Үкіметте оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

2021-2022 оқу жылында Қазақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды.

Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті.

Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте әрбір мектепке күндізгі оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс.

Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды. 

Барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін «Ashyq» жүйесі енгізіледі.

Үкімет басшысы а.ж. 25 тамызға дейін ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды. 

А. Мамин кестеден артта қалған мектептерде жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтті. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көп саны Алматы (9), Қостанай (6) және Батыс Қазақстан (5) облыстарында екені атап өтілді.

Премьер-Министр а.ж. 25 тамызға қарай барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелердің шешімін табуды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу