Биыл І тоқсанның қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,1%-ға артты — ҚР ҰЭМ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2020 жылдың І тоқсанындағы ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және банк саласындағы ахуал туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтып берді. 

Р. Дәленовтің айтуынша, қазіргі уақытта әлемдік экономика күрделі жағдайда. 

«Халықаралық қаржы институттары коронавирусқа қарсы қорғану шараларының аясында жаһандық рецессияның байқалатынын және іскерлік белсенділіктің төмендігін атап өтті. Негізгі шикізат тауарларына коньюнктураның төмендегені байқалады», — деді  Р. Дәленов.

Қазақстанның биылғы І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндай отырып, министр қаңтар-наурызда жалпы ішкі өнімнің өсуі 2,7% құрағанын атап өтті.Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,1%-ға өсті. Жылдық инфляция 6,4% құрады.

Экономиканың базалық салаларында оң өсу байқалады. Құрылыс 11,7%-ға, байланыс қызметтері – 10,5%-ға, өнеркәсіп – 5,8%-ға, ауыл шаруашылығы – 2,5%-ға өсті.

Өнеркәсіптің өсу қарқыны 5,8% деңгейінде сақталды.

15 өңірде өсу байқалып отыр. Ең жоғары өсуді Қостанай (19,8%-ға) және Ақмола (11,9%-ға) облыстары көрсетті.

Өңдеу секторында 8,8% деңгейінде өсуге қол жеткізілді.

«Бұл фармацевтика, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіптегі қарқындардың артуымен негізделеді. Өңдеу өнеркәсібінде барлық өңірлер оң серпін көрсетті. Жоғары өсу Қостанай, Атырау және Қызылорда облыстарында тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 5,1% құрады, оның ішінде жеке инвестициялар 5,4%-ға өсті. Инвестициялардың ұлғаюы өңірлердің көбінде байқалады», — деп түсіндірді Р. Дәленов.

Құрылыс секторында 11,7% деңгейінде серпінді өсу байқалады. Соның ішінде 16 өңір өсім көрсетті. Қарағанды облысы ең жоғарғы 50,8% өсімді көрсетті.  

Жыл басынан бері 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2020 жылға жоспар 15 млн шаршы метрді құрайды. 12 өңірде оң өсу байқалды. Алматы (20,9%-ке) және Жамбыл (20,6%-ке) облыстарында ең жоғары өсуді көрсетті.

Ауыл шаруашылығында өнім 2,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 15 өңірде оң серпін байқалып отыр.

Өңірлер бөлінісінде негізгі көрсеткіштер бойынша  6 өңір жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Олар Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары.

«Сыртқы факторлардың теріс салдарын азайту мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылданды. Бұл салықтық ынталандыру, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, сондай-ақ жұмыспен қамту бойынша іс-шаралары», — деп атап өтті Р. Дәленов.

Сонымен қатар министр макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажеттігін айтты.  

«Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу;

  • аванстық төлемдерді барынша төлеу және ішкі өндірісті жүйелі қолдаумен мемлекеттік сатып алуды жылдам өткізу;
  • нарықты азық-түлікпен белсенді қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның бекітілген шекті мәндерінен жоғары өсуіне жол бермеу;
  • «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жеңілдетілген кредит беру үшін жобалар пулын қалыптастыру;
  • аймақтық және республикалық жобалар бойынша негізгі капиталға инвестициялардың нысаналы деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз ету.

Сөз соңында Р. Дәленов сыртқы және ішкі факторлардың жүйелі мониторингі жалғасатынын айтты. 

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев өз кезегінде биыл наурыз айында әлемде коронавирустық инфекция пандемиясының таралуы және мұнай бағасының екі есе төмендеуі аясында Қазақстан үшін сыртқы жағдайлардың біршама нашарлағанын айтты.

«Бастапқы сыртқы күтілмеген өзгерістің Қазақстанның қаржы нарығына әсерін шектеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы 10 наурызда базалық ставка +/-1,5 п.т. проценттік дәлізімен 12%-ке дейін өсті. Сыртқы жағдайдың күшейген салдарынан қалыптасқан айырбастау бағамы импорттық арна бойынша бағаға ауысу әсері арқылы проинфляциялық тәуекелдерді күшейтеді», —  деді Е. Досаев.

Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай кезінде  ағымдағы жылғы наурызда жылдық инфляция 2020 жылға белгіленген 4-6% нысаналы дәлізден асып, 6,4%-ға дейін көтерілді.

Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік тауарларының қымбаттауы қосты, олардың өсуі 9,3%-ға дейін жылдамдады. Мұндай динамика, бір жағынан, көкөністер бағасының мауысмдық өсуінен, ал екінші жағынан карантиннің енгізілуіне байланысты тосын сұраныстан туындады.

«Әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылық жаппай енгізіліп жатқан карантин шараларымен қоса әлем экономикасына рецессия қаупін тудырады. Осындай теріс перспектива мұнай бағасының біршама төмендеуімен бірге біздің ел үшін жаңа нақты экономикалық жағдайлар мен сын-қатерлерді туындатады», — деді Ұлттық банк төрағасы. 

Мемлекет басшысы бастама жасаған дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, Ұлттық Банк өз тарапынан базалық ставканы  ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап +/- 2 п.т. проценттік дәлізімен 9,5%-ға дейін төмендетіп, ақша-кредит саясатын бейімдеді. Жоғары базалық ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұру экономикалық  белсенділікті шектейтін еді. Басқа дағдарысқа қарсы шаралармен бірге бұл іскерлік белсенділікті қолдайды және экономиканы одан әрі кредиттеуге ықпал етеді.

Айырбас бағамына келсек, Е. Досаевтың айтуынша, валюта нарығындағы жағдай сыртқы іргелі факторлардың әсерінен дамуда.

«ОПЕК+ мәмілесінің ыдырауы, Ресей рублінің әлсіреуі және коронавирустың тез таралуы аясында әлемдік қаржы  нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуі нәтижесінде мұнай бағасының ағымдағы жылғы наурыздың қорытындысы бойынша бір баррель үшін $22,7 дейін ағымдағы жылдың басынан бастап 2,9 есеге күрт төмендеуі ішкі валюта нарығына қысым көрсетті. Нәтижесінде ағымдағы жылғы наурызда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 447,7 теңгеге дейін әлсіреді», — деп түсіндірді Е. Досаев.

Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және алыпсатарлық мәмілелерді шектеу мақсатында ағымдағы жылғы 10 наурыздан бастап Ұлттық Банк интервенция жүргізді.

Сонымен қатар, валюта ұсынысының төмендеуі және теңгенің айырбастау бағамына күрт қысым жасау талаптарында валюталық сауда-саттықта алғаш рет франкфурттық аукцион әдісі іске қосылды. Бұл шара бағамға алыпсатарлық қысымды төмендетуге бағытталды.

Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп шетел  валютасы ұсынысын ұлғайту бойынша шаралар кешені қабылданды. Оған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экспорттық валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуы және валюталық депозиттерді ҚР екінші деңгейдегі банктеріндегі шоттарға аударуы, заңды тұлғалардың валютаны сатып алуына/сатуына қойылатын талаптарды күшейтуі кіреді.

Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі қабылданған шаралармен қатар теңгенің айырбастау бағамының ағымдағы жылғы 19 наурыздағы бір АҚШ доллары үшін 448,5 теңге болатын ең жоғарғы мәннен биылғы 13 сәуірдегі жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 427,25 теңгеге дейін 4,7%-ке нығаюына ықпал етті.

Сондай-ақ, Е. Досаев Мемлекет басшысы бастама жасаған дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші топтамасы шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары бойынша биылғы 10 сәуірдегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 422,2 млрд теңгеге 619 өтінім қабылдады, 292,2 млрд теңге сомаға 470 жоба мақұлданды, 153 млрд теңге сомаға 352 қарыз берілді. 

Ұлттық Банк осы Бағдарламаны қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін 400 млрд теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылдады, ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен ШОБ субъектілерін және жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленіп, іске асырыла бастады. 

Бағдарлама шеңберінде банктерге 12 айға дейінгі мерзіммен жалпы сомасы 600 млрд теңгеге негізделген салымдар бөлінді. 3 айда жүзеге асырылатын қаражатты игеру басталып кетті. Кәсіпкерлер 647 өтінім берді, 17,3 млрд теңге сомасына 45 қарыз берілді.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 9 сәуірде 199 млрд теңгеге 17 328 өтінім мақұлданып, оның 173,2 млрд теңге сомасына 14 616 қарыз берілді. 

Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде Ұлттық Банк айыппұлдар мен өсімпұлдардан босату, негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдердің мерзімін 90 күнге дейін ұзарту арқылы бағдарламаның қарыз алушыларын қолдауды көздейтін өзгерістер енгізді.

Ұлттық Банк шаралардың екінші топтамасы шеңберінде бірнеше бағыттар бойынша жұмыс жүргізуде.

Мемлекет басшысының биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 1 жылдық мерзіммен көктемгі егіншілік жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінеді.

Бағдарламаға қатысушылардың облигацияларын өтеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылады. 

Дағдарысқа қарсы шаралардың екінші топтамасы шеңберінде Ұлттық Банк «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың инфрақұрылымдық облигацияларын сатып алу арқылы 700 млрд теңгеге дейін кеңейту мүмкіндігімен 600 млрд теңге сомасына іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдау шараларын қаржыландыру мәселесін қарастыруда.

Аталған қаражат жергілікті атқарушы органдарды одан әрі қаржыландыру үшін бағытталатын болады және республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру үшін 300 млрд теңге бөлінгеннен кейін берілетін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу