Ажар Ғиният Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласының дамуы туралы айтты

Бүгін, 18 мамырда, Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен брифинг өтті. Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының елдегі денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.

Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында берген тапсырмаларының аясында жұмыс жүйелі жүргізіп жатыр. Барлығы 26 тапсырма берілді, оның ішінде: бүгінгі таңда 15 тапсырма орындалды, ал 11 тапсырма ұзақ мерзімді орындау кезеңінде.

Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, тәулігіне коронавирус инфекциясын жұқтырған шамамен 10 жағдай тіркеледі, науқастардың 98%-дан астамы сауығып шықты.

Биылғы 24 қаңтарда Ведомствоаралық комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданды. Қазір елімізде барлық шектеу шаралары алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша соңғы аптада бүкіл әлемде ауру 12%-ға төмендеді, бірақ аурудың өсуі Америка және Африка өңірлерінде байқалады. Сонымен қатар әлемнің 97 елінде сырқаттанушылықтың өскені байқалады. Мәселен, соңғы аптада Арменияда сырқаттанушылық 217%-ға, Венгрияда 209%-ға, Біріккен Араб Әмірлігінде 55%-ға, Жапонияда 54%-ға, Сингапурда 37%-ға, Израильде 15%-ға, Түркияда 12%-ға өсті.

Анықтама: материалдық-техникалық нығайту шаралары шеңберінде Министрлік 16 модулдік инфекциялық аурулар ауруханасын салып, 3 инфекциялық аурулар ауруханасын қайта жаңартты.

9 300 сырқаттанған медицина қызметкеріне, сондай-ақ қайтыс болған медицина қызметкерінің 208 отбасына ынталандыру үстемелері берілді.

Шалғай өңірлерге қызмет көрсету мақсатында көлік медицинасын күшейту үшін 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды, олардың жалпы саны 149-ды құрады.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша КВИ-мен сырқаттанушылықтың статистикалық сенімді көрінісін анықтау бойынша шаралар қабылданды және эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, эпидемияға қарсы шаралар түзетілді.

Барлық зертханалар жүргізетін КВИ-ға ПТР-зерттеулерді орталықтандырылған есепке алу үшін меншік нысанына қарамастан зертханалық зерттеулердің бірыңғай базасы қалыптастырылған.

Белгіленген диагноздар туралы ақпарат медициналық ұйымдардың медициналық ақпараттық жүйелерінде көрсетіледі. Бұл эпидемиологиялық жағдайдың шынайы көрінісін қамтамасыз етеді.

«Эпидемиологиялық жағдайды күнделікті болжау және бағалау тұрақты негізде жалғасуда, жағдай ушыққан кезде КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін төсек орындар, инфекциялық ауруханалар, емдеуге арналған қаражаттың көлемі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, жеке қорғаныс құралдары дайын», — деді Ажар Ғиният. 

Вакциналау және ревакциналау инфекциядан қорғаудың жалғыз жол болып қала бермек. Тәулігіне орташа есеппен 11 мың адам вакцина алады. Бүгінгі күні: 1-компонентпен 9,4 млн адам немесе тиісті халықтың 83,3%-ы, 2-компонентпен 9,2 млн адам немесе тиісті халықтың 81,3%-ы вакциналанды. Ревакцинадан 4 млн адам өтті. 

2021 жылы COVID-19 вакцинасының 24,8 млн дозасы («Спутник V» вакцинасының І компонентінің 6,4 млн дозасы және ІІ компонентінің 6,4 млн дозасы; «QazCovid-in» (QazVac) вакцинасының 2,5 млн дозасы; «Hayat Vax SARS-CoV-2 Vero Cell» вакцинасының 1 млн дозасы (Синофарм); «КоронаВак» вакцинасының 500 мың дозасы (Синовак); «Синофарм» вакцинасының 4 млн дозасы; «Pfizer» компаниясы вакцинасының 4 млн дозасы) сатып алынды.

Сондай-ақ 2022 жылы 3,6 млн доза вакцина (Спутник Лайт вакцинасының 150 мың дозасы (өтеусіз жеткізу); Синофарм вакцинасының 2 млн дозасы; QazCovid-in (QazVac) вакцинасының 1,5 млн дозасы) сатып алынды.

Pfizer вакцинасының 1 дозамен 1,1 млн адам вакциналанды, 2 дозасымен 982 мың адам вакциналанды, жасөспірімдер арасында бірінші дозамен 838 мың адам және 779 мың адам екінші дозамен вакциналанды, жүкті әйелдер арасында бірінші дозасын 39 мың адам және екінші дозасын 34 мың адам алды, лактация кезеңіндегі әйелдер арасында бірінші дозасын 138 мың адам және екінші дозасын 126 мың адам алды.

COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі денсаулық сақтау жүйесінің барлық оңсыз тәжірибесін ескере отырып, эпидемиологиялық қауіп-қатерді болжамдау мен алдын алудың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруға бағытталған шаралар күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Биологиялық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленді. 2022 жылғы 28 сәуірде аталған заң жобасын ҚР Парламентінің Сенаты қабылдады. Заң жобасының негізгі мақсаты — бұл биологиялық қауіптерді ерте анықтау және олардың алдын алу. 

Негізгі биологиялық қауіптер:

  1. аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары (аса қауіпті инфекциялардың ошақтары ел аумағының жартысында таралған: мысалы, оба (10 облыстың аумағында), туляремия (12 облыстың аумағында), геморрагиялық қызбалар (4 облыстың және Шымкент қаласының аумағында), 1795-і күйдіргі бойынша стационарлық қолайсыз пункт;
  2. Қауіпті инфекциялардың сырттан әкелінуі (Қазақстанның халықаралық туристік және іскерлік байланыстарды кеңейтуі нәтижесінде жыл сайын тырысқақтың әкеліну жағдайлары тіркеледі, мысалы: Денге қызбасы (2019 жылы Таиландтан 3 жағдай), безгек (2019 жылы тропикалық елдерден 4 жағдай);
  3. Патогенді биоагенттермен жұмыс істеу кезінде талаптардың бұзылуы (тиісті рұқсаты жоқ, ережелерді сақтамай жұмыс істеу және т. б.);
  4. Төтенше жағдайлар мен терроризм актілерінің салдарынан жоғары қауіпті көздерге әсер ету (жер сілкінісі объектілердің бұзылуына және аса қауіпті патогендердің қоршаған ортаға түсуіне әкелуі мүмкін);
  5. Биологиялық қауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі (кадрлардың тапшылығы, дипломнан кейінгі даярлау қажеттілігі, кадрлардың «қартаюы»).

Заң жобасы аясында биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың шеңберінде құру жоспарлануда: 

  • стратегиялық жоспарлау;
  • мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейту;
  • бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету;
  • патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторингтің бірыңғай жүйесін құру және микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2026 жылға дейін жыл сайын санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың 3 зертханасын жарақтандыру бойынша іс-шаралар көзделген. 2021 жылы 3 зертхана жабдықталған. Осы жылы тағы да 3 зертхана жабдықталады.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын — медициналық-санитариялық алғашқы көмек – бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет. Коронавирус инфекциясының пандемиясы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымындағы әлсіз және проблемалық жерлерді айқындап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық алғашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасын және халықтың қалың тобының, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын адамдардың медицинаға қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Оның ішінде, 50 адамға дейін тұратын ауылдарды медициналық қызметкермен қамтамасыз ету жоспарлануда. 

Сонымен қоса, ауылдық елді мекендерде:

  • 50 адамнан 500 адамға дейін медициналық пункттерді;
  • 500 адамнан 1500 адамға дейін фельдшерлік-акушерлік пункттерді;
  • 1500 адамнан 5000 адамға дейін дәрігерлік амбулаторияны құру ұсынылады.

Сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін ескере отырып, амбулаториялық жағдайда көмек көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді, онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді тікелей алу қарастырылған.

Онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарау мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» ережесі енгізілді, яғни қандай да бір ісік ауруларына күдік болса, барлық зерттеулерді 18 күнде өтіп болуы керек (зертханалық зерттеулер, ЭКГ, рентген, КТ, МРТ, ультрадыбыстық және эндоскопиялық зерттеулер).

Осыған байланысты, 2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу, ауыл тұрғындары мен балаларға арналған профилактиканың жаңа тәсілдерін енгізу (Check-Up), пациентке бағдарланған (мобилдік бригадалар, үздік практика орталықтары, ауруларды басқару бағдарламасы), консультациялық-диагностикалық қызметтерді кеңейту, жыл сайын 1500 дәрігерді оқытып шығару, телемедицинаны және қашықтан медициналық қызметтерді алуды дамыту, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында геронтологиялық учаскелер ашу, сотталғандарға қызмет көрсету үшін мамандандырылған дәрігерлік учаскелер ашу, амбулаториялық оңалтуды дамыту жоспарланған, III кезең. Осы шараларды іске асырудың нәтижесінде МСАК-қа бару санын жылына бір тұрғынға шаққанда 6-ға дейін (2021 жылы – 5,8) ұлғайту, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайту жоспарда бар (бұл ДДҰ-ның кеңесіне сәйкес).

Анықтама: медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының желісі 5 695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымынан тұрады (қала – 501; ауыл – 5194), медициналық қызметтерді 618 өнім беруші көрсетеді (мемлекеттік – 58%, жеке – 42%).

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының кадрлық әлеуеті 86 041 медицина қызметкерін құрайды (23 194 – дәрігер, 62847 – орта медицина қызметкері).

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында кадр қажеттілігі 3924,75 бірлікті құрайды, оның ішінде қала – 2676,0, ауыл – 1850,75 бірлік.

Қазақстан Республикасының Президенті 2022 жылды «Бала жылы» деп жариялады. Балалардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде Министрлік ерекше назар аударатын болады.

Балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтіледі (жалпы қан талдауы, жалпы зәр талдауы, отоакустикалық эмиссияны тіркеу, қысқа латенттелген есту потенциалдарын тіркеу, аутизмге арналған түрлендірілген скринингтік тест «М-CHAT-R»)

«Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 16,4 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру көзделген және оған 9 сирек аурулары бар балаларды емдеу үшін 24 дәрілік заттар позициясы сатып алынады. Сирек кездесетін аурулар ішінде жұлын-бұлшықет атрофиясы және эпилепсиясының сирек түрлері бар», — деді министр.

2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды, онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша ЭКҰ арқылы 1307 бала дүниеге келді, 3063 әйел бала көтерді (43%).

Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына көп көңіл бөледі. Осыған байланысты: 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен 30%-ға (416 мың тг.); орта медицина персоналының жалақысы 20%-ға (208 мың тг) өсті. 2023 жылы дәрігерлер жалақысы орташа есеппен 30%-ға (531 мың тг.); орта медицина персоналының жалақысы 20%-ға (249 мың тг) өсті.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету мақсатында «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді және осы айда ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізілу жоспраланып отыр.

Заң жобасы мыналарды көздейді: Қылмыстық кодекстің 317-бабының қылмыстық нормаларын ізгілендіру жөніндегі нормаларды, мұнда: айыппұл санкциялары жеңілдетілді; соттың қарауына бас бостандығын шектеу бойынша балама енгізе отырып, бас бостандығынан айыру мерзімдері қысқартылды; Медицина қызметкерлерінің кепілдіктеріне және әлеуметтік қолдауына, мәртебесін арттыруға қатысты нормаларды, яғни: пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру; біржолғы ынталандырушы төлемді төлей отырып, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын белгілеу.

Медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталады. Мәселен, пандемияға дейін медицина қызметкерлері 2018 жылы 49 марапат алса, ал Қасым-Жомарт Кемелұлы екі жылдың ішінде медицина қызметкерлеріне 1 225 әртүрлі награданы табыс етті.

Елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, тірек және спутниктік елді мекендерді дәрігерлік амбулаториялармен және фельдшерлік-акушерлік пункттермен қамтамасыз ету үшін түгендеу жүргізіліп, 69 ауылда амбулаториялық-емханалық ұйымдар ашу қажеттілігі айқындалды. 2021 жылы 12 объект пайдалануға берілді. Биыл тағы 20 объектіні ашу жоспарлануда. 2023 жылы 37 объектіні ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы жоспарланған. Биыл 92 МСАК объектісін салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша тексеру жүргізілді. Медициналық техникамен жарақтандыру 83%-ды, медициналық объектілер ғимараттарының ескіруі 53%-ды құрады.

Анықтама:

2021 жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жабдықтарды сатып алуға 35 млрд теңге көзделген, барлық жоспарланған жабдықтар сатып алынды. Алайда, жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражатынан қосымша 28,2 млрд теңге бөлгенін атап өткен жөн. Осылайша өткен жылы медициналық жабдықтар жалпы сомасы 63,2 млрд теңгеге сатып алынды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көп бейінді клиника салынуда. Бұл орталықтар JCI талаптарын ескере отырып, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес болады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары 8 жобаға дейін оңтайландырылды, 5 университеттік аурухана (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалалары), 3 көпбейінді аурухана (Түркістан, Петропавл, Көкшетау қалалары) салу жоспарлануда. Халықаралық стандарттарды ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары негізінде денсаулық сақтау объектілерін салу жобаларының үлгілік ережелерін әзірлеу үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қазіргі уақытта аурухана құрылысының 1 шаршы метрінің шекті құны, 1 төсек-орынның шекті алаңының нормативі, медициналық жабдықтар тізбесі және оңтайлы қаржы моделі айқындалуда.

Дәрінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда шығарылатын базалық дәрілердің (730 ДЗ) тізбесі айқындалды. Базалық тізбеден 182 позиция бойынша дәрі-дәрмек жеткізуге отандық фармацевтика өндірушілерімен ұзақ мерзімді шарттар жасалды; тағы да 548 позиция бойынша өндіріс мүмкіндігі пысықталуда.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін арттыруды қамтамасыз ету үшін 2026 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығаратын кемінде 30 жаңа өндіріс ашу жоспарлануда, оған Big Pharma тартылатын болады. 2021 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесі 37%-ды құрады.

«СҚ-Фармация» базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшуді 2 кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отыр:

I кезең: 2022 жылы құны 20 млн теңгеден асатын МТ орталықтандырылған сатып алу, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі МТ жабдықтау бағдарламасын бекіту.

II кезең: 2023 жылдан бастап басым бағыттар бойынша кешенді жабдықтау үшін МТ орталықтандырылған сатып алу, ҚР-да өндірісті жергіліктендіру бойынша ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу тетіктерін әзірлеу.

Анықтама:

2022 жылғы 11 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаларына тиісті түзетулерді мақұлдады. Сондай-ақ сатып алынатын медициналық техниканың техникалық ерекшелігінің кемінде 2 модельге сәйкестігіне талдау жүргізу тәртібін бекітетін Министрлік бұйрығының жобасы Әділет министрлігіне келісуге жіберілді.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес тапсырыс берушілер 2 үлгіге сәйкес келетін техникалық тапсырма қалыптастырады, ол талдау үшін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына жіберіледі, оң қорытынды алынған жағдайда техникалық тапсырма сатып алуды өткізу үшін Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйенің порталына жүктеледі.

Бірыңғай дистрибьютор Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының порталында жеткізуге кейіннен мониторинг жүргізе отырып, сатып алуды өткізеді.

«СҚ-Фармация» базасында орталықтандырылып сатып алу рәсімі 35 күннен бастап 63 жұмыс күніне дейін (өтінімдердің бір мезгілде түсуіне, олардың санына, жергілікті атқарушы органдар ұсынған өтінімдердің сапасына байланысты) өтеді.

Журналистердің міндетті медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту туралы сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР денсаулық сақтау министрі А. Ғиният бұл үшін қаржыландыру көлемі ұлғайып келе жатқанын хабарлады.

«МӘМС аясында біз қаржыландыру көлемін ұлғайттық. Алайда әзірге қымбат қызметтерді төлей алмаймыз. Барлығын қымбат стоматологиялық қызметтермен қамтамасыз ететіндей, қаражат көп емес. Біз қазір МӘМС аясында көмекті жақсарту үшін пакет әзірлеп жатырмыз», — деді А. Ғиният.

Атап айтқанда, министрдің айтуынша, бір қабылдау аясында басқа ауруларды емдеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Көптеген адамдар ауруханаға отаға түскен кезде тағы бір ауру анықталып жатады. Олардың айтуынша, екінші ауруды қор өтемейтіндіктен, дәрігер оны емдей алмайды. Осы қызметтерді кеңейткіміз келеді», — деп түсіндірді А. Ғиният.

Бұған дейін Қазақстанда дәрігерлердің жалақысы тағы 30%-ға артатыны хабарланған болатын.

«Мемлекет басшысы жалпы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің әл-ауқатына зор көңіл бөледі. Осыған байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылы дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға өсті, жалақы өсуі 400 мыңнан астам адамды, орта медициналық қызметкерлердің 20%-ын қамтыды», — деді А. Ғиният.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі 12 аймақта коронавирус инфекциясының омикрон штамының бір түрі табылғанын айтты. «Стелс-омикрон» жеңіл жүреді, алайда тез таралады.

«2 аймақта коронавирус инфекциясының «омикрон» штамының бір түрі табылды. Ол – «стелс-омикрон». Коронавирус инфекциясының бұл түрі «дельта» вирусына қарағанда жеңіл, бірақ ол қауіпті, өйткені тез таралып, қайта жұқтыруға әкеледі. Бүгін біз вирустың бүкіл елге таралғанын көріп отырмыз», — деді А. Ғиният.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ауру бойынша мониторингтің күн сайын жүргізіліп жатқанын айтты.

«Симптомдармен келетін пациенттер толық ем алады. Ауру ахуалы осындай кезде қандай да бір карантин шаралары енгізілмейді. Барлық карантин шаралары алынып тасталды, қазір, негізінен, халық арасында алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді А. Ғиният.

Сонымен қатар министр маска режимін енгізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді.

«Бүгін маска тағу режимін енгізуге негіз жоқ, бұл елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады», — деді А. Ғиният.

Вакцина қоры туралы сұраққа министр бүгінгі таңда Pfizer вакцинасының қоры 1 млн дозаны құрайтынын түсіндірді.

«Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасының қоры 1 миллион дозаны құрайды. Мерзімі бойынша маусым айының соңына дейін 500 мың доза бар», — деді А. Ғиният.

Сонымен қатар министр халықты қайта вакциналау барысы туралы айтты.

«Бүгінгі таңда халық вакциналау мен ревакцинацияға өз бетінше барады. Тәулік сайын 15 мыңға жуық адам вакцина алып жатыр. Сондықтан Pfizer вакцинасын жүзеге асыру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр», — деді А. Ғиният.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы неліктен пайдалану мерзімі аяқталу алдында тұрған соншалық көп вакцина қалды деген сұраққа да жауап берді.

Бастапқыда Pfizer вакцинасы бізде қандай вакциналар болғанын ескере отырып, балалар мен жүкті әйелдерге сатып алынды. Бүгінгі таңда вакцина алуы керек жүкті әйелдердің тек 30%-ы ғана екпе салдырған. Балалардың 70%-дан астамынан қалған вакцина дозалары бүгінде халыққа сатылып жатыр.

Денсаулық сақтау министрі модульдік аурухана салу туралы сұраққа да жауап берді, оның құрылысының сапасын депутаттар сынға алды.

«Бұл аурухананы Министрлік салған жоқ. Келісімге сәйкес, бұл аурухана әкімдік арқылы салынған. Оның қабылдау жұмысына немесе сапасына Министрліктің ешқандай қатысы жоқ және жауап бере алмайды. Ол біздің бақылауымызда емес», — деді А. Ғиният.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған госпитальдардың құрылысын егжей-тегжейлі және қоғам үшін ашық тексеруді талап еткен болатын.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу