2022 жылы контейнерлерді транзиттік тасымалдау 6%-ға ұлғайды – ҚР ИИДМ 

Астана қаласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Онда ведомство басшысы Марат Қарабаев, сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласындағы өсім 1,1%-ға жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға ұлғайды. Іс жүзінде барлық секторда оң серпін байқалып отыр. 2022 жылы өңдеу өнеркәсібін дамытып, жолға қою үшін министрлік келесідей жұмыстарды атқарды.

Бірінші. Өнеркәсіп саласында барлық қажетті нормативтік база қабылданды. Арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру мақсатында заңнамалық түзетулер қарастырылды. Елішілік құндылықтар мен экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту бағдарламасы бекітілді. 4%-дық жеңілдетілген автонесиелеу мен 6%-дық ауыл шаруашылығы техникасына арналған бағдарламалар іске қосылды.

Екінші. Былтыр отандық өңдеушілердің шикізат тапшылығы мәселесін шешуге байланысты жұмыстар жалғастырылды. Жыл қорытындысы бойынша ішкі нарыққа алюминийді жеткізуге қатысты 7 келісімге қол қойылды. Соған сәйкес аталған шикізатты өңдеуден бастап, алюминий профильдерін, кабельдерді және тағы да басқа дайын өнімдерді шығару көзделген. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының тауарларына мемлекеттік сатып алу процесі жүзеге асырылған жағдайда ұлттық режімнен алып тастау тетігі белгіленді. Еліміздегі болат өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыру үшін металл сынықтары мен қалдықтарын республика аумағынан әкетуге шектеу қойылды.

Отандық полимерлі өнімдердің өндірушілерін қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ ішкі нарықтағы дайын өнімнің құнын төмендету мақсатында ПЭТ-қалдықтарын экспорттауға уақытша тыйым салынды.

Сонымен қатар жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор тарапынан көмірге сұраныс артатындықтан, оның тапшылығының алдын алу мен шекаралас өңірлерден көршілес елдерге қайта сатуды болдырмау үшін көмірді автокөлікпен әкетуге тыйым салынды.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл шұғыл шаралар шикізат тапшылығы мәселесін шешіп, ішкі нарықты тұрақтандыруға, отандық тауар өндірушілердің жүктемесін арттырып, еліміздегі шикізатты өңдеу мен импортты алмастыру деңгейін ұлғайтуға жол ашты.

Үшінші. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңге сомасына 14,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген 160 жоба іске асырылды. Айталық, Қызылорда облысында табақ шыны өндірісі, Атырау облысында полипропилен шығаратын, Қарағанды облысында автомобиль шиналарын өндіретін, сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий қалбырын шығаратын кәсіпорынның жұмысы жолға қойылды. Сонымен бірге Жамбыл облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру 2 есе ұлғайтылды.

Министрдің сөзінше, осы жылы өнеркәсіпті дамытуға байланысты қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғастырылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орта және жоғары бөліністегі өнімдерді өндіру мақсатында ішкі нарықты елімізде шығарылатын базалық материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданады. Бұған қоса, импортты алмастырудың салалық жоспарлары мен өңірлік бағдарламалары қолға алынады», — деді Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды қарастыратын 1,1 трлн теңге сомасына 149 жобаны іске асыру көзделген. 2022 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласында нақты көлем индексі 103,9%-ға жетті.

Транзиттік контейнерлік тасымалдар 6%-ға ұлғайды. Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің жалпы көлемі 12,6%-ға өсіп, 26,8 млн тоннаға жетті. Жолаушылар тасымалы секторында да оң динамика байқалып отыр. Өсім 2,3%-ды көрсетті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында былтырғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Бұл аталған саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындауға септігін тигізетін негізгі құжат», — деді Марат Қарабаев.

Сонымен қатар былтыр еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру басталған болатын.

Мәселен, 2022 жылдың қараша айында ауқымды жобалардың бірі – «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы қолға алынды. Осы жобаны іске асыру арқылы пойыздарды өткізу 5 есе ұлғайтылады деп көзделіп отыр.

Биыл Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастап, сондай-ақ транзиттік учаскелердегі тар жерлерді жою жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» сынды жобалардың техникалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Содан кейін аталған жобалардың құрылысын басталмақ.

2022 жылдың қорытындысы бойынша автожол саласында нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға және жергілікті желіге сәйкес 85%-ға дейін ұлғайтылды. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен тұтастай 11 мың шақырымнан астам жалпы қолданыстағы автожол қамтылды.

Биыл жалпы көлемі 10,5 мың шақырымдай жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғасын таппақ. Президент берген тапсырмаға сәйкес жол құрылысының сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін FIDIC халықаралық ережелерінің шарттары енгізіледі. Негізгі 50 нормативті құру арқылы қолданыстағы 1 200-ден астам салалық норматив оңтайландырылды.

Автожол жобаларын ЕРСМ-келісімшарт қағидасымен іске асыру тәсіліне ауысу жүзеге асырылып келеді. Бұл бір орындаушыға жобаның толық өмірлік циклін жобалау сатысынан бастап, осы учаскені 10 жыл бойы күтіп ұстауға мүмкіндік береді.

«Құрылыс саласында еліміздің азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған шараларды қабылдауды жалғастырып келеміз. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді. Бұл шамамен 130,6 мың баспана. Тұрғын үй құрылысына 2,9 трлн теңге көлемінде инвестиция салынды. Осы жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 143,5 мың баспананы пайдалануға беру көзделген», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр тұрғын үйді беру арқылы 1 млн-нан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экономика салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыстарды жалғастырады. Біздің ведомствоның алдына қойылған міндеттерді сапалы және уақытылы іске асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдайтын боламыз», — деді Марат Қарарбаев.

Әрі қарай индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов баяндама жасады. Ол көлік, автомобиль жолдары және азаматтық авиация салаларындағы 2022 жылы жүзеге асырылған және 2023 жылға арналған жоспарлар туралы есеп берді.

Вице-министрдің айтуынша, теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 405 млн тоннаны құрады. Теміржол көлігі саласында 2022 жылы транзиттік тасымалдау көлемі 23,1 млн тоннаға жетті. 19,4 млн жолаушы тасымалданды.

Сонымен қатар пойыздарды жаңартуды ынталандыру бойынша заңнамалық шаралар қабылданды. 2022 жылы 62 Тальго жолаушылар вагоны, 46 локомотив, 1 400-ден астам платформа вагоны сатып алынды. Ал 2023 жылы 1 500 жартылай вагон, 307 жолаушылар вагонын, 130 локомотив және 2 мыңнан астам платформа вагонын алу жоспарланған. 

Оған қоса, 15 халықаралық бағыт бойынша қозғалыс қайта жандандырылды. Жаңа облыстардың құрылуына байланысты 4 маршрут ашылды және Алматы-Қонаев бағытында қала маңына жүретін пойыз іске қосылды.

Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, автомобиль көлігі саласында 7,7 млрд жолаушы тасымалданды. 2022 жылы көлікпен транзиттік тасымалдау 3,6 млн тоннаны құрады. Ал жүк тасымалы 3,2 млрд тоннаға жетті.

Өткен жылы ынталандыру шаралары қабылданды. Кеден одағының сыртқы шекарасында бақылау жетілдірілді, автокөлік паркі жаңартылды. Соның арқасында халықаралық нарықта «отандық тасымалдаушылардың» үлесі 7%-ға ұлғайып, 38%-ды құрады. 

Биыл Қазақстанның халықаралық тасымалдау үлесін 40%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

«Биыл қалалық автобус маршруттарының тарифін белгілеу және субсидиялауды автоматтандыру жоспарланып отыр. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында еліміздің автобус паркі 500-ден астам техникаға жаңартылады. Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі заңсыз тасымалдаушылармен күресті одан әрі жалғастыратын болады», — А. Ыдырысов.

Вице-министрдің айтуынша, республикалық желі бойынша автомобиль жолдары саласында 4 мың шақырым жолда құрылыс пен реконструкция жүргізілді, оның ішінде 1,2 мың шақырым бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. Күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылды, оның 679 шақырымы аяқталды. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым қамтылды, оның ішінде 3 мың шақырымы аяқталды.

2023 жылы республикалық желі жолдарында 7,3 мың км, жергілікті желіде 3,2 мың км жолды реконструкциялап, жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. «Қарағанды – Балқаш» (363 км), «Балқаш – Бурылбайтал» (288 км), «Бурылбайтал – Құрты – Қапшағай» (295 км) және «Мерке – Бурылбайтал» (266 км) учаскелерінде жұмыстар жалғасатын болады.

Сонымен қатар Шығыс өңірде «Талдықорған – Өскемен» (768 км), «Қалбатау – Майқапшағай» (415 км), «Үшарал – Достық» (180 км) жобалары іске асырылуда, оның ішінде «Үшарал – Достық» учаскесі биыл толығымен аяқталады. Қалған учаскелер бойынша қозғалысты ашу жоспарланған. 2024 жылы пайдалануға берілмек.

Өткен жылдан бастап Қызылорда облысы бойынша Қызылорда – Жезқазған учаскесі бойынша жұмыстар жүргізілпі жатыр. Биыл Ұлытау облысы бойынша жұмыстар басталады. Сондай-ақ Жезқазған – Қарағанды жобасы бойынша жұмыстар басталмақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, Батыста «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» учаскесі бойынша жұмыстар жалғасуда, атап айтқанда, «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталды. Биыл пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін ұзындығы 96 км «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесі бойынша қозғалысты ашу жоспарланған. Ұзындығы 277 км «Атырау – Астрахань» учаскесі бойынша 140 км қозғалыс үшін ашылды. Биыл осы дәліз бойынша қозғалыс толығымен қамтамасыз етілмек.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында 248 км жолға күрделі жөндеу жүргізілуде, 129 км жолда қозғалыс ашылған, барлық жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін материалдар дайындалып жатыр. Ақпан айынан бастап инертті материалдарды тасымалдауға қажетті вагондар паркін ұлғайту жоспарланған (қажеттілік – ай сайын 2,6 мың вагон).

«Мемлекет басшысының автожол жобаларының сапасын арттыруға бағытталған саланы реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өткен жылы заңнамалық деңгейде бірқатар түзетулер қабылданды. Осылайша, кепілдік мерзімі кезеңінде ортақ жауапкершілікке авторлық және техникалық қадағалау берілген, сапа орталығы елді мекендердің көшелерін орташа жөндеуге ведомстволық сараптаманы жүзеге асыратын болады», — деді Алмаз Ыдырысов. 

Жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі шаралар биыл да жалғасатын болады, олардың ішінде:

  • соңғы кезеңде жұмыстарды қабылдау барысына Сапа орталығының қатысуы;
  • келісім-шарттарды кілтпен енгізу;
  • FIDIC шарттарын енгізу;
  • ғылыми тәсіл мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, 1 200 қолданыстағы нормативтерді қайта өңдеу бар.

Жалпы автожол саласында қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының автомобиль жолдарының сапасын арттыру және негізгі жобаларды уақытылы іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

Вице-министрдің айтуынша, азаматтық авиация саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компанияларымен тасымалданған жолаушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 17%-ға өсті (2021 жылы – 9,4 млн адам, 2020 жылы – 5,5 млн адам). Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет Қазақстанда жолаушылар саны 10 млн адамнан асып, 11 млн адамды құрады. 

Бүгінгі таңда жолаушылар ағыны қалпына келіп, тұрақты өсім байқалуда. 109 маршрут бойынша 29 елге халықаралық әуе рейстері жаңартылды және ашылды, аптасына – 479 рейс. 3 отандық және 27 шетелдік әуе компаниясы рейстерді жүзеге асырады.

Черногорияға, Малайзияға, Грецияға рейстерді жаңарту, Қытай, Үндістан, Өзбекстанмен арадағы рейстерді ұлғайту, Израиль, Катар, Түркия, Пәкістан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Сауд Арабиясымен рейстер ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ отандық әуе компаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру мақсатында әуе кемелерінің паркін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға дейін паркті 51 ұшаққа толықтыру күтілуде, оның ішінде 2022 жылы 14 жаңа әуе кемесі алынды.

Әуежайларды жаңғырту аясында:

  • 8 жобаны іске асыру, оның ішінде Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалын салу;
  • Астана және Павлодар қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтарын күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Осы жобаларды іске асыру терминалдардың ауданы мен өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және ҚР Үкіметінің қолдауымен “Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы” әзірленіп, бекітілді. Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін, оның ішінде контейнерлік транзит 2 млн контейнерге дейін ұлғайтылатын болады. 2030 жылға қарай шекара маңындағы сауда хабтары мен өңірлік транзиттік әуе хабтары құрылатын болады. Жылжымалы құрам жаңартылып, көлікті дамыту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады», — деді Алмаз Ыдырысов. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрінің айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру үшін дәліздерді одан әрі дамыту пысықталмақ. Бүгінгі таңда жеткізу процесінің логистикалық тізбектерінің бұзылуына және дәстүрлі дәліздердің үзілуіне байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізі өзектілігін арттыруда.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жүктер 2 есе көп – 1,7 млн тонна (2021 ж. – 840 мың тонна) тасымалданды, оның ішінде контейнерлік тасымалдардың 34%-ға өскені байқалады – 33 730 контейнер (2021 ж. – 25 119 ЖФЭ).

2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасында «тар» жерлерді синхронды жою және әлеуетті дамыту бойынша 2022-2027 жылдарға арналған Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша екі жол картасына қол қойылды. Бұл дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Келешегі бар бағыттардың бірі – Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, оның шығыс тармағы – Болашақ станциясы арқылы кіретін Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол учаскесі.

2022 жылы Қазақстан – Түрікменстан – Иран құрлық бағыты бойынша 2021 жылдан 10 есе (13,5 мың тонна), сондай-ақ 170 контейнер тасымалданды (2021 жылы тасымалдау болған жоқ). Жалпы дәліз бойынша теңізбен бірге барлығы 1,4 млн тонна тасымалданды.

«Тар» жерлерді жою бойынша осындай жол картасы Ресей, Түрікменстан және Иран тараптарымен бірлесіп әзірленді. Осы құжатты іске асыру 2025 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны ұлттық көлік-логистикалық компанияға айналдыру жұмыстары басталды. Биыл осы реформа аясында «Қазақстан темір жолы» құрылымы қайта қаралатын болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, Жол карталарын іске асыру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба қарастырылған.

Транскаспий бағыттары бойынша жүк тасымалын арттыру және контейнерлік тасымалдарды дамыту үшін 2025 жылға қарай «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында контейнерлік хаб құру жоспарланып отыр. 2021-2022 жылдары 2 контейнерлік кеме іске қосылды. 2023 жылдың бірінші тоқсанында порттарда тиеу-түсіру техникасын жаңарту және тағы бір контейнерлік кемені (MSV қайта жабдықталған баржасы) пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл контейнерлік тасымалдау көлемін жылына 40-тан 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталып, үшінші өткізу бекетінің ашылуымен «Дарбаза – Мақтарал», «Алматы станциясын айналып өту» және «Бақты – Аягөз» жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автокөлік саласын белсенді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыруда. Мәселен, қазіргі уақытта Зияткерлік көлік жүйесінің жекелеген ақпараттық жүйелерінің компоненттерін әзірлеу, енгізу және пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

2023 жылы төмендегі жұмыстарды жалғастыру жоспарланып отыр:

  • еліміздің автожолдарында 24 Автоматтандырылған өлшеу станциясын салу және іске қосу;
  • Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға беру және оны пайдалануды кеңейту;
  • Жол активтерін басқару жүйесі арқылы автожолдардың 85%-ын диагностикасын өткізу;
  • «Сапар» картасының функционалын кеңейту және пайдаланушылар санын 100 мың адамға дейін арттыру.

Жоғарыда аталған жүйелерді Зияткерлік көлік жүйесі түрінде енгізу адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Көлікті цифрлық бақылауға көшу, сондай-ақ автомобиль жолдарын паспорттауды жүргізу, бұл қозғалыс қауіпсіздігі мен жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардың сақталу деңгейіне оң әсерін тигізеді. 

«Жоғарыда аталған барлық шара “Қазақстанның көлік-логикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын” іске асыру үшін сапалы және уақытылы орындалатын болады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу