Қорытынды алқа мәжілісі: Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы кезеңге міндеттерді  белгіледі

2022 жылғы 11 айда халық арасында жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 30%-ға (29,7%), оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан – шамамен 34%-ға (33,7%), обырдан – 8%-ға (8,3%), тыныс алу ағзалары ауруларынан болатын өлім-жітім – 1,7 есеге, туберкулезден болатын өлім-жітімнің 12,5%-ға төмендегені байқалады. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін, 10 қаңтарда, ведомствоның алқа мәжілісінде осындай мәліметтерді келтіріп өтті. 

Ажар Ғиният медициналық-демографиялық көрсеткіштерге тоқталды.

«2022 жылы Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды», — деді денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, ана өлімі 3 есеге (2021 жылы – 185 жағдай, 2022 жыл-57 жағдай), нәресте өлім-жітімінің деңгейі 3%-ға төмендеді. Сондай-ақ халықтың өмір сүру ұзақтығы артты.

Мемлекет басшысының тапсырмалары

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыра бастады.

Сайлауалды бағдарламада денсаулық сақтау саласында белгіленген басым міндеттер айқындалды: саланы, әсіресе ауылдық медицинаны, онкологиялық қызметті қаржыландыруды жетілдіру, сондай-ақ босандыру және педиатрия қызметін жаңғырту, денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту және саламатты өмір салтын насихаттауды күшейту.

2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының іс-шараларын іске асыруға бағытталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау шеңберінде былтыр ведомство 17 өңірдің 5 мыңнан астам тұрғынымен кездесулер, жеке қабылдау, брифингтер өткізді. Халық өзекті мәселелерді көтеріп, аталған проблемалар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК)

Медициналық санитариялық алғашқы көмек – бұл халыққа барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған негізгі қызмет.

Сектордағы негізгі проблемалар нашар материалдық-техникалық жабдықтау, ғимараттардың тозуы және медицина кадрларының жетіспеушілігі және емханалардағы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы болып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданып, жүзеге асырылуда», — деді Ажар Ғиният.

Аталған жоспар аясында келесі жұмыстар атқарылды:

  • көмек көрсету ережесінің және амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді;
  • медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету стандарттарының жобасы дайындалды, жалпы практикалық дәрігерлердің жүктемелері азайды;
  • денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді; 
  • ауыл тұрғындарының скринингтік тексеруден өту тәсілдері қайта қарастырылды.

2022 жылы қосымша 9 қалалық емхана мен амбулатория пайдалануға берілді.

«Азаматтардың тілектерін ескере отырып, 9 бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызмет учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз көрсетіледі. Сонымен қатар өткен жылы онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда зерттеп-қарау мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл дәліз» тәсілі енгізілді», — деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді, уәкілетті орган бекітетін тізбедегі аурулар 50-ден 181-ге дейін ұлғайды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,8 млн-нан астам адамды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтуды 54 %-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Былтыр Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін) халыққа озық практикалар көрсету бойынша әлемдегі бірінші медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету алаңы ашылды. Бұл алаңда ТМД (Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Республикасының) елдерінің өкілдері, денсаулық сақтау басқармасы басшыларының орынбасарлары және 9 өңірдің (Түркістан , Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Астана қаласы) медициналық қызметкерлері оқудан өтті..

2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жаңарады. Жалпы практикалық дәрігердің рөлі артады.

Атап айтқанда, республика бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің пациентке бағдарланған озық практикалары енгізіледі.

Бұдан басқа, халық талап ететін медициналық қызметтерді қашықтан көрсету бойынша жұмыс күшейтіледі.

Психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау мәселелері бойынша жастар орталықтарының қызметтерімен шамамен 1 млн жас қамтылатын болады.

Жазасын өтеп жатқан адамдарды медициналық бақылауды қамтамасыз ету үшін қылмыстық-атқару мекемелерінде арнайы учаскелер құрылып, «түрме» медицинасы дамиды.

«Биыл жалпы практика дәрігерлерін ынталандыру мақсатында жан басына шаққандағы жиынтық нормативінің ынталандырушы компоненті қайта қаралады», — деді А. Ғиният. 

Ауылдық денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауыл медицинасы ақсап тұрғанын айтты. Осы орайда ауыл халқына медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайды, фельдшерлік-акушерлік пунктер ашылуда.

Былтыр ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 107 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі пайдалануға берілді.

Жетуге жолы қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен пайдаланылды.

Сонымен қатар өткен жылы «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайта іске қосылды, олар 147 станцияда болып, 77 мыңнан астам ауыл тұрғынына, оның ішінде 20,5 мың балаға медициналық көмек көрсетті.

Сондай-ақ 2022 жылы ауыл тұрғындарына арналған профилактикалық тексерулер енгізілді.

Бүгінгі таңда зерттеліп-қаралған 838 мың ауыл тұрғынынның 29 мыңға жуығы динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды.

Аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету 84%-ға жеткізілді.

Былтыр ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде заңға өзгеріс енгізіліп, медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды.

Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді.

2023 жылы ұлттық жоба шеңберінде:

  • 309 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісін салу (оның ішінде медициналық пункт – 131, фельдшерлік-акушериялық пункт – 99, дәрігерлік амбулатория –79);
  • «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға бару қажеттілігінсіз, оның ішінде телемедицина және басқа да мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 12 ауданаралық аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар ұлттық жобада аудандық мекемелерді 575 заманауи медициналық жабдықпен жарақтандыру көзделген және 307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы практика дәрігері, 253 орта медицина қызметкері даярланады.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2023 жылы мамандандырылған медициналық көмекпен қосымша 2,4 млн астам ауыл тұрғыны қамтамасыз етіледі», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы

Халықтың стационарлық көмек сапасы және жоғары технологиялық ем алу үшін шетелге мәжбүрлі шығу туралы шағымдарын ескере отырып, Қазақстанда стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіледі. 

Мамандандырылған кардиохирургиялық және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін елімізде 2022-2023 жылдарға арналған Қанайналымы жүйесі аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітіліп, іске асырылуда. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша Жол картасын іске асыру шеңберінде жіті коронарлық синдром және миокард инфаркті кезінде медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде медициналық ұйымдарда медициналық техникамен жабдықтау тапшылығын жоюға, жабдықталуына, сондай-ақ тері арқылы коронарлық араласу орталықтарының қызметіне тұрақты негізде мониторинг және талдау жүргізіледі.

Жол картасының өңірлердегі үйлестірушілері анықталды, деңгейлер бойынша өзара іс-қимыл процесі толық картаға түсірілді және пациенттердің ФАП, отбасылық дәрігерлік амбулатория, ОАА, ҚА-дан тері арқылы коронарлық араласу орталықтарына дейінгі қозғалыс маршруттары әзірленді, созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар пациенттерде жүрек жетіспеушілігін анықтау үшін диагностика (NT‑proBNP) жүргізу, созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарды есепке алу қамтамасыз етілді. Өңірлердегі облыстық/қалалық МСАК ұйымдарында созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозы бар пациенттерге арналған 171 кабинет ашылды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде республикада қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 32,2%-ға төмендеді.

Елімізде 75 инсульт орталығы жұмыс істейді, оның төртеуі былтыр ашылды. Сондай-ақ жіті коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсететін 41 тері арқылы коронарлық араласу орталығы бар, 2022 жылы 2 деңгейдегі үш орталық өз жұмысын бастады. 

Айта кетейік, Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыттары халықаралық деңгейде табысты бәсекелесуде. Елімізде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түрі қол жетімді.

2022 жылдың 11 айында 209 орган трансплантациясы (162 бүйрек, 40 бауыр, 4 жүрек, 3 өкпе) жүзеге асырылды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық (171 орган трансплантациясы жасалды).

Сонымен қатар онкологиялық науқастар үшін гамма-пышақ, радионуклидтік терапия, томотерапия сияқты технологиялармен жоғары мамандандырылған емдеудің қолжетімділігі артып келеді.

2023 жылы ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жоспарлануда. 

Сондай-ақ халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді жетілдіру үшін ауруларды (жүрек-тамыр жүйесі, онкологиялық аурулар және т.б.) емдеу мен диагностикалаудың 250-ден астам хаттамасын қайта қарау жөніндегі іс-шаралар қарастырылған (бұл пациенттерді емдеу тактикасын халықаралық, жалпыға бірдей танылған стандарттарға барынша жақындатуға мүмкіндік береді).

Бұдан басқа, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл өңірлерде 8 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген.

Сондай-ақ Астана қаласында Ұлттық шұғыл медицина орталығы, Алматы қаласында инфекциялық аурулардың Ұлттық ғылыми орталығы пайдалануға беріледі. 2023 жылы Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысын бастау жоспарлануда.

Кадрлық қамтамасыз ету

Қазіргі уақытта республикада денсаулық сақтаудың кадр ресурстарына қажеттілік 7,7 мыңнан астам (7 740)  штат бірлігін, оның ішінде дәрігерлер шамамен 3,9 мың (3 948,75), орта медицина қызметкерлері шамамен 3,8 мың (орта медицина қызметкерлері – 3 791,25) маманды құрайды. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде тапшы мамандықтар бойынша 2022 жылы республикалық бюджет есебінен 4700 білім беру гранты, оның ішінде 1500 резидентура гранты бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Парламент Мәжілісінің қарауына медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және мәртебесін арттыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, енгізілді. Құжатты депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Медицина қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға (416 мың теңге), орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20%-ға ұлғайтылды (208 мың теңге), биыл қаржылық қолдау жалғасатын болады.

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға баса назар аударылады. 2022 жылы республикалық бюджет қаражатының есебінен 4200 дәрігер, оның ішінде 138-і шетелде, сондай-ақ 2650 орта медицина қызметкері оқытылды. Денсаулық сақтау басқармаларының деректері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қосымша 15 мыңнан астам дәрігер, оның ішінде 209-ы шетелде, сондай-ақ 29 мыңнан астам орта медицина персоналы оқытылды.

Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауылдағы дәрігерлерге қажеттілік 12%-ға төмендеді, ал республикада жалпы қажеттілік 26%-ды құрады.

«2023 жылы Заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауды, медицина қызметкерлерін заңмен қорғауды қамтамасыз етуге, медициналық мамандықтың беделі мен оған деген құрметті арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға арналған», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ биыл Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде республикалық бюджеттің есебінен резидентура гранттарының санын 70%-ға ұлғайтып, 2,5 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда.

Кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 270 мыңнан астам медицина қызметкері заңмен қорғалады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты шетелдік компаниялардың сарапшыларымен пысықталған оффтейк келісімшарттар жасасу шарттарын оңайлату бойынша өзгерістер әзірленді. Бұл келісімшарттық өндірістің тапсырыс берушілерімен келісімдер жасасуды іске асыруға, халықты қамтамасыз ету үшін Қазақстан нарығында бірегей препараттардың қолжетімділігін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алу қолға алынды. 2022 жылы жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын 177 бірлік медициналық техника сатып алынып, өңірлерге бөлінді. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша үнемдеу 3,1 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар өткен жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу нәтижелері бойынша республикалық бюджет қаражатының үнемделуі 22,2 млрд теңгені құрады.

2023 жылдан бастап сервистік қызмет көрсету мерзімі кеңейтілген медициналық техниканы сатып алу жоспарланып отыр, медициналық техниканы жеткізу МТ-ның бүкіл өмірлік циклында жеткізуші компаниялардың сервистік қызмет көрсетуі шартымен жүзеге асырылатын болады.

Биыл Қазақстан аумағында бірегей шетелдік препараттар шығаруды локализациялау есебінен дәрі-дәрмекті келісімшарттық өндіру тетігі белсенді енгізіле бастайды.

Бұдан басқа, фармацевтикалық нарықтағы отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жөніндегі Сайлауалды бағдарламаны орындау шеңберінде 2025 жылға қарай «Big Рһагма»-мен жұмыс жалғасатын болады.

Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарын жабдықтармен және медициналық техникамен жарақтандыру – 90%-ды құрайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылуда.

Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде консультациялық диагностикалық қызметтерді қайта тұтыну бойынша медициналық ұйымдар тарапынан бақылаудың болмауы, ТМККК және МӘМС пакеттерін жасанды бөлу сияқты бірқатар проблемалар бар.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағда бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған адамдар саны 15,5 млн-ды немесе халықтың 81,3%-ын құрады. Өткен жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тағы 700 мыңнан астам адам тартылды және сақтандырылғандардың саны 16,2 млн немесе халықтың 83,2%-ын құрады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қаржыландыру 25%-ға өсті.

Бұрын қаржыландыру тапшылығы байқалған бағыттарды дамытуға қосымша қаржы бағытталды, профилактикалық тексерулерді қаржыландыру көлемі 2 есеге, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтер мен оңалту – 1,5 есеге, стационарлық көмек 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмек – 2,2 есеге ұлғайды. 

Азаматтарды ынталандыру үшін былтыр өткен кезеңдегі берешекті бір мезгілде есептен шығара отырып, жарналарды 12 ай бұрын төлеу жолымен дербес төлеушілер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кірудің баламалы тетігі енгізілді.

Сондай-ақ Сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі 2027 жылы саланы қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің кемінде 5%-на дейін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

2023 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруды 11%-ға немесе 2 трлн 488 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар медициналық көмектің басым бағыттары бойынша, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуін ескере отырып, тарифтер қайта қаралды. Биыл халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жұмыс жалғасады, нәтижесінде қаржылық түсімдер ұлғаяды.

Сондай-ақ ТМККК және МӘМС қаржылық ағындарын медициналық көмек тізбесін нақты ажырата отырып, бірыңғай пулға біріктіру көзделген. Барлық кезеңдерде, соның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы қаржы ағындарын бақылау қамтамасыз етілді.

Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ бірқатар бағыттар бойынша қаржыландыруды ұлғайту және тарифтерді қайта қарау көзделген.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы

Соңғы 2,5 жылда коронавирус инфекциясы пандемиясында сырқаттанушылықтың 1-3 айға дейін созылған 6 КВИ толқыны болды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа биологиялық қауіптерге дайындықты қамтамасыз ету мақсатында осы жылы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заң әзірленіп, қабылданды. 

Биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру мақсатында құрамына 8 ғылыми орталық пен институт берілген «QazBioPharm» Ұлттық холдингі құрылды.

Ұжымдық қорғауды және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды қолдау үшін халықты ревакцинациялау жұмыстары жалғасуда.

2023 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысына цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.

2023 жылы материалдық-техникалық базаны нығайту және эпидемиологиялық болжау мен ден қою жүйелерін әзірлеу жөніндегі іс-шаралар жалғасады.

Денсаулық сақтауды цифрландыру

Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды цифрландырудың техникалық жай-күйіне аудит жүргізуді, оның қорытындысы бойынша медициналық ақпараттық жүйелерді біріздендіру және интеграциялау шараларын қабылдауды тапсырды.

Денсаулық сақтау саласында Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты 8 ұйымымен сүйемелденетін 47 ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Бұл жағдай медициналық деректер мен бизнес-процестердің бытыраңқылығын тудырады, бұл өз кезегінде ақпараттың сапасы мен уақтылығына әсер етеді.

2022 жылы денсаулық сақтауды цифрландыру аясында eGovMobile мобильді қосымшасында пациенттерге арналған «eGov.Densaulyk», сондай-ақ медициналық ұйымға проактивті тіркелу үшін азаматтарды SMS хабардар ету сервисі іске қосылды. «Delivery unit» жобасы шеңберінде «SmartDataUkimet»-те денсаулық сақтау бойынша 24 көрсеткіш әзірленіп, іске асырылды. Бұдан басқа, «Әлеуметтік әмиян» арқылы QR-код бойынша амбулаториялық дәрілік заттарды беру бойынша пилоттық жобасы қолға алынды.

2022 жылы қабылданған шаралар нәтижесінде азаматтардың дербес медициналық деректеріне қолжетімділік, сондай-ақ азаматтарды SMS-құлақтандыру бойынша хабардар ету қамтамасыз етілді.

2023 жылы eGovMobile мобильді қосымшасында  «eGov.Densaulyk» сервисінде қолжетімді пациенттерге арналған мәліметтерді кеңейту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің көптеген ақпараттық жүйелерге деректерді енгізуінің қайталануын болдырмау және рецептілерді электрондық форматқа (оның ішінде ақылы) толық аударуды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Пациенттерге медициналық көмек көрсету фактісін растаудың цифрлық құралын (мобильді қосымшалар) енгізу, сондай-ақ әртүрлі медициналық ақпараттық жүйелер (цифрлық еркіндік) арасында толыққанды деректер алмасуды жүзеге асыру көзделген. 

Халықаралық ынтымақтастық

Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық қызмет шет елдермен, халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен тығыз жүргізілді.

2022 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтастығы жөніндегі екі жылдық келісімге қол қойылып, өзара іс-қимылдың басым бағыттары жүзеге асырылуда.

Былтыр Қазақстан алғаш рет Еуропалық өңірлік комитеттің тұрақты комитетінің төрағасы болды, сондай-ақ ДДҰ-ның басқарушы органдарының, оның ішінде Атқарушы комитеттің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясының, ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің және т.б. жұмысына үнемі қатысады, онда әлемдік денсаулық сақтаудың өзекті мәселелері талқыланады.

Шет мемлекеттермен және шетелдік компаниялармен 8 халықаралық келісімге қол қойылды, оның ішінде 2 – үкіметаралық деңгейде (Түркия және Катар) және 6 – фармацевтикалық компаниялармен (РОШ, Фрезениус, Атабай, Нобель, Новартис, Ново Нордиск).

Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы шеңберінде 2022 жылғы 22-23 қыркүйекте Түркістан қаласында ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің XXXV отырысы ұйымдастырылды. Оған ТМД-ға мүше 8 мемлекеттен 70-тен астам адам қатысты. ҚР аумағында өндірісті локализациялау бойынша фармацевтикалық компаниялар тартылды (РОШ, Фрезениус, Атабай, Нобель, Орхун Медикал, Дженерал Электрик, Новартис, Ново Нордиск, М3групп).

2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы деңгейінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын ілгерілету ынтымақтастықтың негізгі аспектісі болады.

ДДҰ басшылығымен қол жеткізілген уағдаластықтарға байланысты 2023 жылғы 24-26 қазанда Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясын өткізу туралы шешім қабылданды. Сессия ДДҰ-ның 75 жылдығын, Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және МСАК бойынша Астана декларациясының қабылданғанына 5 жыл толуын мерекелеуге орайластырылады.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Ажар Ғиният Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы негізгі міндеттерін атап өтті.

«Биыл ҚР Президентінің Сайлауалды бағдарламасын, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарған арналған даму жоспарын іске асыра бастаймыз. Атқарылатын шаралар халқымыздың өмір жасын одан әрі ұзартатын болады және медициналық көмекке қолжетімділікті арттырады», — деді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу