Қазақстан ЕАЭО-да: экспорттық өнімнің өсуі, тиімді халықаралық ынтымақтастық және көлік-логистикалық байланыстардың жолға қойылуы

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «ЕАЭО және Қазақстан — интеграцияның ағымдағы процестері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова, ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев баяндама жасады.

«Біз Еуразиялық экономикалық одақты ЕАЭО бойынша серіктестермен өзара тиімді экономикалық қатынастарға ықпал ететін сыртқы экономикалық қызметтің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз. Белгіленген ережелерге сәйкес осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ЕАЭО-ның барлық органдарында төрағалық етуді өз мойнына алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы төрағалық етудегі 5 басымдықты атап өтті», — деді Ж. Кушукова.

Оның айтуынша, бірінші кезекте, бұл өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, тауарлардың кедергісіз қозғалысын орнату, транслогистикалық бағыттарды дамыту, процестерді цифрландыру және үшінші елдермен ынтымақтастық.

Бұдан өзге, 2015-2020 жылдары қазақстандық экспорт жалпы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге $6,4 млрд дейін 25%-ға, Ресейге 25%-ға, Беларуське 2 есе, Қырғызстанға 20%-ға, Арменияға 6 есе өсті.

Вице-министр атап өткендей, ЕАЭО-да өзара сауда көлемін арттыруға кедендік декларациялауды алып тастау, сәйкестік сертификаттарын, ветеринарлық және санитарлық құжаттарды өзара тану есебінен экспорт кезінде құжаттық жүктемені төмендету секілді бизнес шығындарын қысқарту мүмкіндік береді.

Серіктестер нарығындағы негізгі жеткізушілер — шағын және орта бизнес кәсіпорындары.

«ЕАЭО-ның таяу жылдарға арналған даму стратегиясын талқылау кезінде Қазақстан бірлескен өнеркәсіптік кәсіпорындарды құру және мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік субъектілері арасындағы байланыстарды нығайту ЕАЭО нарығындағы кедергілерді жою және өзара сауда көлемін ұлғайту үшін қосымша серпін беретінін бірнеше рет атап өтті», — деп хабарлады ҚР СИМ вице-министрі.

Ол сондай-ақ ЕАЭО жұмыс істеген 6 жыл ішінде Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындар саны 2015 жылдан бастап 6272-ден 13 503-ке дейін өскенін айтты.

Сауда вице-министрінің айтуынша, Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуді ЕАЭО-ны 2025 жылға дейін дамытудың орталық элементі деп санайды.

«Бірнеше күннен кейін өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте президенттер өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырады. Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушылары өнеркәсіптік ынтымақтастықты тауарлардың экспорттық желісін сапалы жақсарту құралдарының бірі ретінде бағалайды», — деді ол.

ЕАЭО жұмыс істеген сәттен бастап Қазақстан үшінші елдердің нарықтарына өңдеу деңгейі жоғары және орташа тауарларды экспорттау үлесін ұлғайтты. Жалпы, соңғы жылдары дайын тауарлар пайдасына экспорттың тауарлық желісінің белсенді әртараптандырылуы байқалуда. 

Кушукованың айтуынша, ЕАЭО құру қарсаңында (2014 жыл) қайта өңдеу экспорты шетелге сатылған жалпы көлемнің 23,2%-ын иеленді. Өткен жылы тауар айналымының жалпы құлдырауының өзінде Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 35%-дан асты. 

Ол сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдерге қол қоюы қазақстандық кәсіпкерлерге көптеген преференциялар беретінін, бұл экспортты ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. 

«Атап айтқанда, Вьетнаммен, Сербиямен, Иранмен және Сингапурмен ЕСА қазақстандық тауарлардың экспортын $1 млрд астамға қосымша өсіруге мүмкіндік берді. Тек Қазақстанның Вьетнаммен тауар айналымы 54%-ға өсті. Сонымен қатар, біз өңделген тауарлар туралы айтып отырмыз: металлургия, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері», — деп түсіндірді ол.

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ Израильмен, Египетпен және Үндістанмен келісімдер жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде. СИМ деректері бойынша ЕСА шеңберінде қазақстандық экспортты ұлғайту әлеуеті шамамен $800 млн көлемінде бағаланып отыр.

2020 жылы ЕАЭО-ға үшінші елдерден инвестициялар $25,3 млрд құрады, олардың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі – $17 млрд.

Жанель Кушукованың айтуынша, кедендік шекараларды ашып, елдердің әрқайсысы ішкі өндірушілерді Еуразиялық экономикалық одақтың басқа қатысушыларының бәсекелестігінен іс жүзінде қорғауды жалғастыруда.

«Біз өзара саудадағы жасырын шектеулерге тап болдық. Көбінесе оларды біздің серіктестер бәсекелестіктің жоғары деңгейі бар тауарларға қатысты орнатады. Соның ішінде экспортқа бағдарланған жекелеген елдердің өндірушілерін жандандыру жағдайында», — деп мәлімдеді ҚР СИМ вице-министрі.

Ол мұндай тәжірибе экономикалық интеграция идеясына қайшы келетінін айтты, бұл туралы қазақстандық тарап ЕАЭО бойынша әріптестеріне бірнеше рет еске салды. 

Сауда және интеграция министрлігі Еуразиялық одақтағы қазақстандық тауарлар жолындағы кедергілерді анықтау және жою бойынша жұмыс жүргізуде.

«Бүгінгі таңда тосқауылдарды жоюдың рекордтық оң динамикасын атап өтуге болады: 2016 жылдан бастап ЕАЭО ішкі нарығында бұрыннан бар тосқауылдардың 83%-ы жойылды (66 тосқауыл сараланды, оның ішінде 54 тосқауыл жойылды)», — деді ол.

Жалпы алғанда, Министрлік құрылған сәттен бастап жойылған кедергілер шамамен $100 құрады.

Сондай-ақ, вице-министр Ж. Кушукова ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап «Шекарасыз жұмыс» ақпараттық ресурсы жұмысын бастайтыны туралы шешімге қол қою жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл жерде жұмыс іздеушілер де, жұмыс берушілер де Еуразиялық одақ аясында азаматтығына қарамастан, өздеріне жұмыс немесе жұмыскерді таңдай алады.

Сонымен қатар, Жанель Кушукова 21 мамырда бейнеконференция байланысы режимінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтетінін хабарлады. Мемлекет басшылары 15 мәселені талқылайды. Олардың ішінде ішкі тұтыну үшін газ тасымалдауға тариф белгілеу, ЕАЭО-ның негізгі серіктестерімен орта мерзімді перспективаға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту тәсілдерін бекіту мәселелері бар. 

Сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қатысушылары медициналық қолдануға арналған стратегиялық маңызды дәрілік препараттар мен фармацевтикалық субстанцияларды өндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, мемлекет басшылары ЕЭК-тің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедергілерді жою жөніндегі жұмыс барысы туралы ақпаратын, шет елдермен, интеграциялық бірлестіктермен және ЕАЭО халықаралық ұйымдарымен 2020 жылғы ынтымақтастық қорытындыларын, ЕЭК-тің трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және 2020 жылға арналған бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдайды.

ЕАЭО ынтымақтастығын дамыту аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы ҚР ИИДМ вице-министрі Динара Щеглова баяндады.

Оның айтуынша, көлік саласында одақта Бірыңғай көлік кеңістігін және көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастыру мақсатында көліктің барлық түрлерін қамтитын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үйлестірілген көлік саясатын іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.

Іс-шаралар жоспарына 2021 жылдың соңына дейін қол қою жоспарлануда.

«Азаматтық авиация саласындағы осы жоспар әуе кеңістігі арқылы кедергісіз ұшып өтуді қамтамасыз етуді көздейді, ЕАЭО-ға мүше елдердің әуе кеңістігін кесіп өту кезінде қосымша төлемдер алудың болмауына қызмет етеді», — деді Д. Щеглова.

Сондай-ақ, оның айтуынша, жоспар аясында 2021 жылы еуразиялық көлік дәліздері мен көлік байланыстылығы деңгейін арттыру және тасымалдау үшін оңтайлы маршрутты анықтау бағыттарының тізбесі бекітілетін болады.

2020 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясының ішкі су жолдары арқылы Каспий теңізі порттарынан Қара және Жерорта теңіздерінің порттарына транзиттік өту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік беретін кеме қатынасы туралы келісім ратификацияланды. Атап айтқанда, өтінімді қарау мерзімі 6 айдан 10 күнге дейін қысқартылды.

Еуразиялық одақ шеңберінде Ақтау және Құрық теңіз өткізу пункттерінде Еуразиялық одаққа қатысушы мемлекеттердің теңіз өткізу пункттерінің ұқсас жүйелерімен интеграциялау үшін электрондық құжат айналымы жүйесін құру жоспарлануда. Бұл шаралар теңіз қатынастарында жүктерді тасымалдау кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Рұқсатсыз негізде жүктерді автомобильмен транзиттік тасымалдау қазақстандық автотасымалдаушыларға Беларусь аумағы арқылы Еуропалық Одақ елдері бағытында кедергісіз транзитпен өтуге мүмкіндік береді. Бұрын транзиттік тасымалдарға квоталар берілген.

«Ресеймен және Беларусьпен әріптестіктің нәтижесінде бірлескен көліктік-логистикалық компания құрылды, соның арқасында Қытайдан Еуропаға контейнерлерді жеткізу уақыты 12-15 күнді құрайды, ал контейнерлік тасымалдар көлемі соңғы 5 жылда 15 есе өсті», — деп хабарлады ҚР ИИДМ вице-министрі.

Бүгінгі таңда ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесі іске асырылуда. Жобаны енгізу көлік-логистикалық операцияларды қағазсыз сүйемелдеуді және мәліметтер алмасуға толық көшуді қамтамасыз етеді.

Жобаның басым сервистерінің тізбесіне: электрондық тауар-көлік жүкқұжаттары, жол жүру парақтары, жолдардың цифрлық дерекқоры, өткізу пункттерінде кезекті брондау сервисі және басқалар кірді.

Өнеркәсіп саласына келетін болсақ, коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясына қарамастан, стратегиялық маңызды және негізгі құжаттарды әзірлеу және қабылдау мүмкін болды, ал кейбіреулерінің бірқатары бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Биылғы сәуір айында ЭЫҰ-ға мүше елдердің үкімет басшылары 2025 жылға дейін Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына қол қойды.

«Өнеркәсіптік кооперацияның 2016-2020 жылдарға арналған негізгі бағыттары» алдыңғы құжаты мынадай нәтижелер берді.

Осылайша, 2015-2020 жылдары Одақтың өңдеу өнеркәсібіндегі кооперациялық жеткізілімдер бір жарым еседен астамға өсті.

Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың табысты мысалына Қостанай қаласындағы Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы болып табылатын «Евраз Каспиан сталь» кәсіпорнында құрылыс арматурасын өндіруді жатқызуға болады.

Химия саласында Д. Щеглова Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт салу бойынша бірлескен қазақстандық-ресейлік жобасын атап өтті.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ірі кооперациялық жобалардың бірі — Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы шойын құю өндірісі. Келісімге «АгромашХолдинг» және «КАМАЗ» арасында қол қойылды.

Қазақстан-Беларусь өнеркәсіптік ынтымақтастығы бөлігінде тракторлар мен лифтілер бойынша бірлескен өндірістерді атап өту қажет.

Минск трактор зауытының негізінде Семей автомобиль құрастыру зауытында тракторлар өндіру; «Гомсельмаш» беларусь "холдингі негізінде «АгромашХолдинг» АҚ. Сондай-ақ, «Ертіс-Лифт» ЖШС-дебірлесіп лифт өндіру.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО құрылыс қызметтерінің бірыңғай нарығын құру жоспарлануда. Бірыңғай нарықтың жұмыс істеуі шеңберінде ЕАЭО-ға қатысушы елдер құрылыс саласындағы басқарушы техникалық персоналдың кәсіби біліктілігін өзара мойындайтын болады.

Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақта жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде оған мүше мемлекеттер экономиканың түрлі салаларында бірқатар стратегиялық маңызды құжаттар бойынша белсенді жұмыс істеуде. Осының арқасында елдің инвестициялық ахуалы жақсарды, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев мүше мемлекеттер субъектілері арасындағы әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы баяндады.

ҚР АШМ вице-министрі атап өткендей, Еуразиялық одақ 5 елдің экономикасын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау, ұлттық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған.

ЕАЭО туралы шартқа сәйкес АӨК саласында келісілген үйлестірілген агроөнеркәсіптік саясат іске асырылуда, оның мақсаты — мүше мемлекеттердің субъектілері арасында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, ресурстық әлеуетті тиімді іске асыру, ортақ аграрлық нарыққа қол жеткізуге тең жағдайлар жасау.

«Әр бағыт бойынша белгілі бір атқарымдар бар. Мысалы, орта мерзімді перспективада АӨК-де болжамдаудың тұтас жүйесі қалыптасты», — деп атап өтті Р. Манатаев.

Талаптарды біріздендіруге және тұқым өнімдері айналымын өндіруге бағытталған 2 салалық келісім қабылданды. Экспортты дамыту саласында келісілген іс-қимылдарды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар 6 техникалық регламент қабылданды. Бұдан басқа, 2 техникалық регламент пысықтау сатысында тұр.

Бұл қадамдар қазірдің өзінде оң нәтиже беріп жатыр. 

«Пандемияға байланысты экономикалық өсу қарқынының баяулауына қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 5,6%-ға ұлғайды, ал ЕАЭО елдері бойынша орташа алғанда бұл көрсеткіш небәрі 2,3%-ды құрады», — деді вице-министр.

Ол атап өткендей, өткен жылы АӨК өнімдерінің экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 1,5 есе – $2,7 млрд-қа дейін өсті. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 5 жыл ішінде орта есеппен 26%-ға өсті.

5 жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО елдеріне көкөністер экспортының көлемін 4 есе, жемістерді 2 есе, сүт өнімдерін 2,9 есе ұлғайтты.

Журналистің еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытудың қаншалықты орындылығы туралы сұрағына жауап бере отырып, Ж. Кушукова Еуроодақ, ең алдымен, тауарлардың, азаматтардың, қаржының еркін қозғалысына мүмкіндік береді деп жауап берді.

«Талдау көрсеткендей, бұл шарттар бізге тиімді, барлығы бизнеске байланысты. Біз экспорттың өскенін байқадық және сәйкесінше біз құрған одақтың шарттарын пайдаланамыз», — деді Ж. Кушукова.

Оның пікірінше, барлық талаптарға: санитарлық, ветеринарлық, техникалық талаптарға сәйкес болған жағдайда біздің бизнестің тауарларын еркін өткізуге және Одаққа мүше барлық мемлекеттердің нарықтарында өз тауашасын иеленуіне мүмкіндіктері бар. Мысалы, Беларусь Республикасы Одақ шеңберіндегі сауданың өте үлкен көлемін көрсетуде. Тауар айналымы шикізат емес, дайын тауарлар есебінен өсуде. Еуразиялық интеграцияның нәтижесінде қалыптасқан артықшылықтар шағын экономикалармен өзара іс-қимылда ерекше байқалады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу