Қазақстанда алдағы жылыту маусымына 1 млн тонна көмір және 14 мың тонна мазут дайындалды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2022-2023 жж. жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мақсатында энергетикалық кәсіпорындарды күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау жалғасып жатыр.

«Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр станцияларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыларда», — деді Б. Ақшолақов.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша жылу беру кезеңіне орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында 487 қазандықты дайындау үшін 1073 қазанды немесе жоспардың 90%-ына жөндеу жүргізілді.

Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 20 201 км электр беру желілерін, сондай-ақ 712 бірлік жоғары вольтты кіші станцияларды жөндеу жоспарланған болатын.

«Бүгінгі таңда 14 047 км электр беру желілері мен 331 кіші станция жөнделді, бұл жылдық жоспардан желілер бойынша тиісінше 70%-ды және кіші станциялар бойынша 46%-ды құрайды. Электр желілерін жөндеу бекітілген кестелергее сәйкес аяқталып келеді», — деді энергетика министрі.

Сонымен қатар Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдерінің сақталмағаны атап өтіледі.

Бұдан басқа, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында күрделі жөндеулер 2023 жылға ауыстырылды.

Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, энергия кәсіпорындарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына тұрақты бақылауды жүзеге асырады және электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Ведомство басшысының айтуынша, электр станцияларында отын жинақтау жалғасып жатыр. Энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 3,9 млн тоннаны және 83 мың тонна мазутты құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Сонымен қатар 5 станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейді.

Өткен жылыту маусымының басында жылжымалы құрамдардың жетіспеуіне байланысты еліміздің бірқатар электр станцияларына көмір жеткізу мерзімдерінің сақталмаған.

Өңірлерге арналған «әлеуметтік мазутқа» қатысты Б. Ақшолақов 2022 жылғы тамызда Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес «2022-2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік объектілер мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша мұнай және мұнай өнімдерінің негізгі ресурс ұстаушыларына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын бекіту кестесін» 218,6 мың тонна көлемінде бекіткенін атап өтті.

Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешек 4 млрд 959 млн теңгені құрайды. 

Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында жалпы сомасы 2 млрд 479 млн теңге берешегі бар.

Энергетика министрінің айтуынша, жылыту маусымына дайындыққа жүргізілген талдау нәтижесінде ағымдағы жылыту маусымында ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар өңірлер анықталды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша

Жол картасына сәйкес Петропавл 2-ші жылу электр орталығын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасуда, бүгінгі таңда негізгі жабдықты (қазандықтарды) күрделі жөндеу 85%-ға орындалды, қазандық цехының бас корпусын қалпына келтіру бойынша жұмыстар, сондай-ақ қазандарды қалған екі түтін құбырына қосу арқылы газ құбырларын реконструкциялау жүргізілуде.

Петропавл ЖЭО-2-нің дайындығы Министрлік пен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Түркістан облысы бойынша

Кентау ЖЭО-5-тің негізгі жабдығының қатты тозғанын ескере отырып, Түркістан облысының әкімдігіне Кентау қаласының жылу электр орталықтары мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржыландырудың уақытылы бөлінуіне назар аударып, көмірмен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алу қажет.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша

Жалпы, энергия көздерін дайындау бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, жоспардың 80%-ы орындалды.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда әкімдіктің ақпараты бойынша жылу энергиясының жабылмайтын тапшылығы 346 Гкал/сағ құрайды. Өсіп келе жатқан тапшылықты жабу үшін ЖЭО-3-ті пайдалануға енгізуді жеделдету қажет.

Абай облысы бойынша

«Теплокоммунэнерго» МКК бойынша облыс әкімдігіне барлық жылыту кезеңіне толық көлемде отын сатып алуға қаржыландыру бөлу жөнінде және кәсіпорынның берешектерін төмендету жөнінде шаралар қабылдау қажет.

Маңғыстау облысы бойынша

Энергия блоктарын жиі авариялық ажыратуға байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» жылу электр станциясының тұрақсыз жұмысы атап өтіледі.

Ақмола облысы бойынша

Өткен жылыту маусымында Степногор ЖЭО қазандықтарында 2020-2021 жж. жылыту маусымымен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтардың 78%-ға өсуі байқалады. Жылу желілерінің тозуы 81%-ды құрайды.

Павлодар облысы бойынша

Жылу желілерінің жоғары тозуына байланысты (81%) Екібастұз қаласында өткен жылыту маусымының басында жылу желілерінің жоғары авариялылығы байқалды, бұл тұрғындар арасында негізді шағымдар тудырды. Бұдан басқа, жылу желілеріне күрделі жөндеулер шамалы ғана жүргізілгені атап өтіледі.

Б. Ақшолақовтың айтуынша, 2022-2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуі үшін:

  • электр станцияларында, электр желілерінде барлық жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындау;
  • энергия көздерінде отынның нормативтік қорын жинақтау үшін жылжымалы құрамның қажетті мөлшерімен қамтамасыз ету,
  • отын жеткізушілер алдындағы берешекті азайтуды қамтамасыз ету;
  • коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жеткізушілер алдындағы дебиторлық берешегін төмендету бойынша шаралар қабылдау;
  • елді мекендерінің білім беру, денсаулық сақтау, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, әлеуметтік және мәдени объектілерін жылумен жабдықтау жүйесіне уақытылы қосуды қамтамасыз ету;
  • жылыту кезеңінде электр станцияларына, қазандықтарға және өңірлер халқының қажеттіліктеріне көмір мен мазуттың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ету қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев алдағы 2022-2023 жж. жылыту маусымына сапалы және уақытылы дайындалу мақсатында ведомство Жұмыс жоспарын бекіткенін айтты. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері:

  • 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын;
  • 2022 жылғы 15 қазанға дейін коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саланың, тұрғын үйлердің толық дайындығын және барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет.

Білім беру нысандарының дайындығына қатысты

Биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жоспарланған 11 157 білім беру объектісінің 11 075-і немесе жоспардың 99 пайызы жылу беру маусымына дайын.

«Білім беру нысандарының дайындығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында төмен қарқын байқалады. Аталған өңірлер әкімдіктері білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауы қажет», — деді Қ. Өскенбаев.

Денсаулық сақтау нысандарының дайындығына қатысты

Жалпы биыл 5 674 денсаулық сақтау нысанын дайындау жоспарлануда, оның ішінде бүгінде 5 566-сы немесе 98%-ы дайын. Басқа өңірлермен салыстырғанда дайындықтың төмен деңгейі Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Атырау облыстарында байқалады.

Тұрғын үйлердің дайындығына қатысты

Жөндеуге жоспарланған 48 413 тұрғын үйдің 42 383-і немесе 88%-ы дайын. Тұрғын үй дайындығының төмен қарқыны Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алып отыр.

Автономды қазандықтарға қатысты

Жергілікті атқарушы органдармен 11 435 автономды қазандықты жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 11 074 қазандық немесе 97%-ы дайындалды. Басқа өңірлермен салыстырғанда Абай, Қарағанды, Жамбыл облыстарында дайындық жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде.

Жылу желілерін дайындауға қатысты

Ағымдағы кезеңге жоспарланған 1 249 шақырым жылу желілерінің 1 176 шақырымы немесе 94%-ы жөнделді. Алайда, Абай, Түркістан, Жетісу облыстарында жөндеу жұмыстары баяу жүргізілуде. 

Сумен жабдықтау және су бұру желілерін дайындауға қатысты

Жоспарланған 2 353 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 2 031 шақырымы немесе 86%-ы жөнделді. Сумен жабдықтау нысандарын дайындау бойынша төмен көрсеткіштер Түркістан, Алматы және Ақмола облыстарында орын алып отыр.

Әкімдіктер жылу беру маусымына инженерлік инфрақұрылымды, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді уақытылы әрі сапалы дайындау бойынша тиісті шараларды күшейтуі қажет.

Автономды қазандықтарға отын дайындауға қатысты

Қ. Өскенбаевтың хабарлауынша, алдағы жылу маусымына автономды қазандықтарға отын қажеттілігі 1,3 млн тоннаға жуық көмір мен 16 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі таңда 1 млн тонна көмір және 14 мың тонна мазут дайындалды.

Көмір сатып алудың төмен көрсеткіші Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалса, мазут отынын сатып алудың төмен пайызы Ақмола, Ақтөбе облыстарында орын алып отыр. 

«Жергілікті атқарушы органдар автономды қазандықтар үшін отынды уақтылы сатып алу және жеткізу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Министрлік апта сайын халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізеді», — деді Қ. Өскенбаев.

Көмір өндіруші компаниялардың жедел деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106%-ды құрайды.

Жедел деректер бойынша есепті кезеңде елдің ішкі нарығына келесідей көлемдегі көмір жөнелтілді:

  • коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа шамамен 4,5 млн тонна;
  • энергия өндіруші кәсіпорындарға 35 млн тонна;
  • өнеркәсіп кәсіпорындарына 4,2 млн тонна;
  • экспортқа 19 млн тонна.

Ірі көмір компаниялары бөлінісінде «Шұбаркөл көмір», «Восточный», «Майкөбе-Вест» және «Қаражыра» разрездерінде өндірудің өсуі байқалады. Жалпы, барлық өңірлерде көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталған. Теміржол көлігі паркі көмірді тасымалдауды толық қамтамасыз етіп жатыр. 

Әкімдіктердің деректері негізінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022-2023 жылдар кезеңіне арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір өнімдерінің қажеттілік жоспарын қалыптастырды.

Осы Жоспарға сәйкес тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,6 млн тонна, тұрғындарға – 7 млн тонна.

«2022 жылғы 3 қыркүйектегі жағдай бойынша, қажеттіліктің жылдық жоспарына қатысты коммуналдық-тұрмыстық сектор – 49,9%, тұрғындар – 30,9% көмір қорымен қамтамасыз етілді. Разрездерде көмір толық мөлшерде бар, көмірді өндіру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, разрездердегі көмірдің бағасы өткен жылғы деңгейде қалып отыр», — деді Қ. Өскенбаев. 

Жылыту маусымын сәтті жүргізу үшін келесідей қосымша шаралар қабылданып жатыр:

  • коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарға көмір жеткізу үшін «Қазақтеміртранс» акционерлік қоғамына вагондар паркін ұлғайту;
  • делдалдарды айналып өтуге мүмкіндік беретін биржа арқылы көмірді сату үлесін 50% - ға дейін арттыру;
  • көрші мемлекеттерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен әкетуді шектеу бойынша қосымша шаралар.

Дебиторлық берешекке қатысты

Биыл қыркүйекте тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 13,8 млрд теңгені құрайды.

Ең үлкен дебиторлық берешек келесі қалаларда сақталуда:

  • Нұр-Сұлтан қаласында – 2,5 млрд теңге;
  • Алматы қаласында – 2,5 млрд теңге;
  • Шымкент қаласында – 1,7 млрд теңге.

Алдағы жылу беру маусымына уақытылы дайындалу мақсатында әкімдіктер келесідей шаралар қабылдауы қажет. Атап айтқанда:

  • белгіленген мерзімде елді мекендердің білім беру, денсаулық сақтау нысандарын, тұрғын үйлерін және инженерлік инфрақұрылымын дайындау бойынша барлық жөндеу жұмыстарының орындалуын қамтамасыз ету;
  • көмір тапшылығын болдырмау мақсатында көмір жеткізушілерімен белсенді өзара іс-қимыл жасау;
  • монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін тарту арқылы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір бағасының заңсыз өсуін болдырмау;
  • автономды қазандықтар үшін отынды уақтылы дайындауы және қолда бар дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жалғасып жатыр. 

«Басты мәселе – Петропавл жылу электр орталығының дайындығы. Жөндеу жол картасы аясында жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 10 мердігер, 395 адам және 35 техника тартылды. Акционерлер жөндеу және қалпына келтіруге 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Оның 12,5 млрд теңгесі биыл жұмсалды», — деді Құмар Ақсақалов өз баяндамасында.

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарымен 4 қазандық және 1 турбоагрегат қамтылды. №1 мұржаны бұзу жалғасады. №2 мұржаны жөндеу аяқталды. Материалдарды жеткізу бойынша проблема жоқ. 

Сонымен қатар, бас корпус ғимаратын қалпына келтіру және уақытша газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жылыту маусымын 5 қазандықпен бастау жоспарланып отыр. 1 қазанда қосымша 4 қазандық және 1-ші желтоқсанда тағы екеуі іске қосылады. Осылайша, жылыту маусымының өтуі 11 қазандықпен қамтамасыз етілмек.

«Жалпы облыста білім, денсаулық сақтау және мәдениет нысандары толық дайын. Қазандықтар және көп қабатты үйлер дайын. Сондай-ақ 5 км астам жылу желілері, 4,6 км су желілері, 1 300 км электр желілері күрделі жөндеуден өтті», — деді СҚО басшысы.

Өңір әкімінің айтуынша, бюджеттік мекемелері үшін 125 мың тонна алды немесе көмірдің 89%-ы жеткізілді. Тұрғындар 170 мың тонна алды немесе 40%-ы көмірмен қамтамасыз етілген. 

«Жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда», — деп түйіндеді Құмар Ақсақалов. 

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Барлығы 312 жылу көзі жұмыс істейді, оның ішінде 18-і Семей қаласында.

«Бүгінгі күні облыстың 4 ірі жылу көздерінде ЖЭО-1, РК-1, Семей қаласындағы «Орталық» қазандығында және Бородулиха ауданындағы 4 қазандықта жөндеу-дайындық жұмыстары толық аяқталды. Шүлбі ГЭС-інде жоспарлы-алдын алу жұмыстары аяқталып, гидроагрегаттар ретке келтірілуде», — деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, 35 шағын қазандықта жұмыстар аяқталды, соның ішінде Аягөз қаласында және Бородулиха ауданы Бородулиха ауылында қазандық магистральдарына қосу бойынша жұмыстар аяқталып келеді.

Бюджеттік ұйымдар жылумен қамтамасыз ететін 199 автономды қазандық жылыту маусымына толық дайын. Қалған 74 нысан бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталды, нысандардың дайындығы туралы төлқұжаттарды беру рәсімі жүргізіліп жатыр.

Инженерлік желілер бойынша

Абай облысы әкімінің мәліметінше, 4 мың км инженерлік желілердің дайындық жұмыстары 97%-ға аяқталды, қалған 3% немесе 130 км желілер бойынша сынақтар жүргізілуде, тексеру жұмыстары аяқталуда. Жылу көздері мен инженерлік желілердегі барлық дайындық жұмыстары 20 қыркүйекке дейін аяқталады.

Көмірмен қамтамасыз ету

Жылыту маусымына облыстың жалпы қажеттілігі 1,2 млн тоннаны құрайды. Бүгінде 406 мың тонна көмір жеткізілді. Оның ішінде:

  • жылу көздеріндегі пайдалану қоры үшін 23 мың тонна, оның ішінде 18,5 мың тонна көмір Семей қаласын жылумен қамтамасыз етеді;
  • коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 383 мың тонна, оның ішінде Семей қаласының кәсіпорындары мен халқы үшін 176,8 мың тонн;

Мазут бойынша

1,3 мың тоннаға әлеуметтік мазут жеткізуші анықталды. Жеткізу 2023 жылдың қазанынан ақпанына дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қорларда шамамен 698 тонна мазут бар. Абай облысын жылыту маусымына дайындау жұмыстары тұрақты бақылауда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу