Ералы Тоғжанов: Үкімет 2025 жылға дейін ЖІӨ-дегі жалақы үлесін 31%-дан 38,5%-ға дейін көтеруге ниетті

Бүгін, 28 сәуірде, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Вице-Премьердің баяндамасы Халықтың табысын арттыру бағдарламасына арналды.

Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек, «Адал» саяси партиясының саяси кеңесінің мүшесі Эльдар Жұмағазиев, «Бақытты отбасы» орталығының жобалық жетекшісі Ырза Тұрсынзада баяндама жасады.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленіп, ҚР Үкіметімен бекітілді.

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы 1 млн-нан астам бюджет саласы қызметкерінің, квазимемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбек ақысын көтеруді қарастырады. Мемлекеттен қолдау алатын бизнеске нақты міндеттемелерді белгілеу арқылы 2,8 млн қызметкердің жалақысын арттыру көзделген.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде өндіріс саласында – 950 мың, инфрақұрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруашылығында – 458 мың, туристік салада – 59 мың.

Ералы Тоғжановтың айтуынша, халықтың табысына ықпал ететін жанама әсер жүйелі шараларды қабылдау арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен, бірінші кезекте, 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады, бұл ШОБ өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қызылорда облысындағы бір ғана шыны зауытының айналасында шыны талшық, автомобиль әйнектері, шыны кәдесыйлар, шыны ыдыстар, шыны мақта, смартфондарға арналған өте жұқа әйнектер өндіретін 8 шағын зауыттан тұратын ШОБ белдеуі құрылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да осындай тәсіл қолданылатын болады», — деп мысал келтірді Е. Тоғжанов.

Сұранысқа ие өндірістік тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді локализациялау. Мұнай-газ саласының төрт зауытын іске қосу құбырлардың, сорғылардың, арнайы ыдыстардың, шөлмек өнімдерінің, геотекстильдің, тоңазытқыштардың және кондиционерлердің аралас өндірісін құруға мүмкіндік береді. Мұндай өнімді 37 отандық тауар өндіруші шығарады.

Фармацевтика, биотехнология, IT-технологиялар және мұнай химиясы салаларында 5-6 қайта өңдеудің жаңа өнеркәсіптік индустрияларын құру арқылы өңдеу өнеркәсібін жаңғырту қолға алынды. Жаңғырту отандық тауарларды өндіру және кейіннен экспортқа шығару есебінен импортқа тәуелділікті еңсеруге мүмкіндік береді.

«Үкіметтің жақында өткен отырысында импортты алмастыру мәселесі қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамытудың ағымдағы мүмкіндіктері мен перспективаларына талдау жүргізілді. Импортты алмастыруға жоғары дайындығы бар тауар позицияларының 3 тобы айқындалды. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде 115 мың жұмыс орнын құрумен 690 жоба іске асырылады», — деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Керамикалық плиталар, кальцийленген және каустикалық сода, жылу оқшаулағыш материалдар, арнайы кокс, калий тыңайтқыштары және т. б. сияқты тауарлар бойынша импортты толық алмастыруға қол жеткізу жоспарланып отыр. Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында екінші орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру көзделген.

Төртіншіден, импортталатын азық-түлік тауарлары 100% отандық тауарлармен алмастырылады. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды бағыт. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша отандық өндірістің үлесі 80%-ды құрады. Алты тауар бойынша импортқа тәуелдіміз. Импортқа тәуелділікті толық шешу үшін 900-ден аса инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қазір өзімізді азық-түлікпен 80% қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Өнімнің 20%-ын сырттан әкелуге мәжбүрміз. 

«Келешекте бағдарлама бойынша 2025 жылға дейін өнімнің алты түрін толығымен жабу мүмкіндігі болады», — деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, ішкі нарыққа қант жеткізу 80% деңгейінде сақталып отыр. Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жыл сайынғы қант тұтыну көлемі 532 мың тоннаны құрайды, оның ішінде отандық шикізат есебінен – 7%.

«Болашақта импортқа тәуелділікті жою үшін 900 инвестициялық жоба жүзеге асырылады», — деді Е. Тоғжанов.

Бесіншіден, ауыл халқын жұмыспен қамту — облыс, аудан және ауыл әкімдіктерінің басты міндеттерінің бірі. Ералы Тоғжанов, ең алдымен, ауыл тұрғындарының жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды екенін ерекше атап өтті. 

Айта кету керек, дамыған елдерде ЖІӨ-дегі жалақы үлесі 50%-дан асады, бізде ол бар болғаны 31%-ға тең. 

Бағдарламаны іске асыру көрсеткішті 31%-дан 38,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы табыстағы еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі 70,3%-дан 82%-ға дейін ұлғайтылатын болады.

«Ең бастысы – Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы азаматтарымызға өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, табысын арттыруға мүмкіндік жасау. Бұл өте маңызды», — деді Е. Тоғжанов.

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының, әсіресе жастардың тұрақты табысын қамтамасыз ету жоспарланған. Спикердің айтуынша, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары аясында 160 мың жас азамат 400 АЕК көлемінде грант алады. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша 20 мың көп балалы ана мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үйден табыс табу үшін қайта оқытумен қамтылады. Оларға нарықта сұранысқа ие 10 мамандық бойынша тегін қысқа мерзімді курстар мен бизнес-консультациялар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Қазақстанда 220-дан астам мамандық трансформацияланатын болады. 239 жаңа мамандық пайда болды.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстанда мүгедектік дәрежесі бар 400 мыңнан астам еңбекке қабілетті азамат бар, олардың тек 20 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдар, зейнет жасындағы адамдар үшін табысын өсіру және жұмысқа тарту мүмкіндігі.

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі үкіметтік бағдарламасында адамдардың бұл санаты жеке бағытқа бөлінген. Қазақстанда 300-ге жуық әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың санын 1000-ға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін заңнамаға түзетулер қабылданды, салық жеңілдіктері, преференциялар қарастырылған, енді іске асыру қажет, деп есептейді спикер.

Сонымен қатар Үкімет Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында креативті индустрияны дамытуды көздейді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, әлемде шығармашылық индустрияларды капиталдандыру бүгінде шамамен $2,3 трлн құрайды, АҚШ-та индустрия шеңберінде 30 млн-нан астам жұмыс орны құрылды. Креативті индустриялар біртіндеп дамыған және дамушы елдерде экономиканың драйверлеріне айналуда. 2016 жылы кореялық креативті индустриялардың экспорты $6 млрд-тан асты.

Бүгінгі таңда жастар мәдениет, кино, шығармашылық, IT технологиялар саласындағы отандық креативті жобаларға қатысады. Алайда, алдымызда қазақстандық мәдениетті, бірегейлікті, өнерді дәріптеу міндеті тұр, деп есептейді спикер.

Қазақстанда креативті индустрияны дамытудағы алғашқы жедел шаралар іске қосылды: Креативті индустрияны қолдаудың мемлекеттік емес қорын тіркеу, шығармашылық өсу үшін қолжетімді инфрақұрылымды айқындау. Әрбір қаланың өңірдің «жергілікті бірегейлігін» ескере отырып қалыптастырылған өз тауашасы болады.

«Шығармашылық ұжымдарға олардың алаңдарында дамуға мүмкіндік беру үшін “Қазақфильм” мен басқа да мәдениет объектілерінің қолда бар базасы пайдаланылатын болады», — деді Е. Тоғжанов.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда «Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың көп балалы ана мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға біліктілігін арттырып, үйден шықпай-ақ табыс табуға мүмкіндік жасалады.

Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие 14 мамандық бойынша қысқа мерзімді курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультациялар алады. Былтыр осындай жоба Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылды. Жоба арқылы 1500 әйел оқудан өтті.

Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары журналистердің бірінің «Халықтың табысын арттыру бағдарламасы елдегі инфляцияның өсуіне әсер ете ме?» деген сұрағына жауап берді.

«Жалақының күрт өсуі инфляцияның өсуіне әрқашан да әсер етеді. Бұндай мәселе бар, бірақ бұл ештеңе жасамай отыра беру керек дегенді білдірмейді. Жүйелі және жедел шаралар бар. Жедел шаралар жекелеген компанияларда еңбекақыны нақты арттыруға бағытталған және бұл жалақы деңгейі өте төмен компанияларға қатысты. Бүгін медиандық жалақы туралы сұрақ бекер қойылған жоқ, өйткені орташа жалақы көлемі нақты объективті мәліметтерге барлық жерде бірдей сәйкес келе бермейді», — деді ол.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде жалпы ішкі өнімдегі еңбекке ақы төлеу көрсеткішін 31%-дан 38,5%-ға дейін арттыру жоспарланған. Жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен кірістердің үлесін 70%-дан 82% ға дейін ұлғайту көзделген», — деді Е. Тоғжанов.

Журналистердің халықтың жалақысын арттыруға қатысты сауалына жауап бере отырып, Е. Тоғжанов халықтың табысын арттыру бағдарламасында осы мақсаттарға 197 млрд теңге көзделгенін атап өтті. Жалпы, бағдарлама аясында қызметкерлердің жалақысын 5-тен 40%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, компанияларға ұсынылған талаптар жүйелі сипатқа ие болады және тұрақты негізде әрекет етеді.

Е. Тоғжановтың айтуынша, жалақыны көтеру және тиісті ақшалай қаражатты ұлғайту республикалық бюджетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

«Жыл сайын әлеуметтік-экономикалық даму болжамы үнемі нақтыланып отырады. Қазіргі нақтылау шеңберінде инфляцияның тиісті дәлізі айқындалды, бағдарлама аясында көзделген барлық шаралар әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ескерілді», — деп түйіндеді Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу