Мұнай өндірудің қазіргі қарқыны жылдық жоспарды 89 млн тоннаға асыра орындауға мүмкіндік береді — ҚР ЭМ

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді.

М. Досмұхамбетов атап өткендей, мұнай-газ саласын дамыту оң серпін көрсетіп отыр. Биыл мұнай өндіру жоспары 89 млн тоннаны құрады. 

9 айда 66,8 млн тонна өндірілді. Соның ішінде үш ірі жобада 40,6 млн тона: Қашағанда – 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қарашығанақта – 8,5 млн тонна.

Қашаған мен Теңіз кен орындарында жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Осы жылғы 15 қыркүйектен бастап Қарашығанақтың негізгі өндірістік объектілерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Өндіріс толығымен тоқтатылды, жөндеу жұмыстары 13 қазанға дейін жалғасады. Өңдеу кешені, газды кері айдау компрессорлары, газды дайындау қондырғылары жөнделуде. 

«Мұнай өндірудің осы қарқыны 89 млн тоннадан асыруға мүмкіндік береді деп болжаймыз», — деді М. Досмұхамбетов.

Мұнай өнімдерін өндіру саласында 2018 жылы мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмысы аяқталған соң, өңдеу қуаты мен тереңдігі артты.

Үш зауытта мұнай өңдеу көлемі 12,7 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 5%-ға артық. Өткен жылмен салыстырғанда мұнай өнімдерін өндіру біршама өсті. Атап айтсақ, бензин бойынша 14%-ға, дизель отыны бойынша 11%-ға, әуе отыны 2 еседен астам.

Газ өндіру көлемі 41,9 млрд текше метрді құрады. Тауарлық газ өндірісі – 24,7 млрд текше метрді құрады. ҚР ЭМ ақпаратына сәйкес, көтерме нарықта бағаның негізсіз өсуіне жол берілмеді, бұл халық үшін газ бағасының тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Мұнай-химия секторында битум өндіру 702 мың тоннаны құрады. Өндіру көлемі еліміздің жол саласының қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. 2019 жылға арналған жоспар – 767 мың тонна. Атырау мұнай өңдеу зауытында осы жылдың 9 айы ішінде 107 мың тонна хош иісті көмірсутек (бензол, параксилол) өндірілді. Аталған өнім экспортқа бағдарланған. 2019 жылға арналған жоспар – 180 мың тонна. Ағымдағы жылғы тамыз айында Алматы облысында жағар май өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Оның қуаты жылына 100 мың тонна. Осы өндіріс ішкі нарықтың жағар майға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге және жақын шетелге экспортты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу