ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропалық Одақ елдерінің елшілерімен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропалық Одаққа қатысушы елдердің дипломатиялық миссия басшыларымен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді. 

Тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сату көлемін арттыру келешегі талқыланды. Қазақстандық өнім экспортын ЕО-та ілгерлетуге ерекше көңіл бөлінді. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропалық Одақтың Қазақстанның аса ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап айтты. ҚР-ның сыртқы сауда айналымының 40%-дан астамы ЕО-қа тиесілі. 2018 жылы екіжақты сауда айналымы 26%-ға артты. Бүгінде Қазақстанда еуропалық қатысумен 4 мыңнан астам компания тіркелген, 2 мыңнан артық бірлескен кәсіпорындар бар. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына барлығы $125,1 млрд еуропалық  инвестиция тартылған. 

«Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру бойынша жұмыс істеу қажет», - деді Асқар Мамин, индустрияландыру, агроөнеркәсіптік кешен, транзиттік-көлік әлеуеті, қаржы секторы салаларындағы зор әлеуетті атап өтіп. 

ҚР Үкіметінің басшысы елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, жемісті өзара іс-қимылды жалғастыруға қызығушылықты және экономиканың барлық секторларында сауда-саттық байланыстарын дамыту бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірлікті жеткізді. 

Өз кезегінде, дипломатиялық миссиялар басшылары Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар тудыру бойынша жұмыстардың оң динамикасын атап өтті. ҚР-дағы ЕО Өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон елдердің жолға қойылған екіжақты байланыстары және ҚР Үкіметінің белсене тартылуы қолда бар әлеуетті пайдалану арқылы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді. 

Талқылауға Германия, Франция, Латвия, Грекия, Нидерланды, Австрия, Финляндия, Бельгия, Швеция, Польша, Италия, Хорватия елшілері, Ұлыбритания, Испания, Литва, Мажарстан, Болгария, Румыния, Словакия, Чехия, Эстония өкілдері, ірі әлемдік компаниялар басшылары қатысты.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу