Президент ұсынған саяси реформалар — мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі

2022 жылғы 18 наурызда Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды жедел іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезектен тыс отырысы өтті.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымының айқын көрінісі екенін атап көрсетті.

Кезектен тыс отырыс барысында елдегі және салалардағы ағымдағы ахуал туралы министрліктер мен ведомстволардың басшылары есеп берді.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомство өңірлермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасының, тұқым мен тыңайтқыштар қорының дайындығын қайта тексеруге кіріскенін атап өтті. Ол қазіргі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге техника дайындығы 95%-ды құраса, науқандық жұмыстар басталғанша 100%-ға жеткізілетінін айтты. 

Министр хабарлағандай, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады, жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 12-15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл 2021 жылғы көлеммен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы дайындалды.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіс науқанына фермерлерді сумен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, Тоқтағұл су қоймасында судың жиналуына байланысты жағдай біртіндеп қалпына келе бастады. Сонымен қатар вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов елімізде азық-түлік тауарларының 1,3 млн тонна қоры бар екенін айтты, бұл – халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

«Тұрақтандыру қорларын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млрд теңгеге дейін жеткізіледі», — деп нақтылады бірінші вице-министр.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ, сатып алуды жеңілдету мақсатында мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 3000 АЕК мөлшеріне дейін сатып алу нормасы қарастырылғанын атап өтті.

ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз сөзінде ведомство үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізетінін қысқаша айтып өтті, олар: елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру; жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру; дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар.

Ә. Қуантыровтың айтуынша, Министрлік 2021 жылы «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның және оған ілеспе НҚА жобаларын әзірлеуді бастады. Заң жобаларында жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілеттіктерінің аражігін ажырату жөніндегі нормалар, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүліктік құқықтарын кеңейту; жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдерін оңайлату көзделеді. 

«Мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мақсатында оларға бюджет қаражатын бөлу жөніндегі функциялар бекітілетін болады», — деді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында ведомство жұмысы азаматтық бақылауды жүзеге асыратын БАҚ үшін бәсекелі ортаны дамытуға бағытталатынын айтты.

А. Омаровтың айтуынша, қоғамның сұраныстары мен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, БАҚ туралы заң қайта қаралады.

«Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылады. Осылайша, журналистер қауымдастығының ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселелері ескеріледі», — деді министр.

ҚР ақпарат министрі сондай-ақ, ведомство уақыт талаптарын ескере отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекеттік ақпараттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірлейтінін айтты.

ҚР Премьер-Министрі Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылғы 25 наурызға дейін Үкіметке Дағдарысқа қарсы жоспарды енгізуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Дағдарысқа қарсы шаралар экономиканы қолдауға, инфляцияны бақылауды күшейтуге, валюта нарығын тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған», — деді Ә. Смайылов.

Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды қамтамасыз ету үшін қажетті заң жобаларын әзірлеуге және оларды талқылауға дереу кірісуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы алдымызға елімізді қарқынды түрде дамыту, экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөнінде аса ауқымды міндеттер қойды. Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу