Автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарында 200 мыңға жуық адам жұмыс істейді



 

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов және «ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және автожолдарды салудан болатын экономикалық әсер туралы айтып берді.

С. Бармақовтың айтуынша, барлық автожолдарды салу мен реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан.

Өз кезегінде, Ұлан Әліпов жобалар аясында ашылып жатқан жұмыс орындарында негізінен Қазақстан азаматтары жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Өскемен–Талдықорған» жобасында 1215 адам жұмыс істейді, олардың тек 99-ы шетелдік азаматтар. «Қалбатау–Майқапшағай» жобасында 1500 адам жұмыс істейді, олардың 200-і шетелдіктер. «Қарағанды–Балқаш» жобасында – 1563 адам, оның 200-і –  шетелдік азаматтар. Нұр-Сұлтан оңтүстік-батыс айналма жолында 1460 адам істейді, олардың 46-сы – шетелдіктер.

Сонымен бірге, Комитет төрағасы Қазақстан жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жол жағдайына байланысты өз орнын жақсартатынын атап өтті. Сонымен, 2017 жылы Қазақстан 114 орында болса, 2018 жылы – 106 орында, биыл ол 93 орынға ие болды.

«Бұл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына да, республикалық маңызы бар жолдарға да назар аударылатындығын көрсетеді. Осыған байланысты, 2025 жылға қарай біз бұл салада үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз», — деді С. Бармақов.

Ұлан Әліпов тартылған қаражат есебінен 2019 жылы Талдықорған – Өскемен (763 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км), Меркі – Бурылбайтал (266 км), Нұр-Сұлтанның оңтүстік-батыс айналма жолы (34 км), Күрті –  Бурылбайтал (143 км) учаскелерінде жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. 

Сонымен қатар, Азия Даму Банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялары тартылды.

Сонымен бірге, Ұ. Әліпов республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ақылы жүйені енгізу туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінде инвестициялық жобаны іріктеу бойынша конкурс өткізілуде. Комиссия жұмысын жалғастыруда.

«Жоба 11 мың шақырым республикалық маңыздағы жолдарды қамтиды және екі кезеңде жүзеге асырылады. Жоба 2020 мен 2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады», — деді басқарма төрағасы.

Бұдан өзге, Ұ. Әліпов «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автобанын 1 желтоқсанда ашу туралы жоспар бар екенін айтты.

«Мен жақында демалыс күндері Павлодарға бардым. Онда бізге төрт учаске қалды, биыл олар бәрін аяқтайды. Шідерті маңында Сәтпаев арнасы арқылы өтетін көпір бар, тек осы көпірде аяқталуы тиіс жұмыстар қалды. Бір жағына арқалықтар салынды, екінші жағында келесі аптада саламыз. Бірінші желтоқсанда біз қозғалысты толық ашамыз. Қазір төрт жолақта барлық жерде қозғалыс ашық, тек осы көпірдің айналма бөлігі қалды», — деді Ұлан Әліпов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу