Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуін «e-kyzmet» автоматтандырылған жүйесінде қадағалауға болады — А. Жайылғанова

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А. Жайылғанова Қазақстанда меритократия қағидаттарының сақталуы туралы айтып берді. 

А. Жайылғанованың айтуынша, меритократия қағидатын сақтау Агенттіктің басым міндеті болып табылады.

«2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметтің «мансаптық» моделі және қызметкердің мансаптық өсуі төмен тұрған лауазымдардан басталады. Бүгінде меритократия қағидатын қамтамасыз ету бойынша барлық жағдай жасалған. Біз кадрлық өсу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, үздік қызметкерлерді ілгерілету бойынша тәжірибені жалғастырамыз», - деді Агенттік басшысы.

2018 жылы конкурстарға қатысу арқылы сайыстылық қағидаттарында 7 мыңға жуық жас қызметші көтерілді. 

Агенттік мемлекеттік қызметшілердің уәждемесін қамтамасыз ету үшін қызметкерлердің мансаптық перспективасын олардың қызметін бағалау нәтижелеріне тікелей байланыстыруды ұсынады. Спикер қолданыстағы жүйеде тікелей өзара байланыс жоқтығын, себебі бағалау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өткенін айтты. Қазіргі таңда қызметшілерінің қызметін бағалау нәтижелері үшін бонустар төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, қызметінен төмендету немесе босатылу бойынша шешімдер қабылдауға негіз болып табылады. Бұл ретте, олар лауазымды жоғарылату үшін негіз болып табылмайды.

Қызметшілерді бағалау жүйесі пилоттық мемлекеттік органдарда өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, енді оның нәтижелерін бірінші кезекте жоғары тұрған позицияларға тағайындау кезінде конкурстық комиссиялар ескеретін болады.

А. Жайылғанова Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы меритократия қағидаттарының сақталуына бақылауды күшейту мәселесін пысықтағанын атап өтті. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің өтініштері бойынша олардың өтініште баяндалған дәлелдерін тексеруден басқа, ескертуге негізделген қосымша бақылау шараларын, атап айтқанда, кадрлық ауысуларға мониторинг жүргізу арқылы қосымша бақылау шараларын қарастыру ұсынылады.

«Мемлекеттік органдарда барлық кадрлық процестерді сүйемелдейтін «e-kyzmet» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйеде мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуі бойынша барлық қажетті мәліметтерді қадағалауға болады. Біз әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тағайындау бойынша заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан мониторинг жүргізе аламыз.

Меритократия мәселелері бойынша мониторинг кезінде алынған барлық мәліметтер мұқият тексеріліп, зерделенеді. Агенттік құрылымында мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті жұмыс істейді. Ол анықталған бұзушылықтарға уақытылы әрекет етеді», - деді спикер.

Сонымен қатар А. Жайылғанова факторлық-баллдық шкала бойынша еңбекақы төлеу жүйесін енгізу туралы айтып берді. Пилоттық жобаға Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі,  Маңғыстау облысының, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының әкімдіктері қатысуда. А. Жайылғанованың айтуынша, бұл құрылымдарда кадрлар тұрақсыздығы біршама төмендеген. Мысалы, ҚР ӘМ-інде ФБШ енгізілгенге дейін кадрлар тұрақсыздығы 4,6% болса, енгізілгеннен кейін 0,6% құраған. Сонымен қатар, бұл жүйе мемлекеттік қызметшілерді аса ынталандырады. Бұл шаралар кадрлық өсу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын одан әрі сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу