Жаңадан бастаушы кәсіпкерді бизнесті іске қосудың барлық сатысында сүйемелдейміз — деді Э. Жұмағазиев

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев қазақстандық кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылық емес шаралары туралы айтып берді.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев атап өткендей, қазіргі таңда бизнесті қаржылай емес қолдау облыстық деңгейде 20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында және аудандық деңгейде 191 кәсіпкерлерді қолдау орталығында көрсетіледі. Барлық ірі қалаларда, моноқалалар мен аудан орталықтарында 690 маман консультациялық көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, 2018 жылғы маусымнан бастап қаржылай емес қолдау қызметтері «Atameken Services» порталында онлайн ұсынылады. Цифрлық платформа маманнан консультация алуға, консультацияға өтінімнің өту кезеңдерін қадағалауға, қызметтер сапасын бағалауға жол ашады.

«2015 жылдан бастап тегін сервистік қызметтерді 174 мыңнан астам кәсіпкер пайдаланды, олардың ішінде қашықтан онлайн режимінде – 19 мың кәсіпкер», — деді Э. Жұмағазиев. 

2019 жылы наурыз айында «Бизнес Кеңесші» бағдарламасы бойынша онлайн режимінде оқыту енгізілді, онда өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер оқыту бойынша бейнематериалды көріп, тест тапсырып, оқытудан өткені туралы сертифкат ала алады. 900-ден астам кәсіпкер онлайн-оқыту қызметіне жүгініп, тестіні сәтті тапсырды және сертификаттар алды.

«Атамекен» бағдарламасы операторлық еткен төрт жыл ішінде республикамыздағы барлық аудандар мен моноқалаларда Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылды, қызметтер үздіксіз, жыл бойы көрсетіледі, онлайн қызметтер көрсету үшін цифрлық платформа енгізілген. Осы жылдар ішінде 46 мыңнан аса кәсіпорын ашылды, 8 мыңнан астам кәсіпорын бизнестерін ұлғайтты, 206 млрд теңгеден астам сомаға 23 мыңнан астам кәсіпкерге қаржыландыруда көмек көрсетілді, 80 компания шетелдік серіктестерімен іскерлік байланыстар орнатты», — деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Кәсіпкерлер палатасы сонымен қатар ауылдық жерлердегі өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге де қолдау көрсетеді, бизнес-әлеуетін кеңейту және оны жүргізу тетіктеріне үйретеді.

«Ауылдық жерлерде 8 мыңнан астам адам өз бизнесін кеңейтті. 23 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілді. Ауылдық жерлерде компетенциялар жеткіліксіз екенін бәріміз түсінеміз. Адамдарға қандай да бір бизнес ашуда көмек көрсету үшін әкімдікте қолдау көрсетеміз, жер телімдерін тауып береміз, қаржылық тетіктерді табуға жәрдемдесеміз. Егер ол қандай да бір идеямен келсе, оны бизнес-жоспарға айналдыруға көмектесеміз. Бізде әрбір ауданның, ауылдың маркетингтік жоспары бар. Біз жобаның осы ауылда қаншалықты өзекті екеніне назар аударамыз. Бизнесін іске қосқанға дейін біз ісін енді бастаған бизнесменге қолдау көрсетеміз», — деп түсіндірді Э. Жұмағазиев.

«Атамекен» ҰКП ауылдық жерлердегі өз ісін бастаған кәсіпкерлерге аяғынан тік тұрып, өз бизнесін дамытуда көмектесуге тырысады.

«Бір жыл бойы біз оны бақылаймыз – салықтарды төлей ала ма, қандай қиындықтары бар. Біздің басқа деңгейге шыққымыз келеді. Бір жылдан соң ісі оңға басып жатса – оны әрі қарай дамытуы керек. Бұл ретте біз ҰӘМ-мен мұндай бизнесменге көмектесетін басқа да тетіктерді ендіру үшін барынша талқылаулар жүргізіп жатырмыз. Осылайша, біз бизнесмендерді көтермелеуіміз қажет», — деп қосты ол.

Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы төрт бағыттан тұрады: бизнес бастамаларды қолдау, салалық қолдау, валюталық сын-тегеуріндерді төмендету және қолдаудың қаржылық емес шаралары.

«Атамекен» ҚР ҰКП 2015 жылдан бастап төртінші бағыт бойынша оператор және оны сервистік қолдау көрсету, моноқалалар, шағын қалалар мен аудан орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамсыздандыру, «Бизнес мектеп», «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньорлар», «Бизнес насихат» жобалары бойынша іске асырады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу