Ажар Ғиният: Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірлерді аралап, халықпен кездесулер өткізді. Сондай-ақ бірқатар медициналық нысанға барды.  

Ведомство басшысы Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының тұрғындарымен кездесуде Денсаулық сақтау министрлігі жүргізіп жатқан жұмыс және Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттердің орындалу барысы туралы баяндады.  

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыруда.

Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады:

  • медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
  • эпидемиологиялық болжау мен назар аударудың заманауи жүйесін қалыптастыру;
  • отандық фармацевтика саласын дамыту;
  • бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту.

Сонымен қатар пациенттердің құқықтарын қорғау және медицина қызметкерлерін сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру жөніндегі заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы

Мемлекет басшысының елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша  тапсырмасы шеңберінде «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заң қабылданды. Құжаттың негізгі мақсаты – биологиялық қауіптерді ерте анықтау және алдын алу.

Қазақстанда аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Осы жылы Сібір жарысы мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жағдайлары тіркелген.

Сондай-ақ 12 нозология бойынша аурудың төмендеуі байқалады, оның ішінде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық 38%-ға төмендеді.

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша профилактикалық екпелермен қамту егілуге тиісті халықтың 77,5%-ын немесе 1,5 млн адамды құрады.

«Коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың тұрақтануы байқалады. Шығыс Қазақстан және Абай облыстары биыл ақпан айынан бастап «жасыл аймақта» орналасқан. Соңғы тәулікте КВИ жағдайлары тіркелген жоқ», — деді денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, халықты ревакцинациямен қамту үшін тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында вакцинациялауға жататын халықтан 741 мың адам егілді. Өңірлерде ревакцинациямен қамту тиісті халықтың 89,8%-ды құрады. Бұл орташа республикалық мәннен 19%-ға жоғары. 

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетуді жетілдіру

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын – медициналық-санитариялық алғашқы көмек, бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында 293 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі жұмыс істейді – бұл бүкіл республиканың медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 5%-ы. 

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі елдегі денсаулық сақтау объектілеріне инвентаризация жүргізді.

Анықтама:

Түгендеу қорытындысы бойынша республика бойынша денсаулық сақтау ұйымдары жоқ 493 ауылдық елді мекен анықталды. Абай облысы бойынша медициналық ұйымдары жоқ 40, Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық ұйымдарсыз 69 елді мекен бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобильді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын халықтың медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Шығыс Қазақстан облысы халқының жоғары технологиялық медициналық көмекке қол жетімділігін арттыру шеңберінде 2022 жылы шамамен 3 млрд теңге сомасына қызметтер көрсетілген, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50%-ға артық.

Ауылда медициналық көмек сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адам-пациент-бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатыр. Атап айтқанда:

- пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі;

- инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары;

- саламатты өмір салтын, тамақтануды үйрету;

- патронаждың әмбебап прогрессивті моделі, отбасын жоспарлау, ер адам денсаулығын жақсарту, баланың даму кабинеті.

Ведомство басшысы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы Испания және Швеция елдерімен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өтті.

Сонымен қатар емханалар деңгейінде үздік практикаларды енгізе отырып, көпбейінді орталық аудандық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр.

«Әлемдік және отандық практикада қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізілген Аягөз көпбейінді орталық аудандық ауруханасының үздік тәжірибесін, оның ішінде хирургиялық аз инвазивті араласуларды атап өткен жөн. Бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлері қабылдайды», — деді Ажар Ғиният.

Халықтың өтініші бойынша Амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету көзделген.

Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеп-қаралады.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда, ол осы жылы 55%-ды құрады.

Амбулаториялық хирургия дамып келеді, биыл көрсетілетін қызметтер көлемін 1,7 есеге ұлғайту көзделіп отыр. 

Сонымен қатар амбулаториялық оңалтудың III кезеңін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізілетін болады, бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек жолдары, тірек-қимыл аппараты, көру және т. б. ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе ұлғайтылды. Бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттырады және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетеді.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында қымбат препараттарды қоса отырып, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді. Биыл өңірлер үшін 1,2 млрд теңге сомасына 11 қымбат препарат сатып алынып жөнелтілді.

Ауылдық денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша қазіргі уақытта ауылда 5397 медициналық ұйым (2895 – медпункт, 790 – фельдшерлік пункт, 1282 – амбулатория, 227 – емхана, 203 – аурухана), Шығыс Қазақстан облысында 297,  Абай облысында 294 медициналық ұйым көмек көрсетеді. 

Сонымен қатар осы ұйымдар ғимараттарының тозуы республика бойынша 52,6%-ды, Шығыс Қазақстан облысында – 68%-ды, Абай облысында – 69,6%-ды құрайды.

Жету қиын ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен пайдаланылады.

Аталған өңірлерде 16 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, олар 2022 жылы ауылдық елді мекендерге шықты, 94 мыңнан астам адам қамтылды, оның ішінде 5,6 мың адамның ауруы анықталды, бұл зерттеліп-қаралған ауыл тұрғындарының жалпы санының 6%-ын құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасын әзірлеп жатыр.

Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін, оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт салу бойынша дайындық жұмысы басталды.

Абай облысында ауылда – 65, Шығыс Қазақстан облысында ауылда 36 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу жоспарланған.

Сондай-ақ пилоттық жоба шеңберінде республика бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана, оның ішінде Абай облысында – 2, Шығыс Қазақстан облысында 1 аурухана ашу жоспарланған.

Ауруханаларда инсульт және кардиология бөлімшелері, тері арқылы араласу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелері ашылады.

Көпбейінді аудандық орталық ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау мен күрделі жөндеу жүргізу (немесе қосымша құрылыс салу) көзделген.

Пилоттық жобаның мақсаты қалалық және ауылдық денсаулық сақтаудың арасындағы сәйкессіздікті азайту болып табылады.

Ана мен бала денсаулығын сақтау

Ана мен бала денсаулығын сақтау Денсаулық сақтау министрлігі үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі болып табылады.

Ажар Ғинияттың хабарлауынша, 2022 жылдың 9 айдында Абай облысы бойынша 8,5 мың әйел босанып, 8,6 мың нәресте дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8,3 мың әйел босанып, 8,3 мың нәресте туды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылып, 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделді. Осы бағдарламаның шеңберінде Абай облысында 2021 жылы 250 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел жүкті болды, 65 отбасы сәби сүю бақытына ие болды. Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылы 250 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алып, 101 әйел жүкті болды, 86 отбасы сәби сүю бақытына ие болды.

Балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 10 перзентхана орталығының құрылысы жоспарлануда.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі жедел шешуді талап ететін бірқатар міндеттер барын айтты. Олар: шала туған балаларға көмек көрсету сапасын жақсарту, балалардағы патологияларды ерте анықтауды қамтамасыз ету.

Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.

Ажар Ғинияттың айтуынша, нәресте өлім-жітімінің өсуі проблемалық мәселелердің бірі болып отыр.

Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға өсті.

Нәресте өлім-жітімінің негізгі себептері перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар болып қалуда, дамудың туа біткен ақаулары екінші орында тұр. Үшінші орында – инфекциялық және паразиттік аурулар. Бұл мәселе денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Балалардағы ауруларды ерте қамту және диагностикалау мақсатында елімізде жаңа туған нәрестелер мен ерте шақтағы балаларды скринингтік зерттеу бағдарламасы енгізілді, ол әрбір баланы жаңа туған кезеңнен бастап мектеп жасына дейін сүйемелдей отырып, кезең-кезеңімен кешенді тәсілді іске асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 49 тұқым қуалайтын алмасу ауруларына (жаңа алмасу ауруларының популяциясын анықтау үшін) жаңа туған нәрестелерді селективті скрининг бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі алдағы 5 жылға тұжырымдама әзірленетін болады.

Шығыс Қазақстан облысының медициналық-демографиялық көрсеткіштерін талдау оң динамиканы көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңірде жалпы өлім-жітім көрсеткішінің 13%-ға төмендеуі байқалады. Сондай-ақ ана өлім-жітімі, қанайналым жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында ана өлім-жітімі 3,6 есе төмендеді.

Денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстары

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлердің қамтамасыз етілуі 78 мың штат бірлігін, ал Абай облысында 1,2 мың, дәрігер кадрлардың тапшылығы 81 штат бірлігін құрайды. Ал Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлердің қамтамасыз етілуі 6 мың, дәрігер кадрлардың тапшылығы 144 штат бірлігін құрайды.

Осы жылы еліміздің өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 2 980 түлегі, Абай облысына – 37, оның ішінде ауылға 13 түлек және Шығыс Қазақстан облысына – 224, оның ішінде ауылға 59 түлек бөлінді.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. 2021 жылы 282 маман көтерме жәрдемақы, 222-і тұрғын үй алды, 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. 

Кадрлар тапшылығын төмендету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Шығыс қазақстан облысында мамандар даярлауға 178 орын бөлінді, оның ішінде 20 терапевт, 29 орын – педиатр, 15 орын – акушер-гинеколог, анестезиологтар-реаниматолог – 17 орын, хирургтар – 5 орын.

Сонымен қатар 2 маман көтерме жәрдемақы, 3 маман тұрғын үй алды, 2 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді.

«Өткен жылы біз медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледік. Медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын 2 есе көтеру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы тиісінше 250 мың теңгені құрайды», — деді Ажар Ғиният.

Жыл сайын 5 мыңға жуық медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы мен гранттар бөлінеді, түлектерді бөлу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ ауылда резиденттердің міндетті тағылымдамадан өтуімен пилоттық жоба пысықталып жатыр. 

Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санының жыл сайын 70%-ға ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету.

Осы мақсатта «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бірыңғай дистрибьюторы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 196 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алды, бұл ретте өңірлерге сатып алынған дәрілік заттардың 100%-ы жеткізілді, ал стационар деңгейінде 177 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынды, сатып алынған көлемнен өңірлерге 93%-ы жеткізілді.

Шығыс Қазақстан облысында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 15,5 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар, ал стационарлық көмек шеңберінде 12 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алу жүзеге асырылды.

Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарына, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша инвентаризация жүргізілді.

Медициналық техникамен жабдықталу – 84,7%, тозу – 43,1%-ды, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық техникамен жабдықтау – 85,7%, тозу – 41,3%-ды құрады.

2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру шеңберінде Абай облысы үшін медициналық техниканы сатып алуға 8,2 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы үшін 5,2 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаражатының ең аз көлемі белгіленді.

Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға Абай облысында 2,8 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысында 3,1 млрд теңге мөлшерінде ағымдағы нысаналы трансферттер көзделген.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» жауапкершілігі шектеулік серіктестігі базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшті.

Жалпы, ел бойынша отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту шеңберінде  дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті, оның ішінде Big Pharma (Roche, PFIZER және т. б.) тарта отырып іске қосу, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні дамыту (Астана қаласындағы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының жанынан зертхана салу), дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың айналысының бүкіл процестерін цифрландыру (өтініш беруден бастап олардың айналымына дейін), дәрілік заттарды таңбалау мен оларды қадағалауды енгізу (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап) көзделген.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылуда.

Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 16,2 млн адам тіркелген, бұл  халықтың 82,6%-ын құрайды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 3,4 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша бұл 229,9 мың адамға (17,1%) жетеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асырудың арқасында 2021 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру 25%-ға, оның ішінде:

- профилактикалық медициналық қарап-тексерулер – 2 есе;

- консультациялық-диагностикалық қызметтер – 1,5 есе;

- стационарлық көмек – 1,2 есе;

- жоғары технологиялық медициналық қызметтер – 2,2 есе;  

- оңалту – 1,5 есе ұлғайтылды.

Сондай-ақ КТ, МРТ және ПЭТ қымбат тұратын зерттеулер санының ұлғайғаны байқалады.

Одан басқа, соңғы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының есебінен жаңа қымбат тұратын технологияларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылданды.

Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сыйақыларын (12 айдағы жарналар) төлеудің баламалы тетігін енгізу арқылы сақтандырылмаған халықты медициналық сақтандырумен қамтуды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерге 61 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 11 млрд теңге облыстың медициналық ұйымдарының аудитінен кейін қосымша бөлінді.

2023 жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті көтеру (негізгі құралдарды жаңартуға шығыстарды қосу) жоспарланған .

Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі міндеттері

Денсаулық сақтау жүйесінің алдында мынадай бірқатар басым міндеттер тұр:

  • «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру.
  • «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын  әзірлеу және іске асыру.
  • Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қабылдау.
  • Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді университеттік ауруханалар мен клиникалар құру.
  • Резидентурада даярлауға гранттардың санын 3 жылдың ішінде кезең-кезеңімен 70 %-ға ұлғайту.

«Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын сақтаудың барлық бағыттары бойынша маңызды жұмыс жүргізді. Қол жеткізілген жетістіктермен қатар тез арада шешуді талап ететін міндеттер де бар. Біз ел халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдерді дайындайтын кәсіптік және азаматтық қоғамдастықтың бүкіл күш-жігерін біріктіруіміз қажет», — деп түйіндеді Ажар Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу