеулер жүргізуді және технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру болып табылады. Осы жоба инновациялық жобаларды және технологиялық стартаптарды іріктеп алуда және оларға қолдау көрсетуде нарықтық әдістерді енгізуге, сондай-ақ жеке сектордың қатысуына қолдау жасау жолымен ұлттық инновациялық жүйенің маңызды институттарының әлеуетін нығайтуға, яғни бірегей жобаларды әзірлеуден бастап бизнес үдеріске жеткізуге дейін қолдау жасауға бағытталған. Оны жүзеге асыру мерзімі – 5 жыл, яғни 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін. Жалпы сомасы – 110 млн доллар», - деп мәлімдеді Б. Асылова.

2016 жылы Жобаны іске асырудың бірінші кезеңі – өз ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұсынған аға ғылыми қызметкерлер тобы мен кіші ғылыми қызметкерлер тобын гранттық қаржыландыруға конкурс басталады. Аталған конкурс шеңберінде берілген жобалар үшжылдық іске асыру кезеңіне арналған.

«Гранттар өндіріске енгізу және/немесе нарыққа шығару арқылы коммерцияландыруға арналған технологиялар әзірлеу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарын жүргізуге тілек білдірген белгілі қазақстандық ғалымдарға, жас талантты зерттеушілер мен кәсіпкерлерге берілетін болады», - деп баса айтты Б.Асылова.

Бұдан өзге, оның айтуынша, аталған жоба мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерге, нақтылай айтқанда 64-қадамның өндіріске инновациялар енгізу және ғылыми гранттар мен бағдарламаларды индустриалдық-инновациялық дамудың мұқтажына қайта бағыттауды қосымша қаржыландыру жөніндегі бөлігіне сәйкес келеді.