ҚР Президенті Үкіметке қазақстандық туристерді Түркиядан елге әкелуге қатысты шаралар қабылдауды тапсырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Түркияда демалыста жүрген қазақстандық туристерге қатысты мәселелерді шешу бойынша мүдделі мемлекеттік органдарға шұғыл шара қабылдауға нұсқау берді.

Бұдан бұрын БАҚ-тарда хабарланғандай, Түркияның Sky Airlines әуе компаниясының банкротқа ұшырауына байланысты Қазақстан азаматтары Отанына оралуға мүмкіндік ала алмай отыр.

«Мемлекет басшысы Үкіметке туындаған мәселені шешу бойынша тапсырма берді. Үкімет азаматтарымызды елге әкелу үшін ТЖМ-ның екі ұшағын Түркияға ұшыру туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады Премьер-Министрдің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев.

Бүгін Түркияға ТЖМ-нің барлығы 240 адамдық сыйымдылығы бар екі ұшағын аттандыру жоспарлануда. Ұшақтар қазақстандық туристерді Астана мен Алматы қалаларына жеткізеді.

«Біз қазір ТУ-154 және ТУ-134 екі ұшағын дайындап отырмыз. Бұл рейстердің шығыны мен жанар майы төлемі мемлекеттік материалдық қор есебі мен қаржы министрлігінің тиісті қорларынан өтелетін болады. Біз азаматтарымыздың тезірек елге оралуы үшін барлық шараларды жасаймыз», - деді ТЖМ басшысы В.Божко.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу