Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Б. Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары: өнеркәсіпті, моноқалаларды дамыту және жаңа экономикаға мамандарды даярлау

25 сәуір 2018 жыл
Фоторепортаж

Бақытжан Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары: өнеркәсіпті, моноқалаларды дамыту және жаңа экономикаға мамандарды даярлау

25.04.2018
Сәрсенбі күні, 25 сәуірде, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып қайтты. Сапар мақсаты — Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу.
Қарағанды облысы — Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі — 49,5%, ауыл шаруашылығы — 3,2%, құрылыс — 2,8%, сауда — 12%, көлік және қоймалау — 6,9%, ақпарат және байланыс — 0,6%, жылжымайтын мүлік операциялары — 5,6%, басқалары — 19,4% құрайды.
Қарағанды облысы — Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік аймақтарының бірі. ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі — 49,5%, ауыл шаруашылығы — 3,2%, құрылыс — 2,8%, сауда — 12%, көлік және қоймалау — 6,9%, ақпарат және байланыс — 0,6%, жылжымайтын мүлік операциялары — 5,6%, басқалары — 19,4% құрайды.
Жұмыс сапарының кестесіндегі алғашқы бағыт Қазақстанның мысты өңірі — Жезқазған қаласы болды.
Видео
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Б. Сағынтаев Сәтпаев қаласына барып, «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылысымен танысты. Шағын ауданға Жезқазған кентінің апатты үйлерінің тұрғындары және мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағындағы көрші елді мекен адамдары көшіріледі.

Жоба Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012–2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында іске асырылып жатыр. Сәтпаев қаласының әкімі А. Ыдырысов осы жылдың маусым айының соңына дейін төрт үй тұрғызылатынын айтты. Бұған қоса, биыл 107 екі пәтерлі үй мен екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
Премьер-Министр Сәтпаев қаласындағы «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды аралап, өңірде ШОБ дамыту қарқынымен, сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Ханум» макарон өнімдерін шығаратын цехын тексеру барысында кәсіпорынның атқарушы директоры Алена Алексеева жобалық қуаттылығы — сағатына 200 кг, жылына — 3000 тонна макарон өнімдерін құрайтынын мәлімдеді. Алты айда 5,5 тонна өнім шығарылған. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген.
Бұдан кейін Б. Сағынтаев ірі өнеркәсіптік нысан — «КаzakhmysSmelting» Жезқазған мыс қорыту зауытында болды. Бақытжан Сағынтаев нысанда катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тексерді.

Кәсіпорынның бас директоры Ә. Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларымен таныстырды, оның қорытындысы бойынша зауыт қуаттылығы екі есеге артады.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Жезқазған өңірін, сондай-ақ жалпы Қарағанды облысын дамытудың өзекті мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді.

Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен кездесу барысында облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, нарық жағдаятының өзгерістеріне және жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даярлау және қайта дайындау мәселелері талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау тетіктері қаралды.
Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Б. Қырықпышев өңірдегі тау-кен металлургия саласын дамыту перспективалары, өндірістік процестерді автоматтандыру және цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру және мамандарды қайта бағдарлау туралы айтып берді.

ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек облыстың технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бағыттары бойынша ағымдағы көрсеткіштері мен міндеттері туралы баяндады.

Ұлттық экономика вице-министрі Р. Дәленов Қарағанды облысының моноқалаларын дамыту туралы ақпарат берді. Аймақтың сегіз моноқаласында облыс халқының 42%-ы тұрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова өнімді жұмыспен қамтуды және еңбекке жұмылғыштықты дамыту, мамандарды жаңа экономикаға дайындау және қайта даярлау мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңірде іске асыру нәтижелері туралы баяндады.

Сондай-ақ, кездесуде өңір жұртшылығының өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Зинаида Чумакова, Жезқазғанның құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Ұлытау тұрғыны Шаяхмет Үмбетов өңірді газдандыру, «Сарыарқа» газ құбыры бойында ШОБ дамыту, сондай-ақ Жезқазған — Қызылорда автожолының сапасы мәселелерін қозғады.
Премьер-Министр Жезқазғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған «BAYAN компаниясы» ЖШС мамандандырылған өнімдер шығаратын өндірістік кәсіпорнына барды.

Бақытжан Сағынтаев объектіде азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша технологиялық желілер жұмысымен танысты.

«BAYAN» компаниясының бас директоры Ә. Ысқақова кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы 150 млн теңгеден астам сомаға, жылына 143,5 тонна өнімді құрайтынын мәлімдеді. Зауытта ірімшік және қышқыл сүт өнімдері, шырындар, сарысулы сусындар мен ішетін йогурттер шығарылады.
Жезқазғандағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС медициналық орталығында Бақытжан Сағынтаевқа жаңа жабдықтар көрсетілді.

Нысанды тексеру кезінде медициналық орталықтың директоры В. Моторыкин мекеме жұмысы туралы айтып, жүрекке күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін Innova IGS 530 жаңа ангиографиялық қондырғыны көрсетті.

Медорталық «Қазақмыс» корпорациясының жұмысшылары мен зейнеткерлеріне қызмет көрсету үшін ашылған, дегенмен мұнда кез келген ниет білдіруші тексеріле алады.
Түстен кейін Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары Қарағанды қаласында жалғасты.

Бақытжан Сағынтаев облыстың ЖОО мен колледждерінің студенттерімен, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылармен, студенттер ұйымдарының көшбасшыларымен, ЖОО ректорларымен, колледждердің директорларымен кездесті.
Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес бастамасын» жүзеге асыру үшін Жол картасы қабылданғанын айтты. Қазіргі таңда Үкімет жастардың үй-жай жағдайын жақсарту мен білім берудің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұдан өзге, еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары атқарылуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова аталған жұмыс туралы толығырақ баяндап берді.

Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылова «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты Президенттің үшінші бастамасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.

Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры С. Балабекова колледжде әлеуметтік бастамаларды іске асыру мен инклюзивті білім берудің қолжетімділігі туралы айтып берді.
Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті С. Норматов жаңа экономика жағдайында мамандарды даярлау үшін Worldskills International қозғалысының маңыздылығы туралы айтты.

Қосарлы білім беру, өндірістік тәжірибеден өту, колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы туралы Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері К.Тұрғамбек баяндады.

Қарағанды техникалық университетінің 3 курс студенті Ж. Арғынбай «Серпін» жобасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселелері жөнінде сөйледі.

Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті О. Калмыкова білім сапасын сақтандыру мәселелері туралы айтты.

Бақытжан Сағынтаев әрбір өңірде студенттерді дайындап жатқан техникалық мамандықтардың арақатынасы қажеттіліктерге сай келуі тиіс екенін атап өтті. Еңбек нарығын үнемі зерделеу қажет, студенттерге оқулары аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу үшін бос орындар туралы ақпарат беріп отыру керек.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр министрлерге, облыс әкіміне барлық қозғалған мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.
Сол күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев «Сарыарқа» АЭА аумағында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған кәсіпорындарда болды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А. Айдаров АЭА аумағында 15 қатысушы тіркелгенін айтты.
«Бёмер Арматура» зауытының бас директоры Кефер Андреас келешекте осында шығарылатын шарлы крандар мен ілмекті арматура «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу кезінде пайдаланылатын болады деп жоспарланғанын айтты.
АЭА аумағындағы келесі нысан пайдаланудан шыққан көлік құралдарын кәдеге жарату саласындағы Орталық Азия өңіріндегі алғашқы әрі жалғыз зауыт — «Recycling Company» болды.

Зауыттың бас директоры Александр Рябинин жоба 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылғанын айтты. Оның қуаттылығы жылына 50 мыңға жуық машинаны пайдаға асыруға мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің жұмыс сапары «Сарыарқа» АЭА аумағында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен өткен кездесумен аяқталды.
Қарағанды — еліміздің ең ірі өндірістік орталығы. Өңірдің ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 50% құрайды.

Өңірде экономикалық өсімнің жаңа моделі қалай қалыптасып жатқаны, экономиканың жаңа сервистік секторлары қалай дамып жатқаны, кадр ресурстарын басқару қалай жүргізілетіні, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері қалай шешілетіні және бизнестің рөлі қандай екені туралы облыс әкімі Е. Қошанов баяндады.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек өнеркәсіп пен жүйе құрушы кәсіпорындарды цифрландыру туралы айтып берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова жұмыс орындарын ашу, халықты Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру туралы мәлімдеді.

Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асырудағы облыстың рөлі мен міндеттері, бизнесті дамыту туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов баяндады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері туралы айтып берді.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы М. Тұрмағамбетов, «ҚазМырыш» ЖШС бас директоры А. Хмелев, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ директорының орынбасары Р. Айер, «Maker» ЖШС атқарушы директоры А. Нарежнев өнеркәсіпті цифрландырудың еңбек өнімділігіне ықпалы, сондай-ақ технологиялық революция мәселелері төңірегінде сөз сөйледі.

Мәселені талқылауды қорытындылай келе, Б. Сағынтаев Үкіметтің бизнеспен жемісті жұмыс істеуге ашық екенін атап өтті. Талқыланған мәселелер бойынша министрлер мен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.
Еске сала кетейік, биылдыққа бұл ел өңірлері бойынша төртінші жұмыс сапары. Бақытжан Сағынтаев бұған дейін жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстарында болды.