ҚР Премьер-Министрі А. Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуіне жол бермеуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов баяндады. 

Баяндамаларда Қазақстанда түрлі азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры бар екені айтылды. Қор үнемі толтырылып отырады, сондықтан олардың тапшылығы болмайды.   

Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, белгілі бір тауар түрлерінің туындауы мүмкін тапшылығына дер кезінде әрекет ету үшін азық-түлік қорына, оның өндірісінің теңгеріміне және өңіраралық тасымалына күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Біз 9 аса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын бекіттік. Бағаны ұстап тұрудың тиісті тетігі бар. Дегенмен, бірқатар өңірлерде бірден кейбір азық-түлік өнімдеріне шекті бағаның өсуі байқалып отыр. Әкімдіктерге мұндай фактілерге жол бермеуді және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсырамын», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұған қоса отырысқа қатысушылар ТЖ жағдайында ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық технологиялар саласында қызметтерді қамтамасыз ету және т. б. мәселелерді қарады.





 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу