«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту: бөлінген 600 млрд теңге бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттырады

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдаудың жаңа шаралары туралы айтып берді.

Вице-министр 2019 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несиелендіру міндеттерін шешу үшін 600 млрд теңге бөлінетінін айтты.

Экономикалық қызметтің 65 түрінен 365 тауарлық позиция айқындалды. Бұл несиелер «БЖК-2020» бағдарламасы арқылы субсидияланады.

А.ж. 1 мамырындағы жағдай бойынша банктер 14,9 млрд теңге сомасына 28 өтінімді мақұлдаған. ЕДБ қарауында 139,2 млрд теңгеге 104 жоба жатыр. 613,4 млрд теңге сомасына 729 жобаның құжаттары әзірлену сатысында. «Даму» қоры 8 млрд теңге сомасына 24 жоба бойынша субсидиялауды мақұлдады.

Сонымен қатар, бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында «қарапайым заттар экономикасы» бойынша айналымдағы қаражатты несиелендіру үлесін 30%-дан 50%-ға дейін арттыру шаралары қабылданды. «БЖК-2020» арқылы «қарапайым заттар экономикасын» кепілдендіру тетігі енгізілді. Сондай-ақ «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды арттыру ұсынылады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялау мен кепілдендіруге өтінімдер саны жылдан-жылға артып келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша бұл бағдарламаға қосымша 30 млрд теңге қаржы бөлінетін болады.

Е. Алпысов әкімдіктердің өңірлік экономикаларды дамытуға мүдделі болуы керектігін атап айтты. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қолдау шараларын бірге қаржыландыруы тиіс.

Мысалы, Алматы әкімдігі қосымша резервтерден субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлді. Шымкент әкімдігі де қосымша резервтерден кепілдендіруге 250 млн теңге бөлді. Атырау облысының әкімдігі субсидиялауға 600 млн теңге бөлді. Қалғандары осы әкімдіктерден үлгі алуы тиіс.

«Кәсіпкерлік - мемлекеттің тұрақты экономикалық өсімінің және халықтың әл-ауқатының маңызды түйіні. Жалпы, бизнестің дамуының оң динамикасы байқалып отыр. Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының көлемі артып келеді», — деді ұлттық экономика вице-министрі.

Е. Алпысов шағын және орта бизнесті одан әрі ынталандыру үшін бизнес-ортаны дамыту бойынша заңнамалық түзетулердің жетінші пакеті қабылдағанын жеткізді, бұл түзетулер кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

«ДКБ-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту аясында бағдарлама тұжырымдамасы әзірленді, Жұмыс тобы құрылды және барлық деңгейлерде талқылаулар басталды.

Қаржылай қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған түзетулер әзірленді, атап айтқанда:

  • кепілдендіру үшін несие көлемін арттыру арқылы кепілдік бойынша жүктемені төмендету;

  • шағын қаржылық ұйымдарды тарту;

  • айналым қаражатының үлесін арттыру;

  • кәсіпкерлердің тиімді жобаларына талаптарды көтеру;

  • Мемлекеттік бағдарлама құралдарын арттыру (франшиза, ШОБ-ты қаржылай емес қолдауды күшейту, басымдықты салаларды кеңейту т.б.) және т.б.

Ұлттық экономика вице-министрі бизнес-қауымдастықтарды бұл іске белсене қатысуға шақырды.

«Біз барлық ұсыныстарды қарастыруға әзірміз. Мен бұл шаралардың бизнесті қолдау және қаржыландыру шараларының қолжетімділігін арттыратынына, сондай-ақ бизнестің ел экономикасына үлесін көбейту мүмкіндігін тудыратынына сенімдімін. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету маңызды. Министрлік әрдайым мұндай жұмыстарды жалғастыра беретін болады», — деді Е. Алпысов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу