Балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті шараларды қабылдау қажет – Әлихан Смайылов жаңа оқу жылына қатысты тапсырма берді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылы 1 қырқүйекте басталып, 36 аптаға созылып 31 мамырда аяқталатынын хабарлады. Мектептерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілді.

Арнайы зерттеулердің қорытындыларына сәйкес 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін анықталды. Осыған орай, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды. Қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі, ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады. 

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау  институты енгізілді. Педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа қағидалары да іске асырылып жатыр, оның ішінде Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы. Енді ата-аналар жиналастары да заманауи және тиімді форматта өткізіледі.

Биыл колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға мемлекеттік тапсырыс 70%-ға, көмекті қажет ететін балаларды қабылдау үшін грант  квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп 4000 астам білім беру бағдарламасын жаңартты. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, елімізде 120 ЖОО жұмыс істейді, олардың 104-інде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынды құрады, оның ішінде 42 303 грант техникалық мамандықтарға бөлінген. Бұл ретте жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін, педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 58 800 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды, магистратура және докторантура  15%-ға (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және тиісінше 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) өсті. Бұл норма шамамен 161 мың білім алушыға қатысты болады.

Жаңа өңірлердің оқу жылына дайындығы туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиев баяндады.

Премьер-Министр 1 қыркүйекке дейін елімізде 81 жаңа мектеп ашу және тағы 213-ін толық жөндеуден өткізу жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында және Алматы қаласындағы бірқатар білім ошақтарында жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалу қаупі бар.

«Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдап, жаңа оқу жылына дайындықты толық көлемде қамтамасыз етуі керек. Бұл жоспарланған мектеп құрылысына да қатысты», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы білім беру объектілерінің бәрі бірдей қауіпсіздік талаптарына сай емес екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселені ерекше бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін тез арада тиісті шараларды қабылдау қажет, оның ішінде білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін полицияның Жедел басқару орталықтарымен біріктіру керек.

Премьер-Министр биыл оқушыларды тасымалдауға 515 жаңа автобус сатып алынағанын, сондай-ақ мектепке қажетті киім-кешек пен канцеляриялық тауарларды өздері сатып алу үшін аз қамтылған отбасылар кемінде 37 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат алатынын атап өтті. Мұндай көмек 470 мың балаға көрсетілетін болады.

Сонымен қатар жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін биыл мемлекеттік тапсырыс 128 мың орынға ұлғайтылды, университеттерде білім алуға берілетін гранттар саны 88 мыңға дейін көбейді, инженер-техник кадрларды даярлау мақсатында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының еліміздегі 3 жаңа филиалына қабылдау басталды.

«Жалпы, жаңа оқу жылына дайындықты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы білім беру нысандарының оқу жылына дайындығын 100% қамтамасыз етуді тапсырды.

Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, білім беру бағдарламасына Жол қозғалысы ережелерін үйретуді міндетті түрде енгізу және жұмыс істеп жүрген инспекторларды осы жұмысқа тарту мәселесін қарау тапсырылды.

Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажет.

Сонымен қатар Сауда министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз етуі тиіс. Индустрия министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтау тапсырылды. 

Сондай-ақ Премьер-Министр мектептерге толық оқулықтар жиынтығын жеткізуді, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен колледждердің басқа қалалардан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөнінде барлық шараларды қабылдауды тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу