Үкімет мемлекеттік шығыстардың тиімділігін талдау әдістемесімен жұмыс істеуде

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау әдістемесін әзірлеу бойынша ахуал жөнінде кеңес өткізді. 

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін талдау әдістемесін әзірлеу міндетін қойды. 

Әдістемені әзірлеу жұмыстарының барысы туралы Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Есеп комитетінің бірінші басшыларының орынбасарлары баяндады. 

Талдау мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік әсерін: жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, қызметкерлердің кірістерін ұлғайту, жұмыс күшінің сапасын жетілдіру және т.б. сондай-ақ салық салынатын базаны кеңейтуді және төленетін салықтар көлемін ұлғайтуды қоса алғанда, экономикалық әсерді бағалауды көрсетуі тиіс. 

Б.Сұлтанов 2018 жылдан бастап барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатын жұмсау практикасын әлеуметтік-экономикалық талдау ретроспективасын әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды. Бұл ретте Үкіметтің, Стратегиялық жоспарлау агенттігінің және есеп комитетінің күш-жігерін үйлестіру қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу