Қазақстан Президенті «Уахат әл-Карама» мемориалды кешеніне барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында Абу Даби қаласындағы «Уахат әл-Карама» мемориалды кешеніне және шейх Заид мешітіне барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев 1971 жылдан бері соғыста немесе қызмет бабында қаза болған сарбаздарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, дипломаттар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына арнап соғылған, атауы – «Намыс оазисі» деген мағына беретін кешенді аралап көрді. Құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Президент мемориал кешеніндегі Құрметті қонақтар қолтаңба қалдыратын кітапқа «Сын сағатында қаһармандық танытқан саңлақтар мемориалы болашақ ұрпаққа бейбіт өмірдің құндылығын дәріптейді. Өз Отанының мүддесі жолында қасиетті борышын өтеп, құрбан болған перзенттер рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқына құт-береке мен мол ырыс тілеймін», — деген тілегін қалдырды.

Одан кейін Қазақстан Президенті Абу Даби қаласының ең көрікті жерлерінің бірі – шейх Заид мешітіне барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаушы және алғашқы Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Заид мешітіндегі Құрметті қонақтар кітабына «Өз халқының ұлы перзенті, Әмірліктердің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның рухына тағзым етемін. Бауырлас Әмірліктер халқының ырысы мол, берекесі баянды, мерейі лайым үстем болуына шын жүректен тілектеспін!», — деген қолтаңба қалдырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу