«Мектепке жол» акциясының 10 күнінде 15 мыңнан астам бала оқу жылының қарсаңында көмек алды - ҚР БҒМ

17 тамыз 2016, 00:03
Фото: tengrinews.kz

«Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясының 10 күні ішінде 15 564 балаға жалпы көлемі 111 млн 953 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді, деп мәлімдейді ҚР БҒМ.

Естеріңізге салсақ, 1 тамызда елімізде жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын өткізу басталған болатын. Биыл ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орайластырылып, «Бақытты балалық шақ мекені» тақырыбы аясында өткізіліп жатыр. Акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау және олардың әлеуметтік себептермен мектепке бармауын болдырмау мақсатында қажетті көмек көрсету.

Акция аясында 77 437 рейдтік іс-шара өткізіліп, оған 20 664 мұғалім, балалар құқықтарын қорғау және білім беру органдарының 7 358 өкілі, ішкі істер органдарының 1 605 қызметкері, халықты әлеуметтік қорғау органдарының 338 маманы, Үкіметтік емес ұйымдарының 227 өкілі, ата-аналар қауымдастықтарының 2 476 мүшесі, бұқаралық ақпарат құралдарының 184 өкілі қатысты.

Министрлікте мәлімдегендей, қазір де «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр.