Әлихан Смайылов тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары желісін кеңейту шараларын қабылдауды тапсырды 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық сигнал түскенін баяндады. Олардың көбі Шымкент, Астана, Алматы, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарына тиесілі. Жалпы отбасылық-тұрмыстық негізде 668 қылмыс жасалды, жанжал шығарушыларға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама жасалды.

ҚР ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша шаралар әзірледі. Олардың қатарында осындай құқық бұзушылықтар бойынша өтініш қабылдаудан оларды анықтауға көшу, тараптарды татуластыру рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту бар.

Арнайы дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, өңірлердегі ахуал туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін кешенді түрде шешу қажеттігін айтты. Бұл орайда барлық қадамдар мен жаңа тәсілдерді, әсіресе, заңнамалық сипаттағы шараларды алдымен қоғамның талқысына салу қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылардың бірыңғай ұстанымы қажет.

«Қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу атмосферасын қалыптастыру үшін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселесіне көңіл бөлу керек. Оларға тек медициналық қана емес, білікті мамандардың психологиялық, құқықтық көмегі де қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық науқан жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін “мектеп сағатын” ойластыруы тиіс», — деді Үкімет басшысы. 

Одан бөлек, Үкімет басшысының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелер желісін кеңейту шараларын қабылдау қажет.

Сондай-ақ Премьер-Министр мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлеуді тапсырды.

«Әкімдіктермен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет», — деді Ә. Смайылов. 

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетуді, халықаралық тәжірибені ескере отырып, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер әзірлеу аясында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу