Қазақстан Премьер-Министрі Chevron компаниясының өкілдерімен Қарашығанақ жобасын болашақта кеңейту жобасын талқылады

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Шеврон» (Chevron) компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізді.

Кездесуде «Теңізшевройл» (ТШО) Болашақта кеңейту жобасын және Сағалық қысымды басқару жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру перспективасы талқыланды.

«Барлық іске асырылып жатқан жобаларды уақытылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет. Жұмыскерлерді жоспарлы түрде босатуға және жұмыспен қамтуға сапалы мониторинг жүргізудің маңызы зор», —  деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министр ҚР Үкіметі Теңіз кен орнын дамытуға ерекше назар аударатынын және «Шеврон» компаниясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ниетті екенін атап өтті.

Д. Джонсон ҚР Үкіметіне қолайлы инвестициялық ахуалды және мұнай-газ саласындағы жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешуді қамтамасыз еткені үшін алғыс айтты.

«Шеврон» – Қазақстандағы  Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) үш ірі жобада активтері бар ірі шетелдік инвестор.

2021 жылы ТШО-да шикі мұнай өндіру көлемі 26,55 млн тоннаны құрады. 

Биыл 28,73 млн тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарлануда. 2023 жылдың соңында Болашақта кеңейту жобасын аяқтау кен өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

ТШО шикізатымен Атырау облысында полипропилен (қуаты – жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (қуаты – жылына 1,25 млн тонна) өндірісі бойынша екі ірі газ-химия жобасын қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда.

2021 жылы қазан айында ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда көлемі $248,5 млн құрайтын Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қор капиталдандыруын «Шеврон»-ға ҚР-да түскен пайданың бір бөлігі құрайды. Қор қаражаты Қазақстанның мұнай-газ саласында, қоршаған ортаны қорғауда, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар саласында тауарлар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету коммерциялық кәсіпорындарына инвестициялау арқылы экономиканы және жергілікті қамтуды дамытуға бағытталатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу