Республикада КВИ таралуының оптимистік сценарийі орындалып жатыр — Ж. Бүркітбаев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Ж. Бүркітбаевтың айтуынша, әлемде КВИ-дің 275 млн астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 5,3 млн-нан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірінде соңғы екі аптада 54 елдің 15-інде сырқаттанудың өсуі байқалады. Соңғы 14 күнде Данияда сырқаттанудың 70%-дан астам өскені байқалды, Италияда, Швецияда – 50%-ға, Францияда, Ұлыбританияда – 40%-ға, Норвегияда, Португалияда – 30%-дан астам өсті.

«Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану 31%-ға төмендеді. Әлемдік рейтингте Қазақстан коронавирус инфекциясына қарсы екі дозамен вакцинациялау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында, оның ішінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында Қазақстан екінші орында тұр, халық санының 44,5% вакцинамен қамтылды», — деді Ж. Бүркітбаев.

Республикада ПТР тесттің оң нәтижесімен коронавирус инфекциясының 984 мың жағдайы және ПТР-дің теріс нәтижесімен 83 мың жағдай тіркелген, науқастардың 96%-дан астамы емделіп шықты. 18 852 науқас емделіп жатыр.

Жалпы Қазақстанда соңғы төрт айда сырқаттану деңгейі 16 есе төмендеді. Репродуктивті саны – 0,90 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендегені байқалады. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің қамтылуы 19%, соңғы үш айда емдеуді жалғастырушылар саны 4,5 есеге азайды. 

Халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау жалғасуда. Бірінші компонентпен 8,9 млн астам адам егілді, егілуге тиісті халықтың 80%-ға жуығы қамтылды. Екінші компонентпен 8,4 млн астам адам егілді, егілуге тиісті халықтың 75%-ға жуығы қамтылды. 

Қазір Comirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші компонентімен 235 117 адам егілді, оның ішінде 187 315 жасөспірім және 47 786 жүкті және бала емізетін әйел бар. Екінші компонентпен 66 017 адам егілді. 

«Вакцинация жалғасуда. ҚР-ның 303 мың азаматы ревакцинация жасатты», — деді денсаулық сақтау министрі.

Қазіргі уақытта республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың болжамына сәйкес желтоқсан айында тәулігіне орта есеппен 560 жағдай тіркеліп, оптимистік сценарий орындалып жатыр. 

«Бүгінде республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғаны байқалады, жағдай Министрліктің бақылауына алынған», — деді Жандос Бүркітбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу