Үкімет Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын мақұлдады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды.

Тақырып аясында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының м. а. Нариман Әбілшайықов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев баяндама жасады.

Т. Жақсылықовтың айтуынша, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтижелерді көрсетіп отыр. ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 млн адам болды. Сонымен қатар ол кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіретінін атап өтті.

Бұл проблеманы Мемлекет басшысы 2021 жылдың аяғында қол қойған жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заң аясында екі кезеңде шешу жоспарланып отыр.

Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында төрт басым салада: сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтері секілді салаларда реттеушілік талаптар қайта қаралатын болады. Аталған салаларда ШОБ субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды.

2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және т. б. (ШОБ қамту – 40%) секілді қалған салаларда бизнеске қойылатын талаптарды (40 мыңнан астам) қайта қарау жоспарланып отыр.

Жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономика жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге жол ашады.

Қолдаудың тағы бір құралы Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы болады, оның аясында нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар беретін заңнамалық және реттеуші актілердің күшін жою; ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту; шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін жеке тұлғалар алдында ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету; жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру; бизнестің есептілігін автоматтандыру және рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту көзделіп отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет Шағын және орта кәсіпкерлік тұжырымдамасында ұсынылған тәсілдерді қолдады.

Премьер-Министр Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты негізде сындарлы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Мәселен, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітіліп, Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері туралы заң қабылданды. Өз кезегінде Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау шараларын жалғастыратын болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 млн адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40%-ға, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Азаматтарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыруға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілеуді, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу