ІТ-компаниялардан түскен салық көлемі 46%-ға өсті – Б. Мусин

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында биыл 85 іс-шара жоспарланған.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестеріне реинжиниринг жасау туралы тапсырма бергенін атап  өтті. Осы тапсырма аясында 5 мың процестен тұратын тізім жасалып, олардың 175-не жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалды. Атап айтқанда, әрбір қызметті саралай келе, оларды алу үшін азаматтар қанша қадам мен сатыдан өтуі, жұмсалатын қағаз санын анықтап, қажетсіз бюрократия жойылды. Нәтижесінде, жаңа әдістеме негізінде бизнес-процестердің жақсару деңгейі 54%-ға жетті. Осылайша, 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалатын болады.

Өз кезегінде, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізілуде, олардың үлесі 94%-ға жетті. Алдағы мақсат – проактивті жұмыс форматына көшу. Ондай қызметтердің саны бүгін 25-ке жетті.

Бүгінгі таңда ең сұранысқа ие қызметтер смартфондарда қолжетімді. Өткен жылмен салыстырсақ, олардың қолдануы 17,5%-ға өсті. Сервистердің Халық және Каспий сияқты танымал платформаларда болуы аталған көрсеткішке оң әсерін тигізді.

«Сондай-ақ 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігін іске асырдық. Жыл соңына дейін олардың санын 44-ке дейін жеткіземіз. ХҚКО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетуде. 2024 жылға дейін 115 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылады», — деді Б. Мусин.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның барлық отбасылары бойынша эталондық деректер базасын құрып жатыр. Күн сайын елдегі 6 млн отбасының әл-ауқаты 80 параметр негізінде жаңартылып отырады.

«Скоринг моделі негізінде әр отбасының қандай тәуекелдерге ұшырайтынын көре аламыз. Бұл, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмекті проактивті форматта көрсетуге мүмкіндік береді. Осы картаны «Әлеуметтік әмиян» жобасымен интеграциялау негізінде біз мемлекеттік қолдаудың ваучерлік жүйесін іске асыратын боламыз. Мысал ретінде, ваучерлік жүйені дәрі-дәрмек мысалында көрсететін болсақ, бұл процесс едәуір оңтайланатын болады. Атап айтқанда, тегін дәріні алушы поликлиникадан алған рецептіні ұялы телефонға жүктеп, сол арқылы дәріханаға көрсету арқылы шоттан шығарады», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Мемлекеттік аппараттың құжат айналымын қысқарту мақсатында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге планшеттер таратылды. Алдағы уақытта 450 планшет қосымша берілетін болады.

Сонымен қатар Бағдат Мусин Smart Bridge арқылы интеграциялар оңай жүргізілетінін айтты. Ал, Smart Data Ukimet сервисінде бар ақпаратқа сұрау жасауға тыйым салынған. Алдағы уақытта SDU цифрлық каталогында 900 есеп қолжетімді болады.

Мемлекеттің азаматтармен қатынасын цифрлық құралдарға көшіру қолға алынды. Мысалы, e-Otinish платформасы өзінің тиімділігін растады. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әкімшілік сотқа өтініштерді оңай беру үшін Жоғарғы Сотпен интеграция жүргізді.

«Мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша халықтан кері байланыс алынуда. Мысалы, біз eGov-та 800 мыңға жуық қызметке бағалау жүргіздік. Жасанды интеллект технологиясын қолданып, 1414 кеңес беру қызметін роботтандыру бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр», — деді министр.

Әкімдіктерді цифрландыру бойынша «үлгілік сәулет» және «ақылды қаланың» жаңа эталондық стандарттары бекітілді. Бүгінде «ақылды қала» бойынша 25 басым бағыт бойынша базалық талаптар қойылды. Алайда, бірқатар өңірлерде «Smart city» жобалары баяу енгізілуде. Мысал ретінде, онкологиялық ауруды ерте анықтау бойынша PACS-технологияларын, бейнекамералар мен электрондық билеттеу жүйелерін атап өтуге болады. Атап айтсақ, елдегі жедел басқару орталықтарына шығарылған камералардың орташа үлесі 29%-ды құрайды. Осы орайда, әкімдіктер «ақылды қала» бойынша базалық жобаларды енгізу жұмыстарын жандандыру қажет.

Ішкі істер министрлігі цифрландыру бойынша жүргізген шаралардың нәтижесінде бейнебақылау камераларының саны өсіп, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпалын тигізді. Нәтижесінде, қылмыстық істерді цифрландыру үлесі артып келеді.

«KAZNEDRA бірыңғай платформасы» бойынша тестілеу режимінде «minerals.gov.kz» платформасы іске қосылды. Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы бір жарым мың электронды есеп қолжетімді. Осы жылдың соңына дейін жер қойнауы бойынша қосымша 30 мың есеп электрондық нұсқаға көшіріледі. 

Бұған қоса, платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта бұл платформа жер қойнауын пайдаланушыларға «market place» ретінде жұмыс істейтін болады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларын цифрландыру бағыттары бойынша қара және түсті металдардың сынықтарын есепке алудың интеграцияланған ақпараттық жүйесі іске қосылды. E-Qurylys платформасында 92 республикалық автомобиль жолдарының құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік сараптамада BIM технологияларын қолданып, 3 қалада пилот жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «e-Shanyraq» жүйесі іске қосылып, оған 6 мыңнан астам көп пәтерлі үйлердің паспорты енгізілді. 

Сондай-ақ көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесіне 5 мыңға жуық логистикалық компания қосылды. Қазір тауар-жүк, көлік құжаттары, жол парақтары сияқты негізгі құжаттар осы жүйеге енгізілген.

Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Субсидиялаудың жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30 пайызға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің мобильдік қосымшасы құрылды.

«Жол полициясы қызметкерлеріне берілгендей, барлық ветеринарлық қызметкерлерге планшеттер берілетін болады. Шалғай аудандардағы фермерлердің жүйеде тіпті интернетсіз де жұмыс істеуіне мүмкіндік бар», — деді Бағдат Мусин. 

Отын-энергетика кешені саласында «Мұнай және газ конденсатын есепке алу» ақпараттық жүйесі енгізілді. Оған осы саладағы барлық бақылау жүргізілетін объектілердің 94% қосылды. Сондай-ақ жүйеге барлық жанармай құю станциялары қосылған. Енді, жаңармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады. 

«Генерацияның цифрлық картасы» шеңберінде 59 станцияның негізгі жабдығына паспорттау жүргізілді, енді әрбір станция жабдығының тозу дәрежесі онлайн қолжетімді болады.

Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі-оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 баспа оқулығының 97% цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін толық цифрландыруға қол жеткізіледі.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы атап өткендей, жалпы ауылдағы мектептерге дейін интернет инфрақұрылымы толық жеткізіледі. Алайда, мектеп ішіндегі интернетті тарату желілердің болмауы нәтижесінде ауылдық мектептерде білім беру үдерісін цифрландыру төмен деңгейде болып отыр. ЖАО тарапынан оқу процесіне интернетті 100% пайдалану мақсатында компьютерлік техникамен жабдықталған сыныптарда интернетті тарату желілерін қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының денсаулық сақтауды цифрландырудың өте баяу жүріп жатқаны туралы ескертуі аясында eHealth электронды денсаулық сақтаудың жаңа архитектурасына көшу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Бұл азаматтардың ұлттық денсаулық паспортын қалыптастыруға мүмкіндік береді, онда азамат медициналық қызмет көрсету орнына қарамастан барлық диагноздарды, талдауларды және т.б. ақпаратты көре алады. Мұнда Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті қашықтан белсенді пайдалануға ынталандыратын тиісті құқықтық актілерді қабылдау қажет», — деді Б. Мусин. 

Инновацияларды дамыту бағытында өнеркәсіп саласында модельдік цифрлық фабрикаларды енгізу үшін жағдай жасалып жатыр. Жалпы кәсіпорындарға тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. 

768 ауылдың 639-ында мобильді кең жолақты интернеттің сапасын жақсарту бойынша жоспар мерзімінен бұрын орындалды.

ІТ-саласын дамыту бойынша ІТ-компаниялардан түскен салық көлемі 46%-ға өскені байқалады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында «Ғылым» бағытын жүзеге асыру туралы баяндады. Бұл бағыт бойынша 4 негізгі бағыт, 4 міндет, 7 көрсеткіш және 27 іс-шара көзделген.

«Ғылым» бағыты бойынша міндеттер мына мәселелерді шешуге арналған:

1. Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту;

2. Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

3. Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру: ғылым-өндіріс-бизнес;

4. Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.

«Ұлттық жоба бойынша ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту үшін 2025 жылға дейін ғалымдар санын 1,5 есеге арттыру міндеті қойылып отыр, яғни ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50%-ға өсуі жоспарланған. Бүгінгі таңда ғалымдар мен зерттеушілердің саны 21,6 мың адамды құрайды, оның 7 525-і жас ғалымдар, бұл жалпы ғалымдардың 35%-ы», — деді Саясат Нұрбек. 

Бүгінгі таңда ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру енгізілді.

Жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми зерттеулерге және постдокторантура үшін 1037 грант бөлінді. Жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілді. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады.

Еліміздің 10 жоғары оқу орнында постдокторантура құрылып, диссертациялық кеңестерге ҒЗИ мен басқа да жоғары оқу орындарының ғалымдары тартылуда. Студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру үшін студенттер мен магистранттардың ғылыми қауымдастығы құрылды.

Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҒЗИ санын 15-ке арттыру, индекстелетін журналдардағы жарияланымдарды 150%-ға өсіру және 2025 жылы жабдықтарды 30%-ға жаңарту арқылы ҒЗИ сапасын арттыру міндеті тұр.

Сондай-ақ 2025 жылы қазақстандық ғалымдардың Халықаралық ғылыми журналдарындағы мақалалардың жалпы саны бойынша InСites елдік рейтингінде 65-орынға және «ҒЗИ сапасы» көрсеткіші бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 65-орынға қол жеткізу жоспарланған.

Материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту мақсатында 1,7 млрд теңге бөлінді. Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары 800-ге жуық ғылыми жабдық сатып алды. 2021 жылы жабдықтарды жаңарту үлесі – 13,7%-ды құрады.

Ғылыми орталықтардың 25,8%-ында олардың жұмысы мен жүргізілетін зерттеулердің тиімділігі мен нәтижелілігі тұрғысынан аудит жүргізілді.

Ғылыми және жарияланымдық қызмет нәтижелері бойынша «Scimago Institutions rankings» халықаралық рейтингіне 8 қазақстандық ҒЗИ мен ЖОО кірді. Сондай-ақ әлемдік деңгейде индекстелетін ғылыми журналдардағы мақалалардың жалпы саны бойынша InCites елдік рейтингісінде Қазақстан позициясының 2021 жылы 75-орыннан 73-орынға өсуі байқалады.

Сонымен қатар ұлттық жоба шеңберінде ғылымның елді дамытуға қосқан үлесін арттыру мақсатында ғылымды, өндірісті және бизнесті интеграциялау бойынша жұмыстар басталды. Мақсатқа қолжеткізу үшін кәсіпкерлік сектордың ҒЗТКЖ-ға арналған шығыстарының үлесін шығындардың жалпы көлемінен 50%-ға дейін және коммерцияландырылған жобалардың үлесін 30%-ға дейін арттыру жоспарланған. Сондай-ақ ҒЗЖ шеңберінде патенттік белсенділіктің 30%-ға өсуін қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда «Ғылым қоры» АҚ желісі бойынша барлығы 129 жоба коммерцияландырылып жатыр. 2022 жылы ҒҒТҚН коммерцияландыру бойынша жаңа конкурс жарияланды. 2021 жылы коммерцияландырылған жобалардың үлесі 26,2%-ды құрады.

2021 жылы салалардың стратегиялық ғылыми-техникалық міндеттерін шешу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға 2 конкурс, сондай-ақ гранттық қаржыландыруға 5 конкурс өткізілді.

Келесі бағыттар бойынша ғылыми-өндірістік кластерлер құру бойынша жұмыстар басталды:

1) медициналық-биологиялық және биотехнологиялар – «QazBioPharm» биофармацевтикалық холдингі негізінде; (2021 жылы құрылған)

2) агроөнеркәсіптік ғылымдар – «ҰАҒБО» базасында;

3) «Жасыл технологиялар» - «Назарбаев Университеті» ДБҰ базасында;

4) энергия тиімділігі - ядролық физика институты базасында;

5) ТМК – «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ базасында;

6) IT – «ИТП» АҚ базасында.

Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында, сондай-ақ «Инновациялық әлеует» стратегиялық көрсеткішіне қол жеткізу және ДЭФ ЖБИ рейтингінде Қазақстан позициясының 70-орынға өсуін қамтамасыз ету үшін ғылым саласындағы заңнама жетілдіріліп жатыр. 

2021 жылы ҚР заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы қабылданды: базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысын қосу; іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыруды енгізу, Гранттық қаржыландыру мерзімі мен БНҚ 5 жылға дейін ұлғайтылды; ҰҒК және МҒТС шешімдерінің апелляция институты құрылды.

ҚР даму басымдықтарына сәйкес салалардың басым ғылыми-техникалық міндеттерін (БНҚ) қалыптастыру тетіктері енгізілді. ҚР ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Оның шеңберінде Ұлттық жобаның шаралары мен міндеттерін кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.

«Ғылым» блогы бойынша Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен зерттеушілер санын 34 мың адамға дейін ұлғайту есебінен ғылымның елдің дамуына қосқан үлесінің өсуін арттыруға мүмкіндік береді, әлеуметтік тиімділілік, ал жобаларды жеке қоса қаржыландыру үлесін 50%-ға дейін жеткізу арқылы экономикалық тиімділік береді», — деді С. Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрі «Ғылым» бағытын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеден асатынын атап өтті. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу