Үкіметте құрылыс саласын реформалау бойынша ұсыныстар қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов құрылыс саласын реформалау және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев құрылыс саласының тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу қорытындылары бойынша заңнамалық түзетулер пакеті дайындалғанын атап өтті.

Жаңа нормаларды енгізудің арқасында шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, заңсыз және өнімсіз қосалқы мердігерлердің, сондай-ақ біліктілігі жоқ лицензиаттардың қызметін шектеу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, нарық субъектілеріне жер учаскелерін алу кезінде тең мүмкіндіктер беру, үлестік құрылыс саласын жетілдіру және сала бойынша лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету жоспарда бар.

Заңнамалық түзетулерді қабылдау құрылыс көлемін біркелкі бөлуге, орындалатын жұмыстардың сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Премьер-Министр ұсынылған өзгерістердің негізгі бөлігін қолдады және мүдделі мемлекеттік органдарға егжей-тегжейлі есеп жасауды қажет ететін тармақтарды қосымша пысықтауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу